Өткен бейсенбі күні «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалында өткен партиялық тыңдау «Агроөнеркәсіп кешенін дамытудың 2017 – 2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының орындалысы» тақырыбына арналды. «Аграрлық сала» бағыты бойынша сараптамалық комиссия отырысында аталған бағдарламаны жүзеге асырып отырған мемлекеттік мекемелердің басшылары баяндама жасап, комиссия мүшелері мәселелерді талқыға салды.
Жиында облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Серік Қалдығұл бағдарлама бойынша жасалып жатқан жұмыстардан хабардар етті.
–Осы жылы қаңтар-қазан айларында ауыл шаруашылығының өнім көлемі 10 458,8 млн.теңге, оның ішінде өсімдік шаруашылығында 2443,8 млн.теңге, мал шаруашылығында 7986,9 млн.теңге болды. Тұрақты бағамен өнімнің нақты көлем индексі 105,6 пайызды, егін шаруашылығында 115,7 пайыз, мал шаруашылығында 103 пайызды құрады. Осы жылдың 1 қазанындағы көрсеткіш бойынша ірі қара мал саны 17,8, қой 10,5, құс 36 491, ешкі 13, жылқы 13,3, түйе 12,5 пайызға өсті. Биыл асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуға, өнімділігі мен сапасын арттыруға жергілікті бюджеттен 6000,3 млн.теңге бөлінді. Облыста 36 асыл тұқымды мал шаруашылығы бар. Егін шаруашылығын дамытуға жыл басында 181 000,0 теңге бөлінді. Егін шаруашылығына бөлінген субсидияның Түпқараған мен Мұнайлы аудандарында игерілмеу қаупі бар, – деді Серік Сырымұлы.
Ол өз сөзінде бұл мәселеге қатысты бірнеше мәрте ескерту жасалса да кейбір аудан әкімдіктері, ауылшаруашылығы басқармасының аудандағы бөлімдері жүйелі жұмыс жасамайтынын, мамандардың тапшы екенін, бұл мәселеге немқұрайлы қарап отырғанын айтып өтті. Серік Сырымұлының айтуынша, осы жылға инвестициялық салымдар кезінде өнеркәсіптік кешен субъектісі шығыстардың бір бөлігін өтеу бойынша субсидиялау үшін 260,240 млн.теңге бөлінген. Осы жоба аясында биыл 43 құдық қазылған.
–Облысымызда өткен жылдан бері 19 кооператив құрылды. Ауыл шаруашылығы министрлігімен өнімнің 9 түрін (сүт,ет, жүн, майлы дақылдар, астық, жеміс- көкөніс, қант қызылшасы, картоп) қайта өңдеудің Картасы жасалды. Бұл картаға біздің облысымыздан сүт, ет және жүн өңдейтін 7 қайта өңдеу кәсіпорны кірді. Атап айтсақ, «Ақтау сүт», «Ақ-нек», «Бейнеу сүт зауыты», «Жаңаөзен сүт зауыты», «Миллина Фуд» ЖШС-і. «Қарағантүбек», «Сенек» ЖШС ет бағыты бойынша жұмыс жасайды. «Бейнеу астық терминалы» ұн тарту кәсіпорны 2015 жылы 30 462 тонна ұн, 11872 тонна кебек, өткен жылы 28 185,7 тонна ұн, 11 406,5 тонна кебек, осы жылы қаңтар-қыркүйекте 11 630 тонна ұн, 5 068 тонна кебек өндірді. Бұл өнімдер Маңғыстау, Атырау,Оңтүстік Қазақстан облыстарына саттыққа шығарылды, – деді ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Серік Қалдығұл.
«Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Нұри Тумышев жем мәселесін көтерді. Серік Сырымұлы аудан, ауылдарға бұл мәселеге қатысты хат жібергенде мал азығы қажет еместігі туралы жауап алғанын жеткізді. Қаңтар, ақпан, наурыз айларында жем тапшылығы болмас үшін әр ауданға кемінде 3 вагон жем қорын алып қою жоспарланып отырғанын жеткізді.
–Ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің сатып алған технологиялық жабдықтың және ауыл шаруашылығы техникасын лизингі бойынша сыйақы мөлшерлемелерін субсидиялауға 17 139 млн.теңге қаржы қаралды. Екінші деңгейдегі банктерден 14 пайызбен несие алған шаруалардан 70 өтінім түсіп, 60-ына оң шешім қабылданды. Қазіргі таңда субсидяи беру үшін құжаттар қабылдануда. Балық өсіру шаруашылығын жүзеге асырып отырған Қазақ-Бекіре» ЖШС ғылыми-өндірістік кәсіпорнына жеміне кеткен шығының 30 пайызын субсидиялауға келесі жылы 13 млн.теңге бөлеміз, – деді Серік Сырымұлы.
Жиында «Ауылшаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ облыстық филиалының директоры Мұрат Баймағамбетов жалғыз ауыл шаруашылығы басқармасына барлық жұмысты атқару қиынға соғатынын, мемлекеттік мекемелер көмектесу қажеттігін жеткізді. Жуырда министрліктен келген мамандар аграрлық салаға қатысты бағдарлама бойынша семинар өткізгенде аудан әкімдері, ауыл әкімдері қатыспағанын, мемлекеттік қолдау бойнша берілетін көмектерден, соңғы ақпараттардан хабарсыз екенін айтып өтті.
«Маңғыстауагросервис» ЖШС директорының міндетін атқарушы Нұрлан Әлімбай агроөнеркәсіп кешенін дамыту және ауыл шаруашылығы кәсіпкерлерін қолдау бағытындағы атқарылған жұмыстарды баяндады.
–Мал түліктерін сатып алуға, ауыл шаруашылығы техникасы мен технологиясын, көлікті және қосалқы бөлшектерін, мал азығын лизингке береміз. «Агробизнес – 2017» бағдарламасы бойынша 2013–2016 жылдары 223 шаруаға 307 млн.теңге көмек бердік. Биыл мемлекет тарапынан бөлінетін қосымша қаражатсыз айналым қаржылық қызметтерінің арқасында 30 шаруаға 74,6 млн.теңге бөлдік. Ауыл шаруашылығы кәсіпкерлерінің сұраныстарын уақытылы орындауға ең басты кедергі – сұраныстарды мемлекеттік сатып алу веб порталы арқылы ұзақ уақыт жүзеге асуы, – деді баяндамашы.
Тағы оқыңыздар: Келесі жылдан бастап атаулы көмек шартпен беріледі«Ауылшаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ облыстық филиалының директоры Мұрат Баймағамбетовтың айтуынша, биыл 140 кәсіпкерге мемлекеттік бағдарламалар аясында 502 095 теңге несие берілген. Бұл несиенің 80 пайызы ауыл шаруашылығын дамыту мақсатына бөлінген.
«Атамекен» ҰКП» өңірлік филиалы төрағасының орынбасары Нұржігіт Хайруллаев талдау нәтижесіне сәйкес ауыл шаруашылығы кенже қалып отырғанын жеткізді. Халықтың, мемлекеттік мекемелердің бағдарламалардан бейхабар екендігін айтты.
–Біз келесі жылы облыстың 44 ауылында 123 семинар өткізіп, жергілікті халықты оқытамыз. Облыста құрылған 19 кооперативтің ішінде іске кірісе алмай жатқандар да, жұмысын бастап, несие алып, кәсібін бастап кеткендер де бар. Жұмысының жүруі мүшелердің салымына байланысты. «Бір ауыл – бір кооператив» пилоттық жобасын Онды ауылынан бастауды жоспарлап отырмыз. Өңірде түліктердің 80 пайызы жеке үйде, 20 пайызы шаруа қожалықтарында. Үкіметтен берілетін көмектің 80 пайызын шаруа қожалықтары, 20 пайызын жеке үй шаруашылығындағы тұрғындар алады. Мәселен, Онды ауылында 160 үй болса әрқайсысында 2-3 түйе, 1 сиыр, 5 қойдан бар делік. Кооператив солардың өнімдерін біріктіріп, етін,сүтін, жүнін өткізуге жұмыстана алады. Кооператив өнімді өңдеуші цехқа тапсырды. Кооператив сүт сауған тұрғыннан өнімді 450 теңгеден алып, цехқа 500 теңгеден сатады. Осы 500 теңгенің 120 теңгесіне субсидия беруді жоспарлап отырмыз. Есептеп қарасақ, Онды ауылында 800 бас түйе бар. Оның 400-і аналық болса, 150-і бір жылда боталайды. Мәселен, 120 бас түйеден күніне 500, айына 15 мың, 1 жылда 180 тонна сүт сауылады. Оны сатқанда кооперативке тек түйе сүтінен 111,6 млн.теңге пайда түседі. Осындай пайдалы, тиімді тұстарын халыққа түсіндіреміз,– деді Нұржігіт Хайруллаев.
Жиын қорытындысында хаттама толтырылып, құзырлы басшыларға тапсырмалар берілетін болады.
Фарида МҰҢАЛҚЫЗЫ
Суретті түсірген Талант ҚҰСАЙЫН