©
Бір демалыста ауылдық қыз Маралдың қалаға жолы түсіп, таксиге отырды. Қыз-қыз қайнап, жастықтың лебі маздап тұрған кезі. Шаһарға жете телефоны шырылдасын. Жігіті екен. Қырт-шырт әңгімеге кіріп кетті. Таксистің «келдік» дегенін естігенде ғана есін жиды. Қоңыраушысына «Күте тұр» деді де, жол ақысын жүргізушіге беріп, дереу көліктен түсіп қалды. Темір тұлпар зуылдап бағытына қарай ұша жөнелді.
Марал болса жын ұрғандай жан-жағына қарайды, бірдеңе жетіспей тұрған сияқты. Туф, иығындағы сөмкесін таксиде ұмыт қалдырыпты. Әттеген-ай, отырған көліктің нөмірін жаттап қалмапты. Жүргізушінің түр-сипатына да бажайлап мән бермепті. Әйтеуір 50-55-тер шамасындағы егде кісі екені анық. Енді оны қалай, қайдан іздеп таппақ? Барлық маңызды құжаттары, әмияны мен ақшасы сол сөмкеде кетті ғой. Иіссу, күнделікті боянатын, ұсақтүйек дүниелерге уайым жемейді делік. Ол сөмкенің ішінде тағы не бар еді? Бәрінен бұрын су жаңа фотоаппараты мен диктофонын қимай барады. Іші удай ашыды. Бір жақсысы сөмкедегі қойын дәптерінде жеке куәлігімен бірге жұмыс, үй, ұялы телефондары түгелдей жазулы. Бәлкім, жүргізуші кісі солар арқылы иесін іздеп тауып, заттарын қайтарар дегендей, Маралдың жүрегінде бір үміт, бір үрей оты маздайды. Іштей үлкен кісілердің қуақы жастарға қарағанда ақыл тоқтатқандығы, кісі ақысына немқұрайлы қарамайтындығы сенім беріп қояды. Салы суға кеткен қыз осылайша небір ойлардың арбауымен қалада тұратын әпкесінің үйіне жаяу жетіп қалғанын аңдамады. Болған жайттың бәрін әпкесіне айтқанымен, оның қолынан келер қандай шара? Екеуі табылып қалар деген үкілеген үмітті жетектеп, жергілікті телеарнаға хабарландыру беріп қайтты. Бірақ арада біраз уақыт өтсе де Маралдың күткені «есек дәме» болып шықты. Сөйтіп ол жоғалтқан құжаттарының барлығын қайта жасақтаумен әуре-сарсаңға түсті. Бұдан былай жолай мінген көліктерде сөмкесін құшақтап отыратын болды. Телефонмен ұзақ сөйлесуін тыйды.
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: Қазақстан ресейлік бензинді импорттауды тоқтатадыБірақ 6-7 жылдан кейін мұндай жағдай Маралдың басынан тағы да өтті. Бұл жолы сөмкесін емес, ұялы телефонын ұмытыпты. «Көлікке мінгенде аузың ашылып, не ойлап отырасың? Телефоныңмен қоса басыңды неге ұмытпайсың? Ақымақсың! Енді ондай телефонды түсіңде ғана көресің. Күйеуіңнің сыйлығына неге дұрыстап, бас-көз болмайсың?», - деп, күйінген келіншек өз-өзін «сабап» тастады. Десек те құрғақ сөзбен жұмыс біте ме? Уақыт оздырса, іс насырға шабуы мүмкін. Аялдамадағы дүкен сатушысының телефонын бере тұруын өтініп, өз нөміріне қайта-қайта қоңырау соқты. Қырсыққанда телефоны дыбыссыз күйде тұрған. Қоңырауын ешкім естімей жатқандай. Бірақ дыбыссыз болса да, ол байғұстың дызылдауы күшті болатын. Қоңырау шалуын үздіксіз жалғастырса да, Маралдың талпынысына ешкім жауап қатпады. Тағы да баяғыдай болар ма екен, жоғалған дүние ғайыптан қайтпай қалар ма?» екен деген қорқыныш, оның үстіне «Айфон-5» телефонын жоғалтса, пәленбай ақшаға ондай телефонды ешкім сатып әпермейтінін пайымдаған Маралдың көңіл-күйі тіпті бәсеңдеп кетті. Желе жортып, ішкі істер бөліміне барды. Ондағылар «Іште адам жоқ, жан-жаққа кетті» деп күттіріп қойды. Кенет байланыста отырған біреуі ғана Маралдан қандай жұмыспен келгендігін сұрап, мән-жайға қаныққан соң, өз нөмірінен жойылған нөмірге хабарлама қалдырды. Одан кейінгі қоңырауын қандай да бір ер адам көтерді. Таксист жігіт екен. Ұмытылған телефонның артқы орындықтың астына түсіп, дыбыссыз жатқандықтан естілмей қалғанын, иесінің айтылған мекен-жайдан алып кетуіне болатынын айтып, түсіндіріп жатыр. Шүкір. Қымбат дүниеге құнығып, телефонды өшіре салып, бөлшектеп-бөлшектеп сатып жіберсе де өз қолында емес пе? Сол мезетте-ақ Марал көрсетілген жерге жетіп барды. Жүргізуші жігіт телефонды қолына ұстатқанда шын қуанып кетті. Марал оған манадан бергі уайымын жеткізді. Ал көлік тізгіндеушінің назарынан біреудің затына өші жоқ, үнемі жолда адам таситындықтан жамандықтан, арамдықтан сақ жүретін, жан біткенге қылдай қиянаты жоқ бейкүнәлілігін аңғаруға болатын еді.
«Қара бақыр құны жоқ» дейтін теңеу өз пайдасын ғана ойлайтындарға байланысты айтылса керек.
Әсел ТАҢАТАРОВА