©
Жақында денсаулығыма байланысты Ақтау қаласындағы «Нейрон» көз клиникасының бас дәрігеріне қаралуға барғанмын.
Көздерін көрсеткісі келетін жасы үлкені де, кішісі кезекке тұрдық. Қазақтың бір- бірімен танысып, уақыт өткізетін әдеті бар емес пе? Дәрігер ота кабинетінен шыққанша сол жерде көзіне ота жасатпақ болып отырған жасы үлкен 3-4 әжейдің әңгімесіне ортақтасып, өз көңіліме көп жәйтті түйіп қайттым.
Сенсеңіз, ол жерде көзін көрсетуге келген науқастардың үлкені 92 жастағы әжей бо- лып шықты. Сөзі түзу қарияның аузынан ағылған сөз алғыс айтудан басталды.
– Балаларым әкелді осында. Әже, көзіңіз көрмесе өзіңізге қиын болады ғой, – деп немерелерім де жанашырлық білдіріп қояды. Шын ниеттеріне Алла алғыс берсін. Қазір жақсы болды ғой, көзге ота жасатам деп алысқа барып керек емес, барлығы өз қаламызда жасалады. Құжат жинап, балаларым квота дегенге енгізіпті. Ертең ота жасаймыз, дайындалыңыздар деген хабар келіп, дәрігерге келдік. Келінім үйге кетті, мені осында палатаға жатқызайын деп жатыр, - дейді.
Оған екінші әжей де қосылды:
– Осы уақытқа дейін көзімді дәрігерге көрсетуге қорқып жүрдім. Қазір барлық жағдай жасалған, аппараттар да жақсы дейді, ота жасаймыз десе келісемін. Мені үйдегі келінім көндірді. Менің жағдайымның жақсы болғанын қалаған көңілдеріне рахмет. Келінім менің жағдайымды ойлайды, мен алғысым ретінде немерелеріме қарайласамын. Өйтпесе болмайды ғой, жастардың жұмыс жасауына жағдай жасайтын біз болмасақ, басқа кім? – деп ағынан ақтарылды.
Үшінші әжей 65 жасқа келген екен: – Мен үкіметтің жұмысында әлі жүрмін. Жұмыс жасағанды жақсы көрем. Компьютер алдында отырып көзімді нашарлатып алдым. Баяғы көңіл сол көңіл, жұмысқа жарап тұрғасын адам үйде отырғысы да келмейді екен. Әйтпесе, жағдайымды жасайтын балаларым да, келіндерім де бар, - дейді.
Төртінші әжейдің сөзімен әңгіме ауаны басқа жаққа қарай көшті.
– Менің көзіме де ертең ота жасайтын шығар. Дәрігер айтады деп күткізіп отыр. Бәрін айтта бірін айт, осы отырған бәрімізге Алла абырой берсін. Балаларымыздың арқасында осында келіп отырған кемпірлер екенбіз, ота сәтті шығып, үміттер ақталсын. Бұрынғының үлкендері абыройлы бол деп тілек айтушы еді. Бүгінгі келіндерге көбі «көп жаса» дейді. Әй, соның дұрысына күмәнім бар. Ауырып немесе есімізден айырылып, балаларға салмақ салып жатсақ, онда көп жасаған жақсы болмас. Одан да ешкімге салмақ салмай, өз уақытында жанымызды қамырдан қыл суырғандай білдіртпей алса екен. Осы жасқа дейін алжытпай жеткізген Аллаға да мың алғыс, қарайласып, жағдайымды жасап отырған балаларыма да ризамын, - деп күлімдеді.
Бірі ата-анасына, енді бірі түрлі жағдайда қолдау көрсететін жақындары мен туыстарына, бірі өзіне жақсылық жасаған бөгде жандарға да алғыстарын айтатын еді. Бүгінгі көрген үлкендерімнің алғысы риясыз көңілдерден шығып, әрбір сөздері тілектермен астасып, ризашылықтарын білдірумен аяқталып жатыр. Әжелердің қай-қайсысының да алдымен саналы ұрпақ берген Аллаға алғыстары мол екенін байқадық. Алғыстардың үлкені осы ма деп қалдым – өмірге келуге себепкер болған, адам қылған Аллаға, екіншісі ата-анаға алғыс. Ал, естір құлаққа тәтті алғыс, ата-ананың ризашылық сөзі екен.
Клара ҚАНСҰЛТАНОВА
Тағы оқыңыз: Маңғыстауда «Газ-химия кешені» жобасы іске асырылуда