Биыл Ұлы Отан соғысының жеңісіне 73 жыл толып отыр. Осы жылдар ішінде біздер отан үшін опат болғандарды жоқтадық, осы оттан аман оралғандардың қаһармандық ерліктерін жырлап келеміз. Олар ұрпақ үшін жау жеткенде өлімге бас тіксе, жау кеткен соң бейнетке бас тікті. Ел басына күн туғанда ауылдан көп болып аттанып, аз болып оралған. Сол аздың өзі туған топырақтың гүлденуіне қызмет етті. Тылдың қиындығын қайыспай көтерген аналарымыз жылай жүріп талай жетімді жеткізіп, азамат қатарына қосты. Олар көрген қиындық пен төзген бейнеттің аз болмағаны белгілі. Көп құрбандықпен келген жеңіс мерекесі ерекше қасиетті болатындығы сондықтан. Әрбір ардагердің кеудесінде таусылмайтын дастан бар. Біз соларды тыңдап, зерттеп үлгердік пе?
Менің әкем, марқұм Ығылманов Намазбай Ығылманұлы – Ұлы Отан соғысының ардагері. Маңғыстау облысы, Форт-Шевченко қаласында 1925 жылы дүниеге келген. 1942 жылдың қарашасында соғысқа шақырылған. Әкемнің сұрапыл соғыс туралы айтқан естелік әңгімесі бар еді. Соны Жеңіс күні мерекесі қарсаңында еске алып, жариялауды жөн көрдім.
«Ең басты айтар тілегім соғыс қасіретінен қалған жерде құдайым халқымды аман қылсын. Жастарымыз ағаларының, аталарының ерлігі мен көптеген құрбандықтармен келген жеңіс пен бейбіт күннің қадірін білсе екен деймін.
Мен 1942 жылы 17 жасымда соғысқа шақырылдым. Біздің колхоздан менен басқа 4 жігіт бар болатын. Олар: Орынбасар Таңсықов, Келімберді Беков, Бұқабай Оңаев, Сәбит (тегі есімде жоқ) деген жігіттер еді. Бізді сол жылдың қарашасында пойызбен Томск қаласына алып келді. Сол жерде әскери даярлықта болдық. Мылтық ату, мина табу, жару сияқты әскери сабақтар өткізілді. Содан 1943 жылдың шілде айында бір түнде тұрғызып, жаңа гимнастёрка кигізіп алып кетті. Қайда баратынымыз белгісіз. Әйтеуір енді соғыс шебіне баратынымыз анық.
Сонымен алғаш келгеніміз Украина жері болды. Мен І Украина майданындағы 66-зенитті артиллерия полкіне орналастым. Украина жерін неміс фашистерінен азат ету майданы қызу жүріп жатты. Әсіресе немістердің қорғаныс шептерін бұзарда кескілескен шайқастар болды. Қаншама өзіміз құралпы жас жігіттер көз алдымызда қыршынынан қиылды. Оны сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Ондайды көргенде көкірегімізді өксік кернейтін, бірақ көзімізден жас шықпайды. Қайта одан сайын дұшпанға деген өшпенділігіміз артып, сол отандастарымыздың кегін алуға қайраттана түсеміз. Өліммен совет жауынгерін қорқыту мүмкін емес еді. Осы Украина жерін де Ковель қаласында елден бірге аттанған досым Келімберді Беков ауыр жарақаттанып, госпитальға жіберілді. Қанша дегенмен жерлестің аты жерлес қой, оның жараланғаны жаныма қатты батты. Ол госпитальдан елге қайтарылды. Соғыста халықтар достығы мықты болды ғой, жеңіске жетуіміздің өзі осы достықта деп түсінемін. Кейін менің жанымда қазақ ұлтынан адам болмады. Бірақ, орыс, грузин, әзірбайжан, украин жігіттері менің айнымас достарыма айналды.
Украина азат етілген соң Белоруссия майданына қатыстық. Шабуыл төрт майданның күшімен жүзеге асырылды. Біз І Белорусс майданында болдық. Мұнда біз Белоруссия астанасы Минскіні азат еттік және «Люблин-Брест операциясына» қатыстық. Осы Люблин қаласы түбіндегі ерен ерлігі үшін полкқа «66-шы зенитті артиллерия Люблин полкі» деген атақ берілді. Мен осы «Люблин полкінде» 1950 жылға дейін болдым.
Белоруссиядан кейін Польша жерін азат етуге қатысып, сол жерде неміс қорғанысын бұзып өттік. Сол кезде поляк халқының бізге алғысы шексіз болатын. Өздері соғыс азабын кешіп арып-ашып отырса да, жауынгерлерге бар тапқан-таянғанын әкеліп беретін. Сөйтіп Варшаваны азат еттік.
Одан соң Германия жеріне басып кіру майданына қатыстым. Фашистік Германияны жеңіп, жеңіс күнін тойлағанымызбен, әлі де әр жерден бас көтерген халық жаулары толып жатты. Сондықтан біздің «66-шы зенитті артиллерия Люблин полкі» Германия шекарасында қалдырылды. 1947 жылы Ноиштрилец қаласында санитар-инструктор мамандығы бойынша оқып, полкте санитар-инструктор болдым.
Біраз жыл елді көрмедік. Елге барып келуге рұқсат сұрадым. 1949 жылы қаңтарда рұқсат алып демалысқа келдім. Менің демалысқа келуімнің өзі ұзақ әңгіме. Тұратын жерімді сұрады. Форт-Шевченко қаласы деп едім, картадан таппады. Астрахань қаласының маңы деп Астраханьға жіберетін болды. Сөйтіп, СССР-дің шекарасына келдім. Ол жерден үстібасымды түгел тексеріп, «Выбыл из Германии» деп мөр қойып берді. Маркамызды рубльге ауыстырды. Москва арқылы Астраханьға келдім. Қаңтардың боран күндері болатын. Волга өзені қатып қалғандықтан көлік қатынасы жоқ болып шықты. Сол жер де үй жалдап үш күн сандалып жүрдім. Бір күні бір шені жоғары әскери адамға кезіктім. Амандасып, жағдайымды айттым. Ол кісінің ұшқыш танысы бар болып шықты. Сол кісімен кездестірді. Ұшқыш жігіт ертең 9-да үйімнің алдында күт деді. Мен таңғы 7-де барып тұрдым. Сөйтіп Гурьев арқылы Аташқа келдік. Бұнда ауа райының қолайсыздығына байланысты қондырмай қойды. Гурьевке қайтып бардық. Әлгі ұшқыш екеуміз аэродромның кочегарының қасына түнеп, ертесіне Аташқа келіп қондық. Елге келсем, үйіміз қыстақта Шат деген жерде отыр екен. Ауыл советтен көлік сұрадым. Олар ат берді. Сөйтіп үйге келдім. Ел-жұртпен қауышып 7 күннен кейін қайтадан Германияға кеттім. Сол кезде мені басқа полкке ауыстырды.
Одан кейін 1950 жылы қаңтарда тағы демалысқа жіберді. Кейін Германияға қайтарда шекарадан өтетін күнім өтіп кетті. Ол да көлік жағдайына байланысты болатын. Москваға барып күнімді ұзартып, шекарадан өтуім керек болды. Гурьевтегі әскери комиссариатқа соғып кетпекші болып сонда келдім. Комиссариатта 29.01.1950 жылдан бастап жасы жеткен әскер қатарындағыларды босату туралы бұйрықты көрсетті. Маған елге қайтуға рұқсат берді. 1950 жылы 1 тамызда «әскерден босатылған» құжаттарымды қолыма алдым. Осылай мен адамзат тарихында өшпес із қалдырған Ұлы Отан соғысы мен Отан алдындағы әскери борышымды өтеу жолында жалпы жеті жыл жүрдім.
«Отан үшін отқа түс – күймейсің» дейді ғой дана халқымыз. Отан үшін от кешіп жүріп елге оралып, осындай бейбіт күнді көремін деп ойлаппын ба?! Осы күнге жеткен менде, әрине, арман жоқ. Ал қанша боздақтар майдан даласында қалды. Аман қалдым, Алланың берген сыйы болар. Әрбір таңда Жаратқаннан тек бейбітшілік тілеймін. Аға ұрпақтың өшпес ерлігін келешек ұрпақ зердесінде әрдайым сақтаса екен деймін».
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: Ұлттық дәстүрді ұлықтаған «Ана мектебі» жобасы
Әкем Ұлы Отан соғысындағы ерен ерліктері үшін көптеген орден, медальдармен марапатталған. «Қызыл жұлдыз» ордені, «Ерлігі үшін» ордені, «Әскердегі ерлігі үшін» ордені, «Берлинді алғаны үшін» медалі, «Варшаваны қорғағаны үшін» медалі, «Ұлы Отан соғысында Германияны жеңгені үшін» медалі және бейбіт күндері алған орден, медальдары бар.
Әкем сол 1950 жылдың қоңыр күзінде анамыз Санипамен отау тігіп ширек ғасыр бірге ғұмыр кешіп, 4 ұл тәрбиелеп өсірді. 17 немере, 37 шөбере сүйіп мәуелі бәйтерекке айналды. 2015 жылы 90 жасында өмірден озды.
Әкемнің ерен ерлігімен мақтанамын. Айтқан ұлағатты сөздерін өмірімде ұстанып келемін.
Серікбай ЫҒЫЛМАНОВ