©
Мемлекет басшысы Н.Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында: «Әрбір қазақстандық, сол арқылы тұтас ұлт ХХІ ғасырға лайықты қасиеттерге ие болуы керек», – деп атап өткендей елімізде болып жатқан өзгерістер – ұлт игілі үшін жасалып жатқаны баршаға аян.Соның ішінде 2017 жылы Қазақстанның Батыс өңірінде бастау алған «5/50» бағдарламасы – қазіргі таңдағы өзекті шаралардың бірі.
Тиімді бастаманың кең етек жаюы алдымен мұнайшылардың қолдауымен жүзеге асырылып отыр. Әуелі бұл бағдарламаны «OilConstruction Company» (OCC) компаниясы қолға алып, өз қызметкерлерін белгіленген мөлшерде қысқартты. Санға емес, сапаға мән беретін нарықтық қоғамда бәсекеге қабілетті болу үшін аталған компания барын салып келеді.
Бағдарлама бойынша мамандығы талап етілмеген қызметкерлерге өтемақы беріле отырып, ОСС компаниясының басшылығы мердігерлік ұйымдарда одан әрі қайта оқыту және жұмысқа орналастыру мүмкіндігін ұсынды. Атап айтқанда, мамандығы құрылысшы 317 қызметкер қайта оқытылып, бейінді маман – құрыштан жасалған құбыр желілерін, шыны пластикалық құбыр желілерін, құрылыс конструкцияларын монтаждаушы, оқшаулаушы болып ауысты.
Жоғарыдағы шарттарға сәйкес компания берген қомақты қаражатпен жұмысшы өзінің жеке бизнесін ашуға, тұрғын үй алуына, көлік алуына құқылы. Сонымен қатар шаштараз, асхана, демалыс үйін ашып, онда өз кәсібін өрге домалатуға мүмкіндік туады.
Ұлт құндылығын жоғалтпай, керісінше келешекке саф таза күйінде жеткізу үшін еліміздің бірлігі мен әлеуеті жақсы болуы тиіс. Осы бағытта Үкімет тарапынан көптеген жағдайлар қарастырылған. Жастарға грант беріп, шетелде білімін шыңдауға, сондай-ақ жеке кәсіпкерлерге бизнесін дамытуға толықтай жағдай жасалған. Ендеше, ел ертеңін бүгіннен бастап бекем қылуға атсалысқан дұрыс.
Р. САҒЫНДЫҚОВ