©
Облыс әкімі Ералы Тоғжановтың бастамасы негізінде ұйымдастырылған «Асар» қайырымдылық акциясы Мұнайлы ауданында белсенділікпен жүзеге асты. Аудан әкімі Жаңа жылдық мереке қарсаңында елге еңбегі сіңген, талай рет мемлекеттік марапаттар алған ата-апаларымыздың үйлеріне арнайы барып құттықтап, өзінің жүрекжарды лебізін жеткізді. Сонымен бірге көмекке мұқтаж жандарға да барып, хал-жағдайларын біліп, мерекелік тартулар жасады.
Аудан басшысы және қоғамдық кеңестің төрағасы, облыстық мәслихаттың депутаты Табылды Әміров, ардагер Қыдырбай Жүпбанов, ауыл әкімі Қалқатай Өтемұратов Маңғыстау ауылында тұратын еңбек ардагері, көп балалы ана Дәмегүл Сәрсенбаеваның шаңырағына барып, Жаңа жылмен құттықтап, заттай азық-түліктік тартулар жасады. 1939 жылы туылған алтын құрсақты ана 12 ұл-қыз тәрбиелеп, ұлды ұяға, қызды қияға қандырған жан екен. Медицина саласында жемісті еңбек еткен ана қазір кенже ұлы Мәліктің қолында тұрады. Баласы мен келіні Жадыра ардақты ананы барынша аялап, күтіп отыр.
Ол кісі бес уақыт намазын үзбей, немерелеріне ақылшы болып отырған жайы бар.
– Біз секілді жасы келген қариялардың жағдайын сұрап, заттай көмектерін ұсынып отырғандарына алғыс айтамын. Өркендері өссін, ел үшін жасап жатқан еңбектеріңіз жемісті де табысты болсын, – деді ризашылықпен алтын құрсақты ана.
Акция аясында арнайы шыққан топ Баянды ауылында тұратын, Ұлы Отан соғысының ардагері Абдулла Утаев ақсақалдың үйіне барды. 1923 жылы туылған ақсақал қанды соғысты бастан кешкен. Небір сұрапыл шайқастарға қатысқан. Бүгінде бейбіт өмірдің дәмін татып отыр. Осы күнге жеткізгеніне шүкіршілік етеді. Ардагер ақсақал баласы Амангелді мен келіні Аққұбаштың қолында тұрады. Олар ол кісіге барлық жағдайды жасап, қамқорлыққа бөлеп отыр. Соның арқасында ақсақал әлі де қуатты. Арнайы келген топ мүшелеріне өз алғысын айтып, батасын берді. Тәуелсіздік күні мерекесі қарсаңында ақсақалға аудан әкімі арнайы келген болатын. Сонда мерекемен құттықтаған аудан басшысы Мұнайлы ауданында жаңадан ашылып, іске қосылған «Сауқымбек» ұнжарма комбинатының ұнын тарту етіп, дәмін татқызамын деген еді. Сол уәдесін орындап, бір қап ұнды тарту етті. Келініне арнайы айтып, ұннан бауырсақ пісіріп беруін өтінді. Бұған ардагер шексіз риза болды. Уәденің іс жүзіне асқаны ғой, бұл деген.
Қайырымдылық акциясы аясында аудан басшысы Атамекен ауылдық округіндегі Қалам қас көшесі, №71 үйде тұратын Азамат Қалмағанбетовтың үйінде болды. Он жеті жасар Азамат апасы Бағила Исаеваның қолында тұрады. Ол қаладағы «Туризм» колледжінің 2 курс студенті. Ата-аналары қайтыс болған. Арнайы топ мүшелері аруақтарға Құран бағыштап, мерекемен құттықтап, азық-түліктер тарту етті. Олар да өз ризашылықтарын білдіріп жатты.
Дәл осындай шара Батыр ауылдық округіндегі «Тамшалы» шағынауданындағы 12 көше, №40 үйде де өз жалғасын тапты. Мұнда жалғызбасты зейнеткер Нәжімедин Уразбаев тұрады. Оның жолдасы он жыл бұрын қайтыс болған екен. Үш қызы тұрмыста. Қайырымды жандардың арқасында үйіне ток желісі тартылып, жарық берілді. Аудан әкімі бастаған топ күнделікті тұрмысқа қажетті техникалық құралдармен және азық-түлікпен қамтамасыз етті. Зейнеткер ағамыз риза болып, алғысын айтты.
Облыс басшысының бастамасын мұнайлылықтарда қызу қолдады. Жер-жерде қайырымдылық шаралары өтті. Әлі де жалғасуда. Бұл деген сөз ел ішінде қайырымды жандардың көп екендігін аңғартады. Қиналғанға қол ұшын созу, жәрдемін беру – қанымызға сіңген асыл қасиет. Ардагерін ардақтап, жетімін жылатпай, жесірін қиналтпай, қатардан қалдырмай, мәпелеу сонау ықылым заманнан келе жатқан қасиетті қазынамыз. Бұл жолы да мұнайлылықтар соның үдесінен шыға білді
Д. ХАНСҰЛТАН
Тағы оқыңыздар: Ескерткіштер қалай қорғалып жүр?