Қызылтөбе ауылдық мәдениет үйінде ауданаралық «Қыздарға әсемдік жарасады» атты қыз сыны байқауы болып өтті. Байқауға мұнайлы ауданына қарасты мемлекеттік және жекеменшік мекеме қызметкерлерінен жас мамандар қатысып, бақтарын сынады. Байқау ережесі бойынша қатысушы арулар алдымен өзін-өзі таныстыру, кейін «Қыз еркем – кестесімен көркем», «Қызды тәрбиелеген–ұлтты тәрбиелейді», «Өнер», «Жас аспаз», «Сұлулық сыры» атты бөлімдер бойынша өнерлерін ортаға паш етті.
Байқау жоғарғы дәрежеде өтіп, үміткерлер өз өнерлерімен сайыстың көркін ашты. Байқаудың ең тартысты өткен кезеңі «Жас аспаз» бөлімінде арулар қамырдан нан жайып жарысты. Қолдарынан шыққан нан жаймасынан аруларымыздың қаншалықты ас мәзіріне икемі бар екендігін байқатты. Кейбір арулар «Қызды тәрбиелеген – ұлтты тәрбиелейді» бөлімінде қыз тәрбиесіне байланысты қазақтың даналық сөздерінің мағынасын ашып жеткізуге келгенде толымды жауап бере алмады. Әйтсе де үміткер арулар «Өнер» бөлімінде кәсіби өнер саласындағы мамандар болмаса да би, ән айту, мәнерлеп оқудан оза шапты. Байқаудан бір байқағанымыз, қазіргі арулардың, яғни жастарымыздың талғампаздығы. Бұған дәлел байқаудың соңғы «Сұлулық сыры» бөлімінде ерекше сән үлгілерімен көрермендерді таңғалдырды.
Байқауға қатысқан 17 (он жеті) қыздың арасынан бағы жанып бас жүлдені «Сұңқар» жекеменшік балабақшасының тәрбиешісі Айсәуле Жақсыгелдиева иеленді. 1-орынды «Басқұдық ауылдық округі әкімінің аппараты» мемлекеттік мекемесінің қызметкері Айжамал Абаева, 2-орынды «Арай» жекеменшік балабақшасының тәрбиешісі Жадыра Мейлова, 3орынды «Ақмаржан-Мұнайлы» жекеменшік балабақшасының хореографы Гүлшат Давулбаева бөлісті.
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: Ақынды ардақтаған кешБайқау ережесіне қосымша үміткерлердің фотоларына инстаграм парақшасы арқылы дауыс беріліп, «Көрермен көзайымы» номинациясы жүлдесіне Анара Ермек ие болды. Осы секілді жекелеген номинацияларда «Ибалы ару» Айдан Атрек, «Кербез ару» Баянды Ахметова, «Зерделі ару» Альфия Сатыбалдиева, «Тапқыр ару» Альфия Абдрахман, «Өнерлі ару» Роза Рахым марапатталса, қалған үміткерлерге алғыс хат берілді.
Алдағы уақытта байқаудың бас жүлдесіне ие болған «Сұңқар» жекеменшік балабақшасының тәрбиешісі Айсәуле Жақсыгелдиева облыстық байқауда бақ сынамақшы.
Анар ҚАЛЖАН, ҚР Журналистер одағының мүшесі
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="49884,49883,49882"]