©
Қазақстандағы еңбекке жарамды халықтың бір бөлігін өзін-өзі жұмыспен қамтушылар құрайды. Статистикалық мәліметтерге сәйкес Қазақстанда жалдамалы жұмысшылардың саны экономикалық тұрғыдан белсенді халықтың шамамен 71%-ын, өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың 24%-ын және жұмыссыздардың 5%-ын құрайды.
Ресми жұмыспен қамтамасыз ететін, HR бөлімшелері бар, салық органдары мен БЖЗҚ-ға кадрлық есептерді және автоматты түрде есеп айырысуды жүзеге асыратын есеп бөлімшесі бар кәсіпорындарда еңбек ететін қызметкерлердің өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтармен салыстырғанда әлеуметтік тұрғыдан қорғалу деңгейінің жоғары екендігі белгілі. Ал өзін-өзі жұмыспен қамтыған адамдарды зейнетақымен қамсыздандыру туралы сөз қозғағанда олардың қандай санатқа жататындығын анықтап алу керек.
Отандық заңнамада олар былайша сипатталған: «өзін-өзі жұмыспен қамту - бұл сыйақы мөлшері тікелей тауарлар мен қызметтерді өндіруден (сатумен) түскен табыстарға тікелей байланысты болатын жұмыс (мұнда жеке тұтыну кіріс бөлігі ретінде қарастырылады); «өзін-өзі жұмыспен қамтушы - бұл табыс табу үшін тауарлар мен қызметтерді өндірумен (сатумен) дербес айналысатын жеке тұлға», өндірістік кооператив мүшелерінің, сондай-ақ отбасылық кәсіпорындардың (шаруашылықтардың) және жалдамалы жұмыскерлердің еңбегін пайдаланатын жұмыс берушілердің ақы төленбейтін жұмыскерлерінің бірі. Оларды екі үлкен топқа жіктеуге болады: 1) жалдамалы еңбекті пайдаланбайтын жеке кәсіпкерлер және жалдамалы еңбекті пайдаланатын жеке кәсіпкерлер; 2) шағын және орта бизнес субъектілерінің иелері, сондай-ақ микрофирмалардың кәсіби тұрғыда қызмет көрсететін серіктестері.
Егер сіз өзін-өзі жұмыспен қамтушылардың бірі болсаңыз және жеке кәсіпкер ретінде тіркелгіңіз келсе, қандай салықтарды және оларды қалай төлеу керектігі туралы білуіңіз қажет.
2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап қолданысқа енген жаңа Салық кодексінде шағын және орта бизнес субъектілері үшін арнайы салық режимдері сақталған.
Патент негізінде арнайы салық режимін пайдаланатын жеке кәсіпкерлер жалдамалы жұмыскерлердің еңбегін пайдалана алмайды, бірақ олар үшін әлеуметтік салық алынып тасталды. Бұл режимді қолданатын барлық салық төлеушілер үшін (сауда саласында жұмыс істейтіндерден басқа) салық мөлшері бір пайызға дейін азайды. Егер сіз сауда саласында жұмыс істесеңіз, сіз үшін салық мөлшерлемесі екі пайыз көлемінде болады. Бірақ қолма-қол ақшасыз есеп айырысу арқылы алынған кірістерге салық тіркелімі бойынша бір пайыз мөлшерінде салық салынады.
Жеке кәсіпкерлер Қазақстан Республикасының басқа да азаматтары секілді міндетті зейнетақы жарналарын (МЗЖ) ай сайын аударуға тиісті. «Зейнетақымен қамсыздандыру туралы» Қазақстан Республикасының заңына сәйкес жеке кәсіпкерлер бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына (БЖЗҚ) зейнетақы жарналарын дербес аударады.
Мөлшерлеме табыстың 10%-ын құрайды, бірақ ең төменгі жалақының 10%-ынан кем емес және республикалық бюджет туралы заңмен тиісті қаржы жылына белгіленген ең төменгі жалақының 75 еселенген мөлшерінің 10%-нан аспайды.
Бұл ретте міндетті зейнетақы жарналарының мөлшері жыл сайынғы ең төмен жалақының 10 пайызынан кем болмайды және 75 еселенген мөлшерінің 10 пайызынан аспайды. Биыл ең төмен жалақы мөлшері – 28 284 теңге. Оның 10 пайызы - 2 828 теңге 40 тиын. Ал ең төмен жалақының 75 еселенген мөлшері – 2 121 300 теңге. Оның 10 пайызы – 212 130 теңге.
Өзін-өзі жұмыспен қамтушылар міндетті зейнетақы жарналары есептелетін кірістерді дербес анықтайды. Кіріс болмаған кезде кәсіпкер ең төменгі жалақының 10 пайызын (2018 жылға 2 828 теңге 40 тиын) аударуға тиіс. Егер жеке кәсіпкер жалдамалы қызметкерлерді өз қызметінде пайдаланса, онда әрбір қызметкер үшін оның айлық жалақысының 10% мөлшерінде жарна аударады, бірақ ол ең төменгі жалақының 75 еселенген мөлшерінің 10%-нан аспайды.
Міндетті зейнетақы жарналары «Азаматтарға арналған Үкімет» мемлекеттік корпорациясы (Халыққа қызмет көрсету орталығы) арқылы аударылады:
Қазіргі уақытта зейнетақы жүйесі толығымен еңбек өтіліне байланыстырылған. Зейнетақы жарналарын Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына қомақты мөлшерде тұрақты аударып отыратын адамның зейнет жасында алатын зейнетақысының мөлшері де қомақты бола түседі. Сондықтан қазақстандықтар үшін еңбек қатынасын заңдастыру өте маңызды.
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: Журналист кітабының тұсауы кесілдіПрезиденттің Қазақстан халқына Жолдауында айтылған тапсырмасын ескере отырып, еңбек қызметін заңдастыру және өзін-өзі жұмыспен қамтыған халықты өнімді жұмысқа тарту арқылы әділ әлеуметтік қамсыздандыру жүйесін құру қажеттілігіне жүгініп, БЖЗҚ зейнетақы жарналары аударылмайтын жеке зейнетақы шоттарын өңдеу бойынша науқанды бастады. Салымшылардың дерек қорынан 2015 жылдан 2017 жылға дейінгі кезеңде ашылған және бірде-бір жарна аударылмаған шоттар (нөлдік шоттар), сондай-ақ зейнетақы жинақтары бар, бірақ 2017 жылдан бері жарналар аударылмаған шоттар анықталды. «БЖЗҚ» АҚ Маңғыстау облыстық филиалының қызметкерлері шот иелеріне зейнетақы жарналарының аударылмай жатқандығы, сондай-ақ болашақ зейнетақыны жоспарлау, жұмыспен қамту мәселелері бойынша зейнетақымен қамсыздандыру жайында ақпараттар және ақыл-кеңестер беру мақсатында жүйелі түрде телефон арқылы хабарласып жатыр.
Бұдан басқа филиал ұжымы «Мобильдік агент» техникасын пайдалана отырып, «Мағаш» және «Олжа» сауда орталықтарының аумағында «БЖЗҚ күні» іс-шараларын өткізді. Сонымен бірге сауда орталықтарының әкімшілігі бұған қажетті көмек көрсетеді және сауда қызметін жүзеге асыратын тұлғалардың қызметтерін заңдастыруға қызығушылық танытып отыр. Осындай іс-шаралардың негізгі мақсаты - өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға зейнетақымен қамсыздандыру жауапкершілігі өздеріне жүктелетіндігін түсіндіру. Сонымен қатар филиал қызметкерлері өзін-өзі жұмыспен қамтушыларды Қазақстанның жинақтаушы зейнетақы жүйесіне тарту мақсатында «Мобильдік агент» арқылы оларға зейнетақы қызметтерін көрсетеді, сондай-ақ «БЖЗҚ» ұялы қосымшасын жүктеу, қосу және қолдану бойынша көмек көрсетіп, қолданыстағы зейнетақы заңнамасының мәселелері бойынша кеңес береді. Осындай іс-шараларды жүзеге асыру - өзін-өзі жұмыспен қамтушыларды елдің толыққанды экономикалық өміріне тартуға септігін тигізеді.
Толқын КӘРІБАЕВА, «БЖЗҚ» АҚ Бейнеу ауылының операциялық бөлімінің бастығы