©
Маңғыстау облысында көгілдір отын құны тағы да қымбаттауы мүмкін. Бұл жөнінде «Қазтрансгазаймақ» компаниясының өкілдері мәлім етті.
Айта кетсек, мамыр айында Энергетика министрлігі газдың көтерме бағасын 15%-ға өсіру туралы бұйрықты қабылдаған. Ал республикаға көгілдір отын таратушы «Қазтрансгазаймақ» компаниясы тарифті 9%-ға өсіруді сұрап отыр. Бұған тұтынушылардың көбеюі себеп болып отыр.
«Жаңа аудандар пайда болды, сәйкесінше газды тұтынушылар да көбейді. Сонымен қатар мамандар тарту қажеттілігі туындады. Материалдық шығындар көбейді. Кейбір тауарлардың бағасы қымбаттады. Сондай-ақ құрал-жабдықтарды жаңарту қажеттілігі бар», – дейді «Қазтрансгазаймақ» МОФ директоры Алпамыс Қисметов.
Газ нарығында негізгі үлесті алып отырған компанияның бүгінде 1,7 млн. абоненті бар. Оның 150 мыңы – Маңғыстауда. Қазіргі таңда өңірде 3 875 шақырымдық газ желісі жүргізілсе, биыл тағы 100 шақырым тартылады. «Қазтрансгазаймақтың» ең ірі тұтынушысы «МАЭК-Қазатомөнеркәсіп» серіктестігі бұл ұсынысқа келіспеушілік білдірді. «Онсыз да газдың борышы 3 млрд. теңгеден асады. Бұл шешім коммуналдық қызмет құнының көтерілуіне алып келеді», – дейді компания өкілдері.
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: Жаңа бағыт: әлеуметтік кәсіпкерлікЕске салсақ, коммуналдық қызмет құны өткен жылдан бері 7%-ға өскен. Ал қала тұрғындары бағаны көтеру негізсіз екенін алға тартады. Себебі газ қымбаттаса, коммуналдық қызмет құны да шарықтап кетеді.
«Қоғамдық талқылау заңдылықтары бұзылды. Мен экономист ретінде айтарым, компанияның тарифті өсіруіне негіз жоқ. Қарыздарды өндіріп алса, тарифті өсірмей-ақ құбырларды кеңейтуіне болады. Ал тұтынушылар көбейді деген себепті түсінбедім. Нарық заманында компаниялар тұтынушыға таласу керек емес пе?» - дейді Ақтау қаласының тұрғыны Никар Рафикова.
Енді соңғы шешімді Табиғи монополияларды реттеу комитеті қабылдауы керек.
Ноян ЖОЯМЕРГЕН