1961 жыл. Маңғыстау өңіріне Алланың нұрымен құт-береке құйылған құтты жыл болды. 5 шілде күні құтты мекен Жетібай жерінен №6 бұрғылау скважинасынан көптен күткен «қара алтын» бұрқағы айтарлықтай қуатпен аспанға атылды. Бұл күнді Мәскеу, тіпті шетел ақпарат құралдары жарыса хабарлады.
Айтулы күнді өңір орталығы болған Форт-Шевченко ауданының халқы ерекше қуанышпен мақтаныш тұтты. Елде сұрапыл еңбек қимылы басталды. Жетібай поселкесінің шеткері жерінен кеңістік алаңы таңдалып «Бұрғышылар күні» деп аталған мерекелік орын белгіленді. Сөйтіп, бұрғышылар күніне әзірлік ерте қолға алынды.
Форт-Шевченко ауданының бірінші хатшысы Ибаш Жанболатова ауданға қарасты мекеме өндіріс және балықшы колхоз басшыларымен арнайы кеңес өткізіп, ауданымыздың негізгі экономикасы бүгінге дейін балық шаруашылығы болып келсе енді ірі өндірісті мұнайлы өлкеге айналатын болдық деп жүрекжарды қуанышын да жасырмады. Ұйқыдағы ару шынымен оянды. Бұрғышылар күні белгіленді. Енді ол күнді ұрпақтар есінде мәңгі қаларлықтай етіп өткізу қажеттігін ескертті. Әрі өндіріс, колхоз ұжымдары мұнайшыларымызды ерен еңбектерімен құттықтап, лайықты сый-жоралғы жасатуға қызу әзірлену керек. Аудандағы сауда орындары (Рыбкоп, ОРС) басшыларына көзі аз тапшы тауар түрлерін (кілем, телевизор т.б.) тездетіп жеткізуді тапсырды.
[caption id="attachment_59255" align="alignright" width="330"] Бұрғышы шебер Ғазиз Әбдіразақов экспедиция парторгі И.Қалымбетовке жұмыс жайын айтып тұр.[/caption]Жиналыс шешімін ауыл-аймаққа жеткізумен жергілікті жерлерде қол жеткен табыстардың қаншалықты дәрежеде екенін халыққа жеткізе түсіндіру қажеттігін ұйымдастыру үшін жауапты адамдар бөлінді. Маған УГРЭ жүктелінді. УГРЭ - Өзен геологиялық барлау экспедициясы орналасқан жер, Ескі Өзен деп аталатын поселке. Форттан Ескі Өзенге жету ол кезде қияметтің қияметі. Жолсыз 300-350 км. жол жүру, экспедиция орналасқан жерді адаспай тауып келуің үлкен алаңдаушылық туғызатын.
Бұл жер бүгінде мұнайшылардың қара шаңырағы тарихи атаумен Қызылсай елді мекені деп аталады. Шаңыраққа басымызды иіп, оң қолымызды жүрек тұсына ұстап, көтеріңкі көңілмен барамыз, сондай ыстық.
Бір өкініштісі сол кездегі жаны жайсаң адамдардың көпшілігі бүгінде мәңгілік мекендерінде жатыр. Экспедиция басшысы Дүйсен Үсенов, бас геологы Жарылғасын Дәуітов, геолог Қанзиба Есмурзина, Ж.Сағынов, бас есепші Орынбор Таңбаев, Т.Алдияров, Т.Нұржаубаев, Р.Сариев, Ақбота Боранбаев, парторг І.Қалымбетов, еңбек бөлімі Мұхтар Иманбаев, Әнес Бүркітбаев, Даулан Сәрсекенов, Оразалы Қыдырбаев, бұрғышы шеберлер Төреғали Қадыров, Тыныштық Опиев, Демесін Арғынбаев, З.Құлыбеков, Ж.Дәуітов. Халқымызда дана сөз бар: «Адам көз жұмған күні өлмейді, ұмыт болған күні өледі» деген. Олай болса бұл адамдар мәңгі есімізде ғой. Топырақтары торқа болсын.
Сол кездегі экспедиция адамдарының өзара түсіністігі, бола- шаққа деген сенімі, көңіл-күйі, адамгершілік қарым-қатынастары кісі қызығушылығын туғызатын. Кездесіп жатқан қиыншылық, әлеуметтік жағдай жетпестігі уақытша екендігін түсінетін. Мұндай адамдармен жұмыс көңілді қолға алынып, нәтижелі болатын. Жетібай мұнайшыларының қуаныш тойы болатын күнін есту оны құшақ жая қолдаумен қолпаштады.
Экспедиция басшысы марқұм Дүйсен Үсенов, бас инженер А.Александровтың басшылығымен ұжым кеңесі өтті. «Көпшілікпен кеңесіп пішілген тон келте болмайды» деп бастаған Дүйсекең. Кеңеске басшы кеңесші де, биші, күйші де, спортшы, есепші де келіп отыр. Қолымыздан не келеді, не істейміз - мақсат белгілі, міндет айқын. Жігіттер жұмысқа белсенділікпен кірісті. Тойға тігілетін екі ағаш үй қажетті жабдығымен арнайы көлікке тиелді. Тойды тамашалауға көрермендер де ұмыт қалмады. Бай қызының жасауындай көлік көркімен тартымды болып барады.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ: Басты мәселе шешілер күн болғай!Мереке өтетін таңы тамаша атты. Табиғат сыйы болар сылбыр жауын лебімен түрленген жусан исі мұрын жарып, көңіліңді көтере түседі. Ашық алаңда көрікті сахна, жиын көркін көріп, тамашалауға келгендер үшін арнайы отырғыш орын, айнала еңбекке, өмір салтына шақырған ұрандар мен көз тартарлық көріністер.
Бұрғышылар күніне арналған салтанатты жиналыстың құрметті президумы сайланды. Президумға Қазақстан мемлекеті Орталық мұражайының директоры Сара Сәтбайқызы Есова, Шевченко аудандық партия комитетінің біріншісі хатшысы Ибаш Жанболатова ашып, қуанышты күн хабарын ерекше толғаныспен тыңдаушылар көңіліне жеткізе білді. Шынымен «ұйқыдағы ару» оянды деді.
МНГР трест басшысы Х.Өзбек- қалиев және ЖНРЭ басшысы А.Хисметов баяндамаларын жарты аралдың әр түкпірінен келген адамдар үлкен ықыласпен тыңдады. Барлаушы мұнайшыларды бірінші болып құттықтаған Баутин балық комбинатының мастері Б.Белунин болды. Трибунаға Форт-Шевченко аудандық комсомолдар комитетінің бірінші хатшысы Ұлан Елубаев мұнайшыларды табыстарымен құттықтап, жаңа табыстарға жете берулеріне тілектестік білдірді ЖНРЭ бас геологы В.Тевяшев «Мұнай қоры мол болады, Өзен озаттарын жарысқа шақырамыз», - деді.
Каспий балықшыларының еңбектегі табыстары жөнінде сейнер капитаны С.Қалимағанбетов айтып, Калинин атындағы колхоз балықшылары атынан Жетібай барлаушыларына сүбелі сыйлықтар тапсырды. Бұрғышылар күні аудан еңбекшілері бір-бірін құттықтап, болашағымыздың баянды, бақытты болуын тіледі. Өзеннен моторист Т.Құттықожиева, бұрғышы шебер Ғазиз Әбдіразақов бағалы сыйлықтар алды. Көпшілік аудан өнерпаздарының концертін тамашалады. Домбыра оркестрі жергілікті композитор Б.Тоқсановтың «Тулаған толқынында» күйін жылы қабылдады. Ат бәйгесінде Ералы колхозының «Торалааяғы» бірінші келіп, бас бәйгені иеленді.
ЖНРЭ мен УГРЭ футбол командаларының ойыны өте қызықты өтті. Өзен футболшылары Абай Ержанов, Бекіш Таумов, Иса Нұрымов, Дегбір Бөлтеков әдіс, айла, шеберліктерімен есте қалды. Тойға келушілер Жетібайда салынып, пайдалануға берілген жаңа асханадан дәм татып, барлаушы мұнайшылар балалары үшін арнайы орта мектебін және жаңа клуб үйін тамашалады.
«Елу жылда ел жаңа» деген бүгінгі Өзен, Жетібай «қара алтын» байлығымен кісі танымастай өзгерген өңір.
Болашағы бүгінгіден де шуақты.
Жәңгірхан ЫСМАҒҰЛҰЛЫ, ардагер ұстаз, Жаңаөзен қаласының құрметті азаматы. Суреттер автор мұрағатынан алынды.