Ыбырай Ізімов 1948 жылдың 13 наурызында Атырау облысы, Махамбет ауданы, Ортақшыл колхозының 15-ауылында Қанат Жалпақов пен Дариға Зейнеденқызының отбасында дүниеге келген.
Үш жасында қолына домбыра ұстаған Ыбырай мектеп қабырғасында жүргенде үйірмеге қатысып, өз өнерін әрі қарай дамыта түседі. Ыбырайдың бойына өнер өз ата-анасы Дариға мен Қанаттан дарыған болса керек, себебі оның анасы ән салатын, әкесі домбыра тартатын сауықшыл жандар болған көрінеді. Тіпті анасы жасырақ кезінде сахнаға шығып, «Қыз Жібек» ариясын орындаған ауылға танымал әнші екен.
Он үш жасында әкеден айырылған Ыбырайдың мектеп бітіргесін колхозда жұмыс жасауына тура келеді. Бірақ ән салып, домбыра, сырнай тартуын әрі қарай жалғастыра береді. Өнердің арқасында ауылға танымал болған Ыбырай аудандық, облыстық деңгейдегі түрлі жарыстарға қатысып, жүлделі орындарға ие болып жүреді. Өнерлі жасты назардан тыс қалдырмаған ауыл басшылары оны 1965 жылы Махамбет ауданының Заурал совхозына мәдениет үйінің директоры қызметіне тағайындайды.
Ол кезде ер азаматтың әскер қатарынан түрлі себептер тауып жалтаратын әдеті болмайтын, өнері өрге жүзе бастаған жас жігіт 1967 жылы Отан алдындағы азаматтық борышын өтеуге аттанады. Екі жылдан соң, туған жерге қайтып оралысымен өзі қалайтын өнер саласына, Махамбет аудандық мәдениет үйіне көркемдік жетекші болып жұмысқа тұрады.
Өнерін біліммен ұштау үшін 1973 жылы Алматы эстрадалық өнер студиясына жолдама алып, Ғарифолла Құрманғалиев сынды өнер тарланынан дәріс алады. Ән салудың қырсырына сол кісінің сабағы арқылы машықтанады.
Ол кез – Маңғыстаудың аты жер жарып, жастардың жаңа, жасампаз ортаға жан жақтан ағылып жатқан кезі. Қияндағы аудан орталығында қалғысы келмеген Ыбырай да 1975 жылы Маңғыстауда ашылып жатқан филармонияға кәсіпқой әнші болып қызметке қабылданады. Содан соңғы өмірі осы киелі түбекте өткен Ыбырай Қанатұлы өнер жолында бір кісідей еңбек етті.
Айдалада өзінің тасбақа тірлігімен томаға тұйық жатқан ауылдан өндірісі қыз-қыз қайнаған, көше бойлай қызғалдақ гүлдері жайнаған, толқыны ақ маржан шашқан «теңізге бауыр төсеген» алтын жағалаудағы әсем Ақтау қаласының сән-салтанаты ол кездерде бойында аздап өнердің желі бар кім-кімді де толқытпай, шалқытпай қоймайтын. Сол шабыттан туған Өтеген Оралбаев пен Мұхитден Ғаббасовтың «Ақтау шаттығы» әнін Ыбырай Қанатұлы өмір бойы шарықтата шырқаумен өтті.
Ақ маржан қала теңізге төсеп бауырын, Қарсы алған күнде Каспийдің нөсер жауынын. Кеудесі шаттық, көшесі жастық, гүл толы, Ақ моншақ қала Ақтауым осы бауырым!
Ақ маржан қала – ақ арман қала, Ерліктің нағыз ертеңі, Шырайлы қала, мұнайлы қала, Махаббат сазын шертеді.
Бұл әнді біздің замандастарымыздың арасында білмейтін кісі жоқ шығар. Меніңше, Ақтауға арналған әндердің ең тәуірі – осы ән!
«Айта-айта Алтайды, Жамал апай қартайды» деген сөз ел арасында мәтел болып кеткен. Сол мәтелді Ыбекең өзіне лайықтап:
«Айта-айта Ақтауды, Ыбекең де қартайды» деп, әзілдеп отырады екен. Айтса айтқандай ол осы бір ғажап әнді үлкенді-кішілі сахнадан 40 жыл әуелетті.
Домбырашы барда күйші бар. Әнші бар да сазгер бар. Қанша домбыра сабалағанмен орындаушы күйінде қалатындар көп, себебі саз шығару да екінің маңдайына бұйыра беретін бақ емес – Құдайдың сыйы, Тәңірдің тартуы. Ыбекеңнің белгілі өнерпаз Амандық Көмековтің сөзіне жазылған «Наурыз», сөзін өзі жазған «Анашым» атты екі әні бар екен. Соған қарағанда, жаратушы оны да сыйтар туынан құр тастамаған. Ол кездің сазгерлерінің сапасы болатын, шығармалары да аз да болса – саз келуші еді. Бүгінгідей жиырмаға жетер жетпесте 200–300 ән шығарып тастайтын «таланттар» аз болушы еді.
Ыбырай Ізімов талай жарыстарға қатысып, сан түрлі жүлделерді қанжығаға байлады. 1977 жылы «Самал» вокалды аспапты ансамблінің жеке дауыстағы әншісі ретінде саяси әндер байқауына қатысып, лауреат атанады. 1978 жылы Москва қаласына барып, «Кең жайлау» үгіт бригадасының құрамында құрметті лауреат атағын иеленеді.
Облыстық филармонияда домбырашы, әнші, қалалық мәдениет үйінде халық театрының режиссері, №147 ірілендірілген кәсіподақ комитеті жанындағы «Бригантина» өнер студиясында жетекші, «Арман» мұнайшылар клубының директоры қызметтерін абыроймен атқара жүріп, 15 жылдай «Маңғыстаумұнайгаз» мекемесінде Қаламқастағы мұнайшы өнерпаздарға жетекшілік етті.
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: Ақтауда кәсіпкер аруларға қаржылай демеу көрсетілдіӨнер адамының қоғам өмірінен қалыс қалуға қақысы жоқ. Ыбырай Қанатұлы да айналасына бейжай қарайтындар қатарынан емес-ті. Сайын Шапағатовтың ұйытқы болуы мен ұзақ жылдар бойы «ұмытылып», ресми түрде тойланбай келген Наурыз мерекесін жалпыхалықтық мерекелеуге атсалысты.
Өнер саласына қосқан үлесі үшін 1998 жылы Елбасы Жарлығымен «Қазақстанның еңбек сіңірген қызметкері» құрметті атағына ие болды.
Өкінішке қарай, өмір деген дүние қамшының сабындай ғана екен. Бұл күндері арамызда болғанда 70 жасын ел болып атап өтердей атпал азамат еді-ау...
Әрине, отбасы, балашаға, тумаластары, әріптестері оны туған күнінде сарғайған сағынышпен еске алып, құран бағыштап, өнерін, өнегесін өскелең ұрпаққа үлгі етуі – сауапты іс.
Үміт ЖӘЛЕКЕ