Ақтау қаласының 55 жылдығы қарсаңында Ақтаудағы жалғыз алты жолақты орталық жол жаңартылып жатыр. Соңғы кезде түрлі әлеуметтік желілерде «онсыз да жақсы жолды жаңартудың қажеті неде?» деген пікірлер айтылып жүр. Осыған қатысты журналистердің алдында брифинг өткізген Ақтау қаласының әкімі Ғалымжан Ниязов орталық жолды жаңартудың себебін түсіндірді.
"Бұл жақсы асфальт деуге келмес, оның төселгеніне 11 жылдай уақыт болды. 2007 жылдан бері күрделі жөндеу жүргізілген жоқ. Жыл сайын қала бойынша "Оазис" тұрғынүй кешенінен Ақтау қаласы әкімдігіне дейінгі 16 шақырым жолға жол белгілерін сызу және сызаттарды жою үшін 135 млн теңгедей жұмсалады. Келесі жылы біз бұл асфальтқа 200-300 млн теңге жұмсар едік. Қазір асфальттің 5 мм беткі қабаты алынып, қайта төселеді", - деді Ақтау қаласының әкімі Ғалымжан Ниязов.
https://www.youtube.com/watch?v=mW2ZUo-lPvAҰзындығы 5,1 шақырым орталық жолды жаңғыртуға республикалық бюджеттен 800 млн теңге бөлінген.
"Қалаға келетін қонақтар бар, қала ұйымдастырылатын түрлі мерекелік шаралар осы орталық жолда өтеді", - деген Ғ.Ниязов орталық жолды жаңарту Ақтау қаласының 55 жылдығына орайластырылғанын айтты.
Айта кетерлігі, жол жөндеу жұмыстары тек Ақтау қаласының мерейтойына ғана емес, Каспий жағалауы мемлекеттерінің басшылары қатысатын саммиттің өтуіне де сәйкес келіп отыр. Халық арасында жол Ақтауға бес мемлекеттің президенттері келуіне байланысты жөнделуде деген әңгіме айтылуда.
"Тамыз айында Каспий жағалауы мемлекеттері басшыларының саммиті өтетіні расталды. Жол төсенішін тексеру кезінде онда түрлі сызаттар мен ақаулардың барлығы анықталды. Штаб жолды жаңғырту туралы шешім қабылдап, жұмыстарды бастау керек болғандықтан, "Сатып алулар туралы" Заңның 32 бабын басшылыққа алып, жұмыстар конкурссыз жүргізілуде. "Қала жолдарының" күші қаладағы барлық жұмыстарды жүргізуге жеткіліксіз. Сондықтан қосалқы мердігерлер тартылуда", - деді Ақтау қаласы әкімінің орынбасары Нұрлыбай Аққұлов
https://www.youtube.com/watch?v=0LLDTdrJm-YБрифингте шаһар әкімі қаланың 55 жылдығына орай қалаға тарту ретінде 40 мекеменің жол бойындағы 97 үйді бояп беретінін, сондай-ақ өзге де кәсіпкерлердің 60-қа жуық балалар алаңын жаңартып беруге ниет білдіргенін айтты. Сонымен қатар Ақтауда ақын Абайға, жергілікті театрға есімі берілген атақты актер Н. Жантөринге ескерткіштер салынбақ. Естеріңізге сала кетейік, бұл бұған дейін Маңғыстау облысы әкімі Е.Тоғжанов қатысуымен өткен Ақтау қаласын жаңғырту тұжырымдамасының таныстырылымында айтылған еді.
Сонымен қатар Ақтауда теңіз жағасын абаттандыру жұмыстары қарқынды жүруде. Теңіз жағасын көріктендіру бойынша былтыр конкурс өтіп, мердігер анықталып, іске кірісіп кетті. Ғалымжан Ниязов құрылыс жұмыстары бір жыл деп белгіленгенімен, мердігердің жағажайдағы жұмыстарды тамызға дейін аяқтауды жоспарлап отырғанын жеткізді.
Камшат ОҢҒАЛТАЙ
Видеоны түсірген автор