©
- Қазаққа келін болған қалай екен, Мария?
- Керемет! (күлді). Шындығында, бәрі жақсы. Көп нәрсе үйреніп жатырмын. Бірақ өзім қазақи ортада туып-өскеннен кейін маған қазақ отбасына келін болу айтарлықтай қиындық туғызған жоқ.
- Иә, дұрыс айтасыз, бойыңыздан қазақилықтың иісі аңқып тұр. Тілді де жетік меңгергенсіз. Осы тұста отбасыңыз, ата-анаңыз туралы, өскен ортаңыз жайында айта кетсеңіз.
- Әкем Шетпенің тумасы, ал анам Ресей жақтан. Жанұяда 1 ұл, 1 қызбыз, өзімнен кіші інім бар. Отбасымызда орысша сөйлесеміз. Бірақ әкем де, анам да қазақ тілін жақсы түсінеді. Інімнің қазақшасы жатық. Достарым түгелдей дерлік қазақтар болды. Кішкентайымнан биге әуес болдым. Көптеген халықаралық байқауларда болып, жүлделі орындар иелендік. Әр түрлі жанрдағы билерді билейміз ғой, бірақ жаныма жақыны қазақтың ұлттық билері болатын. Сол жердегі Гүлжан Жүгембаева деген ұстазым бидің қимылдарын ғана үйретіп қоймай, оның мағынасын, мазмұнын да қатар ұғындыруға тырысатын. Қазақи тәрбиені бойыма сіңіріп өсуіме бірден бір себепкер болған осы апайым деп айта аламын. Мектепте де қазақ тілін жақсы білгендіктен әртүрлі байқауларға, республикалық олимпиадаларға қатысып жүрдім.
- Отау құрамыз деп шешкенде жолдасыңыздың туыстары, сіздің ата-анаңыз қарсы болған жоқ па?
- Жолдасымның айтуы бойынша ешқандай қарсылық болмаған. Біз біраз жыл кездесіп жүрдік, олардың азды-көпті хабары болды. Ал, мен болашақ жолдасыммен оның алдында анамды таныстырып қойғанмын. Тек әкеме айтуға бата алмадым. Шешуші сәт жақындағанда анам жайлап жеткізді. Үзілді-кесілді қарсы болған ешкім жоқ, тек «Қызым, жақсылап ойландың ба, нақ сенімдісің бе» деп сұрады. Мен «иә» дедім. Сонымен үлкендердің батасын алып, отау құрдық.
- Өзіңіз жақсы білесіз, қазақ салт-дәстүрге өте бай халық. Құда түсу, сырға салу немесе қыз ұзату деген ғұрыптармен де жақсы таныс болуыңыз керек. Сіздерде бұл жағы қалай болды?
- Иә, қазақи тойларды көріп жүрмін ғой. Бұлардың қай-қайсысы да маған жат емес. Екі жақ өзара келіссе, алып қашуға да қарсы емеспін. Бірақ маған құда түсіп, қалың мал беріп, сырға салып, ұзатты. Анам артымнан жасауымды әкелді. Бұл тұрғыда таза қазақи салт-дәстүрмен той өтіздік.
- Әлеуметтік желіде өте белсендісіз. Суреттерден байқаймыз, нағыз қазақ келінісіз. Үстіңізде үнемі ұзын көйлек, қазақы кәжекей, басыңызда орамал. Мойындау керек, қазір өзге ұлт түгілі келін боп түскен қаракөз қыздарымыздың өзі «заман өзгердіге» салып, орамал тағудан қашқақтайды. Сіздің осылай киінуіңіздің себебі неде? Ата-ененің қаталдығы ма әлде жүрек қалауы ма? Қанша дегенмен әртүрлі ұлт болғаннан кейін өзгешіліктер болады. Қазақ отбасына бірден сіңісіп кетуге не көмектесті?
- Өзіме осылай киінген ұнайды. Сонымен бірге, қазақтың келіні болғаннан кейін барлық әдет-ғұрыпты ұстануға міндеттімін деп есептеймін. Оның үстіне ата-енемнің де көңілінен шығуға тырысамын. Таңертең ерте тұрып, сәлем салып, шай берем. Әрине, дұрыс айтасыз, әр ұлттың тек өзіне тән ерекшеліктері болмайды емес болады. Қарапайым ас мәзірінің өзінде де. Үйде әкем қазақтың ұлттық тағамы етті жақсы көретіндіктен, арасында ет асатынбыз. Қазір осы тәжірибемнің көп көмегі тиіп жатыр. Енемнен үйренерім көп, өте сабырлы кісі. Білмеген жерімді жайлап, байыппен түсіндіреді. Қайынсіңлімді Еркежан, қайнымды Кенже деймін. Ата-енем мені қыздарындай көріп, айналып-толғанып отырады. Дәстүрлер арасындағы ерекшеліктерді осындай бауырмалдықтың арқасында оңай жеңуге болады деп ойлаймын.
- Жолдасыңызбен қалай таныстыңыз? Қазақ жігітіне тұрмысқа шығуға жүрексінген жоқсыз ба?
- Шынымды айтсам, қазақ жігітімен шаңырақ көтеремін деген ой үш ұйықтасам түсіме кірмеген. Бірақ тағдырым осы екен. Жолдасым да өнерден құр алақан емес, бұрыннан таныспыз. Әуелде дос ретінде араластық, кейін бұл сезім махаббатқа ұласты. Бірақ біздің оқиғамыз «Дудар-ай» әнінен сәл өзгерек болған сияқты. Мәриям Дударға арнап ән шығарса, жолдасым маған арнап өлең жазды. Жолдасымның қайтпас қайсар мінезі, табандылығы жүрегімді елжіретпей қоймады. Нәтижесі, мінеки, өзіңіз көріп отырғаныңыздай, бүгінде қазақтың келінімін. Қазақтың суын ішіп, нанын жеп келемін. Осыған дейін бұл ұлтпен жаным бір болса, ендігі жерде қаным да бір болмақ. Қазақтың дархандығына, кеңдігіне, баурымалдығына жер бетінде ешбір ел жетпейді. Осынау мерекеде барша қазақстандықтарды, отандастарымды, жаңаөзендіктерді шын жүректен құттықтаймын. Бір-бірімізге деген ықылас-ниетіміз ортаймасын.
- Әңгімеңізге көп рахмет!
Айжан НАСЫРОВА