Қазіргі таңда әйелдердің қоғамдағы алар орны ерекше. Уақыт озған сайын әйелдің белсенділігі артып, беделі мен мәртебесі жоғарылай түсуде.
Әйел - отбасының ұйытқысы, шаңырақтың берекесі ғана емес, шаруашылықтың қай саласында болсын өзінің лайықты бағасын алып жүрген еңбеккер. Статистикаға сүйенсек білім беру мен денсаулық сақтау, өнер мен мәдениет салаларында жемісті еңбек етіп жүргендердің басым бөлігін әйелдер құрайды екен. Сонымен қатар есеп-қисапқа құрылған батылдық пен табандылықты талап ететін кәсіпкерлік саласында да белсенді. Бүгінгі қоғамдағы шаруашылықтың қай саласында болмасын әйел қолтаңбасы жатқанына сүйсінесің! Бұл – заман талабы.
Сүйікті жар, үлгілі келін, күміс алқалы ана, бүгінде қос немере сүйіп отырған ардақты әже Ақтілек Ерназарқызының өмірлік ұстанымына көпшілік қарап бой түзейді. Баутин ауылының тұрғыны кәсіптің тасын өрге домалатудың тың жолдарын зерттеуден талмайды. 11 жылдан бері сауда-саттық арқылы күнделікті нәпақасын табуда. 2006 жылы дүкен ашу үшін «Даму»кәсіпкерлікті қолдау қорынан несие алып, 8 ай бойы табанды түрде құжаттарын дайындап, оқу оқып жүріп, өзі армандаған жеке кәсібін 2007 жылы ашуға мүмкіндік алды. Халыққа қызмет көрсетуді жаны қалаған, 20 жылдық тәжірибесі бар мейірбикенің арманы бүгінде орындалды. Алғашында «Сән – Салтанат» дүкенін ашқан болса, бүгінде «Сән – Салтанатты» халыққа қызмет көрсету орталығына айналдырып үлгерді. Алда тағы балалар өсіп, тың идеялар туындап жатса мұнымен тоқтап қалмақ емес. Отбасылық кәсіпті кеңейте түсуді мақсат етіп қойған Ақтілек Ерназарқызы «көз – қорқақ, қол – батыр» демекші, бастапқыда туындаған қиындықтарға мойымай күресіп келеді.
Сауда сөресіндегі тауарларға күн санап тұтынушы да көбейді. Ауылдағы арзан бағада тұтынушыларын қанағаттандырып отырған дүкен, жанынан шаштараз, сұлулық салонын, тез дайындалатын тағамдар сататын қосымша нүктелерін қосып, шағын орталыққа айналды. Нәзік жанның жоғары талғамы мен танымы арқасында кәсібінің аясын осылай кеңейтіп келеді.
Еңбектегі табыстары мен жанұясының берекелі де, мерекелі болуына өмірлік жолдасының қосқан үлесі айрықша екенін айтпай кетуге болмайды. Жолдасы мұнай саласының үздік қызметкері Жұмағали аға да қашан да жарына жан-жақты қолдау көрсетіп, ісінің берекесін келтіре, бар жақсыны отбасының игілігіне бағыттаудан еш аянған емес. Кәсіпкер-ананың ендігі арманы – балаларының қызығын ұзағынан көру. Шағын кәсібін кеңейту де ойында бар. Сонымен қатар балалары да отбасылық кәсіпке көмектерін аямай қолғабыс етуде. Ұяда не көрсең ұшқанда соны ілерсің демекші ана жолын қусам деген қызы Салтанат та нәзік жандыларға қызмет көрсету саласында білімін жетілдіріп, сол бағытты қолға алмақ.
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: Қос жерлесімізде — қола жүлдеАуыл көлемінде атқарылып жатқан ірілі-ұсақты мерекелік шараларға өз қолдауларын білдіріп отырады. Кәсіпкер ауыл, аудан әкімдерінің Алғыс хатымен марапатталып та жүр. Үнемі қайырымдылық акцияларының қасынан табылатын Ақтілек Құрманқұлова алдымен ауылдас, жақындарды жарылқауды жөн санайды. Қытайда білім алып жатқан балалары да кәсіпкерлікті дамыту бойынша тың идеялар ұсынып, ауыл әкімімен кездесіп, ауыл кәсіпкерлерінің қатарына қосылатындықтарын да жеткізген. Отбасы ұйытқысы бола білген Ақтілек ошақ қасындағы отбасының ғана емес. Ауданымыздың бюджетін салық салымымен толықтырып отырған кәсіпкер.
– Құрметті нәзік жанды арулар, аналар, қыз-келіншектер сіздерді 8 наурыз - халықаралық әйелдер мерекесімен құттықтаймын. Көктем мерекесі құтты болсын, келе жатқан жаңа жылымыз жақсылығымен келсін, берекелі де мерекелі жыл болсын! Елімізде бейбітшілік болсын. Әлемнің барлық халқына бейбітшілік тілеймін! Ниетіміз – түзу, жүрегіміз – пәк, пейіліміз – кең, тілегіміз-ақ болсын, – деп өзінің ақ тілегін арнаған жанға біз де ойлағандары оңынан оралып, кәсібінің өрлей беруіне тілектестігімізді жеткіздік!
Жадыра ЖОЛДАСОВА