Он төрт жасынан еңбекке араласқан ардагер ана Аманжан Әбсатқызының 8 наурыз – туған күні. Мерекеде әдеттегідей ағайын, бауыр киелі шаңырақтың сәні болып отырған әжейді құттықтауға асығып, Жетекбаевтар әулетінде бас қосады. Бұл жолы біз де сол қуаныштың куәсі боп қайттық.
Бала болып ойнаған жоқ. Еркелікті де білмей өсті. Соғыс жылдарының бел қайыстырар ауыртпалығын көппен бірге қаршадай қыз да көтеріп бақты. Қабақ шыт, қайғыр, көз жасыңды көл қыл мейлі, елеп-ескеріп, жұбатар жан жоқ, азаматтар майданға кетіп жатқан қатыгез уақыт-ты. 1943 жылдың 8 наурызында дүниеге келіпті. Арада екі апта өтпей әкесі Әбсат соғысқа аттанған. Сол кеткеннен оралмады. Шешесі Қалбөпе әкеден қалған аманат – ұл мен қызды өсіремін, қатарға қосамын деп отқа да суға да түсті. Бесқала беттен азық тасыды, түйе бағып, ешкі сауып, сүтін кішкентайларының аузына тосты. Көңілін астан-кестен етіп, мұңға батырып, жанарын жасқа толтыратын анасының әңгімелері әлі құлағында жаңғырады.
- Құдай беруін берді-ау, сақтай алмадық. Он үш құрсақ көтердім, алты қыз, бес ұлды қызылша жалмады. Аман қалған ағаң Оңдаған мен өзіңді аш қылмайын деп колхоздың отымен кіріп, күлімен шықтым, – дер еді анасы жанарында тамшы жас дір-дір етіп.
- Бір күнде жеті жасар қызы мен төрт жасар ұлынан айырылып, әкең көйлегін басына жамылып, дауыс етіп, жынданып кете жаздады. Атам кіші әйелінен көрген төрт жасар ұлын, інісі жеті жасар қызын қолына ұстатып кетіп, соларды алданыш етіп, есін жинады кейін. Жүрегі мейірімге толып тұрған сол кездің адамдары қандай мәрт, кесек еді, – дер еді тағы жүзіне нұр қонақтап.
Беу, дүние, белін жазып жатпаған, ұрпағы үшін моншақтап тер төккен бейнетқор ана! Ағасы Оңдаған жетіжылдық мектепті бітірген соң Красноводск қаласындағы педучилищеге оқуға кетті. Сенетін ешкім жоқ, бұл болса 14 жасынан колхоздың жұмысына жегілді, шөп те шапты, мал да төлдетті, қайда жұмсаса сонда жүрді.
- Мына Мұраттың әкесі Қуанышқа жиырма жасымда тұрмысқа шықтым. – Ұлына мейірлене қараған, қырық сүрлеу әжімі жазылып жүре берді. – Алпыс төрттің мамыр айында тұңғышымыз Болат дүниеге келді. Артынан Зәуреш, Тоқжан, Ұлпа деген қарындастары көрінді. Мұрат – кенже ұлым, осы баланың қолында тіршіліктің бұйырған қызығын қызықтап жатқан жай біздікі...
- Әкем де, шешем де жетімдіктің тауқыметін тарта жүріп, еңбек етті. Оқуға ынтасы бар ұл-қыздарын оқытты, шаруаға, еңбекке баулыды. Қарапайымдылығы, еңбексүйгіштігі, ағайынға деген мейірім, қамқорлығымен өнеге бола білді. Анамыз қонақүй, монша, байланыс торабы дейміз бе, біраз жерде істеді. «Еңбек ардагері» медалі, отыз жеті жыл тер төге жүріп, алған басқа да марапаттары жетерлік. Аудандық кеңестің депутаты да болған, – деп осы сәт сөзге Мұраты қосылды.
- Сол жылдары қуанышы мен қайғысы араласқан тірліктің жайдары сәттерінен гөрі ауыртпалығы, жан жабырқатар сәттері көбірек болғаны рас. Көлденең жабысқан ауру елу төрт жасында енесі Төресұлуды алып тынды. Ауыл мектебінде ұстаздық етіп жүрген ағасы Оңдағанды отыз жеті жасында көлік апаты әкетті. Қатарластары «Жиренше шешен» атаған, жалындап тұрған жан еді. Келіні 24 жасында бала үстінде кетті. Қайнысы Сүйеніш 35 жасында бақилық болды. Арттарында қалған алды он, соңы жеті жастағы екі ұл, бір қызды Қуаныш екеуі бағып, өз балаларынан кем қылмай өсірді. Күзембай, Күбірбай, Айнашы – бүгінде Жаңаөзенде ұрпағын өсіріп, өрісін кеңейткен ата-ана, «апалап» келіп тұрады. Бұл да бір мерей, көңілге жұбаныш. Жетім өскесін бе, сүйек сіңді қасиет пе, жадау тірлік, жабырқау жан көрсе бұрылмай кетпейтін жүрегі жұқа жанның елгезектігі, қамқорлығы, мейірбандығы сүйсіндіреді.
- Әйелі қайтыс болған, қазақ ішінде өскен түрікмен шал болды, мектепте оқитын кіш- кене баласы бар еді. Киімін жуып, үйін жинап беретінмін. «Өкіл қызым бол, тайлағымды беремін» дейтін жарықтық. Біз Ақтасқа көшіп кеткенде еңіреп, жылап келіп жүрді, – дейді жымиып.
- Жазішем деген 20 шақырым жерде Бәуеден-Несіп деген балалары жоқ, шал-кемпір тұрды. «Көрпе тігіп бер, пенсиямды алуға көмектес, үйді жинас» деп шақырады. Апта, он күнде бір барып, қол ұшын беріп қайтамын, – дейді жастық шақтың ұмытылмас сәт- терін еске алып.
Апамның аялы алақаны, жүрек жылуын сезініп өстік. Туған шешемдей болды, мейірім-шуағына бөлендік. Бұл кісі туыстығы жоқ, кездейсоқ адамдарға да жақсылық жасап жүретін. Жұбан дейтін қолы шебер, үйі жоқ бір кісі де біздің үйдің қонағы. Араға күндер салып, «ішек, май қуырып берші» деп өзімсініп жететін. Өзімен бірге қапқа толтырып, кір киімдерін алып келеді тағы. Біз мұрнымызды басып қашып кетеміз. Апам жиіркенбей жуып отырғаны, – деп Айнашы әңгімеге қосылсын. Жастайынан алған көп алғыстың, сауапты істің қайтарымы ма, жапырағын жайып, бәйтеректей жайқалып, өсіп өндірген бала-шағаны, туыс, бауырды қызықтап, той жақсылықтарынан қалмай қалқиып жүргені. Шүкір, балдәурен, жастық шағы өткен Красноводскінің Қошобасынан бірге көшіп келген ағайын сәбиі дүниеге келсе де, баласы үйленсе де көз көрген үлкеніміз деп мұны шақырады. Төрде төселіп, кең көсіліп, көнекөздерді түгендеп, қасиетті шалдардың өнеге-тәлімін еске алып, соңынан көш түзеген ұрпаққа көшелі сөз арнайтын да – өзі. Жылы-жұмсақ алдында. Тек қатарының жыл санап сиреп бара жатқандығы болмаса. Елу жыл алдамшы тірліктің бейнеті мен зейнетін бөліскен отағасы Қуаныштың мәңгілік мекен тапқанына да бес жыл болып қалыпты. Жаратқан ол көрмеген жақсылықты қызықтасын деген шығар, бауырына басқан Болатының ұлы Жандостан немере сүйді. Жастайынан көрген жетімдік тауқыметін, қиындықты бүгінде балаларының бақытты өмірі ұмыттырғандай. Алланың құдыретінде шек жоқ қой, көп жылдардан кейін кенжесі Мұратының шаңырағында егіз – ұл мен қыз дүниеге келді.
- Отыз жылдай бірге тұрып келеміз. Енем ақылшым ғана емес, сырласым да. Қиналсам да, қуансам да жылы сөзін айтып, мейірімін төгіп осы кісі жүреді, - дейді шай әзірлеп жатқан келіні Гүлбану.
Қарыны ашты ма, осы сәт егіздер екі жақтан жылап, састырды. Мұрат Нұрымды, әжей Айымды қолға алғанда, тыныштала қалды. Бірер күнде қырқынан шығатын қос сәби қолға әбден үйреніп алған.
- Осылардың өскенін көре алмай кетем бе деген алаң бар көңілде, – деді жүзі нұрға малынған Аманжан әже.
- Көресің, – деді Мұрат, – өз қолыңнан үйлендіріп, тұрмысқа беріп, тойдың төрінде отырасың әлі.
Сол күнге жеткізсін, – дедім мен де. Жанарында сәуле ойнап, әжімін таратып, лезде жасарып кеткендей жеңіл қозғалып, қос сәбиді кезек тербеткен әжейге қызыға қарап қалдым. Бақыт деген осы да...
Болат ҮМБЕТОВ
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: Газбен қамту жалғаса бермек