©
Маңғыстау өңірінде мұнайшыларға арнайы қарастырылған «5/50» бағдарламасын дүйім жұрт естіп, елең ете қалғаны жасырын емес. Атының өзі жұрт назарын аударған бағдарлама аясында біршама игі істер атқарылды.
Ел экономикасының негізгі бөлігін құрайтын мұнай бағасы әлемдік нарықта құбылып тұрған уақытта өндіруші компаниялардың табысынан шығыны асып кеткені айдан анық.
Мәселен, кей деректерге сүйенсек, құрылғанына 50 жылдан асқан «Мұнайтелеком» компаниясының 2017 жылғы кірісі 2,5 миллиард теңге, ал шығын көлемі 3,9 миллиард теңгеге жеткен. Соңғы 5 жыл да 6,3 миллиард шығын шыққан. Бұл көрсеткіш жыл сайын өсе түсуде. Қаржының 80%-ы еңбекақы төлеуге жұмсалған.
Сондықтан өзге елдердегідей мұндай жағдайда мұнайшыларды күрт қысқартып, жұмыстан шығаруды емес, оларды әлеуметтік тұрғыдан қамтамасыз ету қарастырылып, «5/50» бағдарламасы дер уақытында іске қосылды. 2015 жылғы статистикаға сүйенсек, әлем бойынша 100 мыңнан астам мұнайшы жұмыстан қысқарып, оларды материалдық және әлеуметтік тұрғыдан қамтамасыз ету мәселесі келесі кезекте қарастырылды.
Сөзімізге дәлел келтірсек, «Мұнайтелеком» серіктестігі «5/50» бағдарламасы аясында өткен 2017 жылы 84 адамға 750 миллион теңге қаржы бөлген. Алдағы уақытта 1 миллиард 600 мың теңге қаражат қарастырылып отыр екен. Мұның барлығы мұнайшы мүддесін қорғап, олардың әлеуметтік мәселесін шешуге сеп болып отыр.
Осыдан болса керек, 2018 жылы осы бағыттағы түрлі жұмыстары жалғасып, оның орындалу барысын арнайы комиссия қадағалайды.
Жайық НАҒЫМАШ
Көрнекі сурет сайттың архивінен