Наурыз айында облыста көктемгі әскери шақыру науқаны басталады. Әскер қатарына Маңғыстау өңірінен 710 жігітті жөнелту жоспарланған. Бұл туралы мерзімді әскери қызметке шақыру жұмыстарын ұйымдастыру жөніндегі комиссия отырысында Маңғыстау облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаменті бастығының орынбасары Шынболат Ақмұратов мәлімдеді.
Маңғыстау облысы бойынша 2017 жылдың күзгі мерзімді әскери қызметке шақыру жұмыстарының қорытындысын талқылау және 2018 жылғы көктемгі мерзімді әскери қызметке шақыру жұмыстарын ұйымдастыру мақсатында өткен жиынға облыс әкімінің орынбасары Мақсат Сқақов, қала және аудан әкімдерінің орынбасарлары, әскерге шақыру комиссияларының төрағалары, облыстық департаменттер мен басқармалардың басшылары қатысты.
Жиында алғашқы болып баяндама жасаған облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаменті бастығының орынбасары Шынболат Ақмұратов өткен жылғы күзгі әскери қызметке шақыру жұмыстары кезіндегі кемшіліктерді жіпке тізіп қана қоймай, түйткілді мәселенің түйінін тарқату жолдарын ұсынды.
«2017 жылдың күзгі әскери шақыртуға облыстан тапсырыс бойынша 685 жас сарбаз жөнелту керек еді. Алайда бұл жоспар 99,3 пайызға ғана орындалды. Бұдан шығар қорытынды, Ақтау қаласының қорғаныс істері жөніндегі басқармасы өзіне берілген тапсырысты орындамаған. Басқа қалалар мен аудандар берілген тапсырыстарын орындағанымен, шақыру кезеңінің соңына дейін жұмыстарында қиындықтарға кезікті. Бұл жағдай бірінші рет емес, бірнеше рет қайталанып отыр. Атап айтсақ, әкімшіліктер арқылы шақыру қағазы 1846 адамға таратылған болса, оның бізге тек 872-сі келді. Келмеген азаматтарды іздестіру үшін жергілікті полиция қызметіне, мекен-жайы бойынша тұрмауына байланысты, тұрғылықты мекенжайын анықтау үшін көші-қон полициясына жүгіндік. Осындай қиындықтарға кездесуіміздің себебі - әкімшіліктерде арнайы айналысатын әскери есеп мамандарының болмауы. 2018 жылы Маңғыстау облысынан көктемгі әскерге шақыру кезеңіне 710 әскерге шақырылушы жөнелту жоспарлануда. Өкінішке қарай, көктемгі әскери шақыру кезеңіне дайындық нашар. Шақырылған 2995 адам арасынан 1285-і келді, оның ішінен қойылған талаптарға сай келетін 392 азамат іріктелді. Мұндай қарқынмен Маңғыстау облысы Елбасының қойған тапсырмасын орындай алмауы ықтимал. Қазіргі таңда, бекітілген ережеге сай кейбір аудандарының ауыл, село округтерінде әскери есепті жүргізуге жұмысшылар бөлінбеген. Ақтау қаласы мен Түпқараған, Маңғыстау, Бейнеу аудандарының қорғаныс істері жөніндегі басқарма, бөлімдері әлі де талапқа сай толық жабдықталмағанын, әскерге шақыру пункттерімен қамтамасыз етілмегенін айтып кеткенім артық болмас. ҚР Заңдарына сәйкес және жергілікті атқарушы органдарының шығарылған Қаулылары негізінде Қазақстан Республикасы Қарулы Күштеріне азаматтарды әскер қатарына шақыруды сапалы өткізу тек қана жергілікті әскери басқару органдарының емес, осы отырған барлық құзырлы органдарының міндеті екенін еске салғым келеді», - дейді Ш.Ақмұратов.
Сондай-ақ ол өз баяндамасында ішкі істер органдары басшыларына мерзімді әскери қызметтен қасақана жалтарып жүрген әскерге шақырылушыларды іздестіру жұмыстарын қатаң бақылауға алуға, аудандардағы ауыл, село округтеріне әскери есепті жүргізуге жұмысшылар бөлуге, Қорғаныс істер жөніндегі департамент жанында орналасқан облыстық жиын пункітін құрал-жабдықтармен қамтамасыз етуге, Ақтау қаласы, Түпқараған, Маңғыстау және Бейнеу аудандарының әскерге шақыру пунктерінің мәселелері бойынша қысқа мерзім ішінде оң шешім қабылдауына, жастардың бойына отансүйгіштікті сіңіру үшін балабақша және мектеп табалдырығынан патриоттыққа тәрбие беруді бастау, жүрегіндегі отансүйгіштікті ояту мақсатында арнайы іс-шаралар атқаруды ұсынды.
Облыс әкімінің орынбасары Мақсат Сқақов жастарды Отан алдындағы қасиетті борышын өз еркімен өтеуге тарту үшін алдымен олардың жүрегіндегі отансүйгіштік, патриоттық сезімін ояту қажеттігін айтты.
«Еліміздің әрбір жігіті Отаны, Халқы алдындағы азаматтық парызын орындауға құлшынып тұруы керек. Отанына деген ыстық махаббаты, шексіз құрметі арқасында әскер қатарына өз еркімен қосылып, еліне қорған, халқына пана болуға тырысады. Өткен жылдың жоспары толық орындалмағаны – батырлардың ұрпағы болған еркін ел үшін үлкен сын. Бұл жауапкершілігі зор іске қала-аудан әкімдерінің орынбасарларын, ішкі істер органдары, көші-қон полициялары қолдау көрсетіп, көмектесетін болады. Патриоттық бағыттағы бейнеүзіктер жариялап, БАҚ-та, әлеуметтік желілерде орналастырып, жастарды әскер қатарына тарту қажет. Тапсырма – биылғы жоспарды 100 пайыз орындау», - деп шегелеп айтты ол.
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: Cалық жеңілдеп, табыс артсаОдан соң Маңғыстау облысының Қорғаныс істері жөніндегі департаментінің медицина қызметінің бастығы Д.Жаушыбай «Маңғыстау облысы 2017 жылғы күзгі әскерге шақыру тұрақты медициналық комиссиясының және департаменттің медицина қызметінің атқарылған жұмысы туралы» баяндама оқыды. Оның сөзінше, әскери щақыру пункттерінің медициналық жабдықтармен толық қамтылмайтыны, шақырту алған жігіттердің 20 пайыздан астамы амбулаториялық медициналық картасыз немесе таза амбулаториялық картамен келуі – әскерге шақырылушының денсаулығының жарамды не жарамсыз екенін анықтауға қиындық туғызады.
Комиссия отырысы соңында облыс әкімінің орынбасары барша қатысушыларға жұмыла жұмыс істеп, көктемгі әскери қызметке шақыру жұмыстарын 100 пайызға орындауды тапсырды.
Ханым ҚУАТ Суреттерді түсірген Серік МАЙЕМЕРОВ
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="49873,49874,49871,49872"]