Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Өркениетті қоғамда халықтың қолайлы өңірге қоныс аударуы-қалыпты үрдіс» деген қағидасы қазіргі кезде жұршылықтың назарын аударатын басты өмірлік мәселеге айналып отыр. Рухани жаңғырудың негізгі мақсаты елімізді қарқынды дамытуға әрбір адамның лайықты үлес қосуы және барша тұрғындардың тұрмыс тіршілігін сапалы дәрежеде жақсарту.
Осы орайда Бейнеудегі мәдениет үйінде өткен республикалық бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі маңызды шара болды.
Республикалық ауқымды қамтыған жәрмеңкеге Қостанай, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстарының арнайы өкілдері, жұмыс берушілер облыстық деңгейдегі халықты жұмыспен қамту орталықтарының басшылары, аудан әкімі орынбасарлары, ауыл әкімдері және Маңғыстау облысының жұмыспен қамтуды және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының орынбасары қатысты. Шарада аудан тұрғындарына бос жұмыс орындары ұсынылды.
Маңғыстау облысындағы қалыптасқан жағдайға сәйкес Бейнеуде де еңбек күші айтарлықтай артық, жұмыс іздеушілер жеткілікті. Ал аталған облыстарда жұмыс қолы тапшы, бос тұрған жұмыс орындары жетіліп артылады. Яғни, кәсібі бар адамдарға аталған аймақтарда нәсіп табылады. Осы тұрғыда республикалық жәрмеңке, Бейнеу өңірінің тұрғындарына өз мамандығы бойынша жұмыс табуға көмектесуге мүмкіндік берген шара болды. Жәрмеңкеге 200-ден аса адам қатысып, аталған облыстар мен аудан, ауылдары жайлы кеңінен мағлұмат алды. Ерікті қоныс аударуға ниетті адамдарға мемлекет, жол шығынын, жыл бойы баспана жалдауға кететін шығынды өтеуге субсидия бөлетіні қаперге берілді.
Осы орайда айта кетсек: Өткен жылы Павлодар облысы бойынша 50 отбасын қабылдауға квота бөлінсе, көшіп келушілердің санының көбеюіне байланысты бұл 69 отбасына ұлғайтылған. Көшіп барып, мемлекет ұсынған тиімділіктеріне ие болған отбасылардың барлығы жұмыспен қамтылып, басым бөлігі жеке баспаналарын сатып алып үлгерген. Бұл туралы шараның ашылу барысында Павлодар облысы жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарлама басқармасының көші-қон бөлімінің басшысы Меруерт Исембаева айтты.
Шара барысында аталған облыстардан келген жұмыс берушілер жергілікті кәсіпкерлермен кездесіп, аталған өңірлерде кәсіпкерлік саланы дамыту мүмкіндіктері жайлы мәселені талқылады. Республикалық жәрмеңкеде қоныс аударуға ниет білдірушілердің де қатары біраз болды.
Айнахан ЕСЕТ