©
Сарғайған қойын кітапшамды парақтап отырмын. Өмірді қалай, қайтіп бастадым, кімдермен жолдас болдым, не істеп, не тындырдым – барлығы осының ішінде.
Адам қанатсыз құс секілді. Ылғи да биік асуларды армандайды. Сол асыл арман мұратқа жеткізеді. Өмірдің заңы осындай. Менің де арманым болды. Сонау терістік Бозашыдағы Тұщығыдықта ән салған ақ шағылдар арасында қалған балғын балалық шағымды ойлағанда сол бір қимас жылдардың барлығы көз алдыма келеді. Мектеп бітіргенде алыс қалаларға барып оқысам, ел көрсем, жер көрсем деп армандадым. Қой бағып, қозылақтың арасында өскен ауыл баласына арманға жету оңай болған жоқ. Дегенмен сол асыл арман жетегінде сол кездегі Маңғыстау ауданының орталығы Таушыққа келдім. Жанжағын аласа таулар қоршаған ұядай ғана мекен екен, қорақопсының арасында өскен маған Таушық қиялыма сыймайтын құтты мекендей көрінді. Көп ұзамай бұл мекенге үйренісіп кеттім. Достар таптым. «Жаңа өмір» газетінің аядай бөлмесінде хат, хабар тіркейтін тілші болып орналасқанмен көңілім ауыл жақта... Жан анашымды ойлап, сағынамын. Құдды бір мен келіп қала ма деп ауылдың алдындағы қара жолға қарап тұрғандай болады. Сол анашым сүйеніп тұратын шағын шарбақ, кішкентай ақтөс күшігім, үйінен мені көргенде күлімдеп шығатын көрші қыз... бәрі-бәрі ойыма оралып, жүректі ауылға деген, туған бауырға деген сағыныш кернейді. Бірақ мұның барлығы сезім ғой, жалаң сезіммен өмір сүре алмайсың. Өмірге бейімделіп, іс тындыру керек. Солай істедім де.
Өткен ғасырдың 66-жылдарының аяғына таман Маңғыстау ауданының орталығы Шетпеге көшті. Шетпе Таушық емес, екі қатарлы үйлері бар, теміржолы бар келісті мекен екен, көргенде көңілімді марқайтты. Жаңа қонысқа тез үйренісіп кеттім. Сол баяғы редакцияның шағын бөлмесі. Әзіл құмар жігіттер, күн сайын қайнап жатқан тірлік тез баурап әкетті.
Шетпеде өндіріс бар. Құрылыс қарқынды жүріп жатты. Мәскеу бетінен, басқа да қалалардан құрылысшы мамандар келген. Редактор таңғы басқосудың бірінде «райкомнан өндірісті жазыңдар деген тапсырма болып жатыр. Өндірістік бөлім ашамыз. Соған қызметкер керек. Сол бөлімге жұмыс жасағысы келетін кім бар, кәнеки?» деп көзімен барлығымызды шолып шықты. Ешкім мен барамын деген жоқ. Оның да себебі бар. Маңғыстау – ауыл шаруашылықты аудан. Журналистер де кеңшарлардың тыныс-тіршілігін жазуға машықтанып маманданғандар. Таңдау редакцияға жаңадан келген маған түсті. «Сен бала осы жұмысты қолға ал. Әлі-ақ үйреніп кетесің, көмектесеміз» деп редактор бетіме тіке қарап, сөзін қысқа қайырды. «Келісесің бе?» деп сұраған да жоқ. Тек қана Асан ағам иығымнан қағып қолдау білдіргендей болды. Бұл адам жайлы арнайы айта кеткім келеді.
Асан Әбдіров – редакцияның байырғы, әрі белді қызметкері, соңғы кездері жауапты хатшы болып істейтінін білем. Әрқашан да жас тарға қамқор болып жүретін зиялы жан еді. Маған да көп көмегі тиді. Қиналған кездерімде қасымнан табылып, ақылын айтып жүрді. Қуанышымды да бірге бөлісті. Сондықтан да Асекеңді мен өзімнің ұстазым санаймын. Мен өндіріс бөлімінің тілшісі болғанымда көп көмектескен осы кісі. «Қолыңнан келеді, құдай берген талантың бар. Тек батылдау бол» деп талай рет қолдау білдіргенін неге ұмытайын. Осылайша, өмір өтіп жатты. Бірде құрылыста дәнекерлеуші болып жұмыс жасайтын орыс қызы жайлы «Катя» деген суреттеме жаздым. Газеттегі бұл тырнақалды туындым оқырмандарға ұнады. Ұнағаны сол редакция қызметкерлерінің таңғы басқосуында редактордың өзі кеше кешкісін аудандық партия комитетінің идеологиялық жұмыстар жөніндегі хатшысы Сисенбай Алдабергенов шақырып алып «Мына жазғандарың тың тақырып екен. Осылайша, жаза білетін қыз меткерлерді көтермелеп, жұмысты жалғастыра беріңдер» деп газеттегі менің мақалама жылы лебіз білдіргенін айтты. Бұл сөз мені біраз қанаттандырып, өзіме деген сенімді арттырды. Содан кейін де құрылысшылар мен Шетпенің теміржолшылары жайлы біраз материалдар жаздым. Соның ішінде «Бақыт терезелері» деп аталатын құрылысшылар күніне жазған суреттемем сол кездегі Гурьев облыстық «Коммунистік еңбек» басылымына басылды. Сол газет редакторының орынбасары Шетпеге келген бір сапарында редакцияға соғып, менімен біраз әңгімелесіп, жазып тұруымды сұрады.
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: Қауырсын қанат қаламымЖас кезіміз ғой, шаршау дегенді білмейміз. Редактор қандай тапсырма берсе де соны сол бойда орындап тастауға талпынамыз. Сол үшін талай рет алғыс та алдық. Осылайша, өндіріс бөлімінде жұмыс жасап жүргенде бірде басшым шақырып алды да, «сен Мүбәрек Тегісбаев пен әңгімелесіп, көркем етіп мақала жаз» деген тапсырма берді. М.Тегісбаев – сол кездегі КПСС 25-съезінің ауданнан сайланған жалғыз депутаты. Жайлауы оңтүстік Үстіртте. Сонда бірер күн болып, ол жайлы жазған мақалама оқырмандар жақсы пікірлер айтты. Осы кезде Жексенбай (фамилиясын үмыттым) деген Ақшымырау кеңшарының шопаны Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесіне депутат болып сайланып, оны да жазу маған тапсырылды. Халық қалаулысының сайлаушылармен кездескен сапарында бірге жүріп, басшым тапсырған тапсырманы орындадым. Осыдан кейін қайта өндіріс тақырыбына оралдым. Оралған себебім – «Бейнеу-Қоңырат» теміржолының құрылысымен онда еңбек етіп жақан адамдарды жазу керек болды да бұл жұмысты редактор маған жүктеді. «Сол жақта бол. Аптасына кем дегенде 12 репортаж жазып тұр» деп қатаң тапсырды.
Сол бір жылдары Бейнеу Маңғыстау ауданына қарады. Көктемде қыс өтіп, қыстаудан шыққан малдар Үстірт үстін жайлайды. Суық күзге дейін сонда болады да, қараша туысымен Маңғыстаудың қара ойына құлап, қыс қыстауға орналасады. Мұны айтып отырған себебім негізгі тақырыбым өндіріс болса да, малды ауыл мен малшының өмірі назарымнан тыс қалған жоқ…
«Жаңа өмірде» істеп жүрмін. Редакторым – Терекбай Жаңбыршин. Осы арада Терекеңнің маған қолдан келген көмегін аямаған жанашыр жан болғандығын айта кеткім келеді. Өзге әріптестерім де жақсы болды. Жоғарыда айтып кеткен Асан Әбдіров, Халел Сұлтангелдиев, Әзірбайжан Қонарбаев, Маңғыстаудың алғашқы қыз журналисі Шарай Батырбаева, Құрамшин Таңатаров, Төлекеш Шайгөзов, Қанат Аманиязов, басқа да белгілі азаматтар менің журналист болып қалыптасуыма қолұшын берген қимас достарым болды десек асыра айтқандық болмайды.
Аудандық газеттегі күндер осылайша өтіп жатты. Тарап кеткен облысымыз қайта ашылып, «Коммунистік жол» деген облыстық басылым шықты. Редакторы – Рысқан Мусин деген кісі, арғы жағы семейлік азамат. Жақсы жан еді… Таныстығым былай басталды. Бірде Терекбай жаңа ашылған облыстық партия комитетінің активіне қатысып, редакцияға соққанда Мусинмен танысып, әңгімелеседі. Ол кісі мені сұрапты. Шевченко (қазіргі Ақтаудың аты сол кезде осылай аталды) қаласына барып жатсаң соғарсың дегенді айтты, таң қалдым. Ешқашан Мусин деген адамды жолықтырған да, білген де емеспін.
Облыстық газет жаңадан ашылып жатқан себептен де көп нәрсе жетіспейді. Бірде Терекбай біздегі бір артық жазу машинкасын апарып беруді сұрады. Бардым. Келген бойда машинка әкелген жігіт саған соқсын деп хатшысына айтып қойған екен. Кабинетке имене кірдім. Ұзын столдың төрінде еңгезердей адам отыр. Мен кірген бойда орнынан тұрып, «Әй, Закария, сен қайда жүрсің?» демесі бар ма? Не дерімді білмей абдырап сасып қалдым. «Отыр» деп төрдегі орындығынан тұрып қарсы алдыма жайғасты. Қысқасы былай екен. Мен Маңғыстаудың абзал адамдары жайлы сол кездегі республикалық жастар газеті «Лениншіл жасқа» мақала жазатынмын. Сол жылдары Р.Мусин осы басылымның республиканың шығыс, орталық аймағы бойынша меншікті тілшісі болған екен. Көңілі ояу, көзі қарақты жан мақаламды оқып атымды содан білген көрінеді. Облыстық газетке ауыс деді. Мен жағдайым жоқтығын айтып, бас тарттым. Кетер кезде «тағы да ойлан» дегенді айтты. Артынан аудандық партия комитетіне телефон соғып, редакторге айтып, қайта-қайта шақырды. Ол кезде Маңғыстау ауданының бірінші хатшысы С.Тәжібаев ойламаған жерден мені партияға қабылдады. Ақыры осы кісіге хабарласып, «Коммунистік жолға» баратын болдым. Келген бойда өндірістік бөлімге тілші қылып алды. Сол жылы облыстық мәслихаттың сайлауы өтіп, Р.Мусин Бейнеу ауданы, Маңғыстау кеңшарынан облыстық мәслихатқа депутат болып сайланбасы бар ма. Сайлаушылармен кездесуге барып, ауыл азаматтарында қонақта болғанда кеңшардың басшысы Т.Қорбақов пен партия ұйымының хатшысы К.Бөрин сол кезде осы аудан бойынша меншікті тілшісі болып жасаған азаматтың орнына басқа тілші жіберуді өтінеді. Оның да өзіндік себептері болған, айтудың қажеті жоқ. Жаңадан құралып жатырмыз, редакцияда адам аз дегенді көлденең тартады, Рахаң.
«Өзіміздің бала бар, соны жібер» дейді әңгіме үстінде бас экономист. «Ол кім?» Сол бойда менің атым аталады. «Жақында ғана алып едік, жас қой, меншікті тілші деген сенімді, елжұртты білетін тәжірибелі жан болғаны дұрыс емес пе?» дегенді айтады да, бірақ «ойластырып, көрелік» деп кетеді.
Редактор іс-сапардан оралған күні мені шақырып алып, мән-жайды түсіндірді. «Маңғыстау ауылының белгілі азаматтары сені тілшілікке сұрап қолқа салып отыр, бұған қалай қарайсың?» дегені. Бейнеуді білем, талай жаздым, жеке аудан болып құрылған активіне де қатыстым. «Сенім артып жатсаңыз қарсылығым жоқ» «Бәрекелді» осыны айтты да, Рахаң сол бойда Бейнеуге аудандық партия комитетіне телефон шалды. Бұрыннан бір-бірімен хабардар, келісілген нәрсе екені белгілі ғой, арада екі күн өткенде Бейнеуден бірақ шықтым. Бұл өткен ғасырдың 1975 жылының көктем айы болатын. Содан бері табан аудармай, «Маңғыстауда» істеп келемін.
Арада екі жыл өткенде Жаңаөзен қаласына тілші болып ауысатын болдым. Оның жайы мынадай. Р.Мусин еліне кетіп, оның орнына облыстық газетке редактор болып сол кездегі республикалық «Социалистік Қазақстан» газетінің Атырау, Маңғыстау облыстары бойынша меншікті тілшісі болып жасаған Жәмек Оспанов аға келді. Жұмыс десе тынымсыз, іскер адам еді. Ең бастысы адамды тани біледі. Бір аптадан кейін шақырып алды да, Жаңаөзен қаласына тілші болып барасың деді. Үйге келіп, жолдасыма айтып едім. Осылайша Маңғыстауды айналып, көшіп жүресің бе, әуелі Ақтауға кеттің, содан Бейнеуге келдің, енді, міне, Жаңаөзенге барамын дейсің. «Менде билік бар ма, жұмыс бабымен жұмсаған жерге бармаймын ба? Керек болған шығармын, керек болмасам айтпайды ғой». Жолдасым сабасына түсіп ақыры Жаңаөзенге баратын болдым. Бірақ енді сол жерде тұрақтап қаламын, енді ешқайда бармаймын деп өзіме өзім іштей серт бердім. Осы сөзді редакторға да айттым, Жәкең сәл жымиып күлді де «Біздің аймақтың ендігі болашағы – мұнай өндірісі болмақ. Жерімізден шығып жатқан байлықты алдымен өзің сияқты жергілікті жігіттер жазу керек емес пе? Сол «қара алтынның орталығы – Жаңаөзен. Сол қалада табан аудармай тұр. Мұнай өндірісін жазуды меңгер, жақсы кәсіби маман бол» деп ақ батасын берді. Содан бері, міне, жарты ғасырлық журналистік өмірімнің қырық жылдан астамын мұнайлы қалада өткізіп келемін. Өміріме еш өкінбеймін. Жаңаөзен менің екінші үйім іспетті. Осында жақсы достар таптым. Осы саланың білікті де, тәжірибелі журналисі атандым. Еңбастысы қарамай исі аңқыған қаланың өмірін жақсы білем. Кенорнын игерген алғашқы ардагерлер, олардың ұлқыздарын туған бауырымнан кем көрмеймін. Өзім талай жазып көрсеткен мұнайшылар ортасына келгенде әр кез өзімді төркініне келген қыздай сезінемін. «Өзенмұнайгазды» талай азаматтар басқарды. Барлығымен де жақсы болдым, бауырымдай араластым. Өмірімнің осылайша қалыптасуына жол ашқан менің алтын ұям «Маңғыстау» газетіне шексіз қарыздармын. Мен осы басылым арқылы елге танылдым.
Газет өзінің 45 жылдығын атап өтуде. Бұл – осы басылымда істеген менің және әріптестерімінің ортақ мерекесі. Мерейлі мерекең құтты болсын, «Маңғыстауым!» Өзіңде өткен жылдарым менің бақытқа қол жеткізген, өмірімнің мәні мен сәнін айқындаған арманы асқақ, шаттығы шалқар жылдар болды. Сол жылдарымды сағынам. Өйткені өмірді мен өткен күнде емес, есте қалған күндер деп бағалаймын. Есте қалған күндерім көп, достарым көп. Барша әріптестеріме осындай бақытты тілеймін!
Закария ИСАҒҰЛОВ, Қазақстанның құрметті журналисі, Жаңаөзен қаласының құрметті азаматы