Көктем. Көктем десе көңіліміз көтеріліп, көз алдымызға әлемнің құлпырған бейнесі, адамзаттың ақжарқын жүзі елестейді. Көктем келсе әр күніміз мейрам, әр сағатымыз жақсы сәттерге толы болатындай сезілетіні жасырын емес. Қыстың қытымыр аязынан босаған табиғат анадан бастап құлпыратын бұл мезгілдің ерекшелігі осында. Ал, көктемнің алғашқы күнін алғыс айту дәстүрінен бастауға шақырған Елбасымыздың бастамасы көптің көңілінен шыққан дүние болды. Бір-бірімізге кешіріммен қарап, көңілдегі кірбіңді сейілтіп, алғыс айту, тілек арнау адамдар арасындағы сыйластықты, қамқорлықты нығайта түседі. Таңның атысымен-ақ әлеуметтік желілерден желдей ескен құттықтауларға бір марқайып, көшеден көрген таныс білісіңді мерекемен құттықтап алғыс айтқанның өзі бір ғанибет. «Алғаның алғыс болсын» дейтін дана халық емеспіз бе!?
Қазақстандағы ұлттар татулығы мен бірлігін жаңаша деңгейге көтеретін ерекше мерекені Маңғыстау ауданы әкімі Ж.Айтуаров бастаған бір топ азаматтар аудандық ардагерлер үйінде ауыл ақсақалдарына алғыс айтып, ақ бата алумен бастады. Ешқандай ресми хабарлаусыз-ақ, үлкендердің қолын алып, алғысын жаудырған аудан әкімінің бұл әрекетіне ақсақалдар риза болды. Өз сөзінде Ж.Айтуаров «Алғыс - адамның адамға жасаған жақсылығы, көмегі, көңілі үшін ризашылық білдіруі, сондай - ақ оның ойы мен іс - әрекетіне, жасаған істеріне жоғары баға беруі. «Қарты бар елдің қазынасы бар демекші», мерекеде сіздердің ақ баталарыңызды алуды жөн көрдім. Еліміздің өркендеуіне, Маңғыстау ауданының гүлденуіне кезінде сіздер төккен тердің бағасы өлшеусіз. Еңбектеріңізбен, ақсақалдық ақылдарыңызбен жастарға үлгі болып жүре беріңіздер. Сіздерге мың алғыс!» - деді.
Алғыс айту күні жылдан жылға аясы кеңейіп, бүгінде қазақ еліндегі барлық адамдардың бір-біріне деген мейірімі мен қамқорлығын танытатын күн ретінде атап өтілуде. Мерекеге орай ұйымдастырылған шаралардың ізін аудандық мәдениет үйінде «Қайырымды ел» акциясы аясында ұйымдастырылған «Жақсылық жасайық» концерті жалғады. Маңғыстау ауданы өнерпаздарының мың бұралған биі, тамылжыған ән мен күйіне еліткен көрермен ерекше кештің куәсі болды. «Қайырымдылық жасасаң, қайырын өзің көресің» деп халық даналығында айтылғандай, тұрмысы төмен, көпбалалы отбасыларға қарлығаш көмектерін көрсетемін деушілердің қарасы көп болды, бірінен соң бірі көмек жәшігіне өз разылықтарымен ұсынған қаржылай көмектерін салып жатты.
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: Ғажаптар көрмесіндей Маңғыстауым!Кеш соңында сауап арқалаған көпшілікке аудан әкімі Ж.Айтуаров, аудандық мәслихат хатшысы А.Сарбалаев алғыс айтып, халықтан жиналған барлық 570 мың теңгені әлеуметтік қолдауды қажет ететін Шетпе селосының екі отбасына теңдей бөліп берді. «Көп түкірсе көл» демекші, аз ғана уақыттың ішінде жиналған көмекте халықтың ыстық ықыласы, қамқорлығы сезіліп тұрғандай болды. Көздеріне жас алған отбасы мүшелері аудан әкіміне, ұйымдастырушыларға ризашылықтарын айтты.Екі отбасыға аз да болса бақыт сәулесін шашып, қуаныштарын еселеуге септігі тиген көпшілік кештен әсерлі көңіл-күймен тарасты. Қоғамның беріктігі халықтың бірлігінде, ынтамақтастығында, бір-біріне деген қамқорлығында екеніне тағы бір мәрте көзім жеткендей болды.
Айгүл РАХМЕТОВА