Қазақы әдет-ғұрып, салт-дәстүрді берік ұстанған үлгілі отбасы мерейін үстем ету мақсатында өтетін өңірлік «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауы өз мәресіне жетті. Бас бәйге берекесі артып, бірлігі жарасқан Құрмашевтар отбасына бұйырды. Алыс-жақын, ағайын-туыс, дос-жаранға сыйлы жанұя мерейі тағы бір мәрте тасыды. Отағасы Алдаберген Құрмашев - білім беру ісінің үздігі. 48 жыл көлемінде табанды еңбекпен толағай табысқа кенелген жан. Балпанақтай 7 баланы бағып-қағып, бойын түзеп, ержеттірген еңбекқор әке бүгінде ұл-қыздың қуаныш-қызығына бөленіп отырған жайы бар. Бәрі дерлік білім-білігі, тәжірибе-тәлімі толысқан мамандар. Әке ізін қуып, ұстаздық еткен, жеке кәсіптің құлағын ұстаған ұл-қызы да өз ортасында абыройлы азаматтар. Бас жүлдені былтырғы жалпыұлттық байқау жеңімпазы Орын Құлсариев табыстады. Жеңіс жұғысты болғай!
Голрох ЖЕМЕНЕЙ
Суреттерді түсірген - Талант ҚҰСАЙЫН