Өскен ортаң, жүрген жерің, жұмыс орның, жалпы төңірегің таза болса көңілің көтеріңкі, денің сау, басың аман болады. Әсіресе, қала көшелері әртүрлі формадағы тал-теректермен, қызылды-жасылды алуан түрлі гүлдермен көмкеріліп тұрса тынысың кеңейіп, жаның жадырап, еңсең тік жүреді.
Жылдан-жылға өзің тұрып, бала-шағаң, отбасыңмен күнкөріп, өмір сүріп жатқан сүйікті қалаңның сыртқы келбетіне сұқтана қарап, таза, мәдениетті, үлгілі шәһарға айналып келе жатқанына іштей сүйсінесің. Сүйсінесің де көбінесе еңбектері елене бермейтін, жаздың мыс қайнаған ыстығы мен қыстың боранды суықтарынан сақтанып, беттерін тұмшалап, жауырындарында «Тазалық МКК» деген жазуы бар сары күртеше киген қыз-келіншектеріміздің ерінбейтін еселі еңбектеріне дән риза боласың. Кейде осыларға қандай көмек, нендей жақсылық жасауға болар екен деп еріксіз ойға батасың.
Сөйтсем, олар көше жүргіншілері мен автокөлік жүргізушілерінен аса көп көмек күте қоймайды екен. Тек бар тілегі, көше жүргіншілерінің жүріп бара жатып ішкен-жеген тағамдарының ыдыстарын, жүріп бара жатып шеккен темекі тұқылдарын, тіпті тауықтың тезегіндей жап-жасыл, көкпеңбек насыбайларын кезкелген жерге түкіре салмауы екен. Бірақ оған олардың еттері де әбден үйреніп алғандай. Сыпырған жерлеріне тасталған тастандыларды қайта барып сыпырып алуға ерінбейді, іштей ренжісе де сыртқа білдірмейді. Әсіресе, қолдарындағы сіпсе, шелек (арнайы дөңгелекті ыдыс), күректерімен бірге жол белгілерін де қоса арқалап жүретін «нәзік жандыларды» көргенде жаның ашиды. Себебі, олар әлгіндей күнделікті құрал-жабдықтарына қоса ескертуші жол белгілерін еріккеннен арқалап жүрген жоқ. Бұрын қала ішіндегі автокөлік жолдарын жауын-шашын, қар-жаңбырлы, шық-шылаулы, тұманды, қыстың қыраулы күндерінде ерсілі-қарсылы өтіп жатқан мәшинелер мұзғалаққа тайып, жүргізушілер жол көлік оқиғаларына ұшырамай, аман-есен жүрсін деп жолдың қарын, жаңбыр суының ақабасынан пайда болған балшықтардан тазартамын деп жүріп өздері де орынсыз зардап шегіп, қайғылы оқиғаларға тап болғандары бар. Сонда да біздің кейбір жүргізушілеріміздің желігі мен есерлігі басылар емес. Әсіресе, мәшинесіне бойжеткендерді толтырып мінгізіп алған бай-бағландардың бозбалалары тым құрыса мәшине жылдамдығын төмендетудің орнына, жол сыпырып жүрген анасындай адамдардың үстіне шалшық су шашып өте шығатынын, «ерлікке» балап, қыздардың алдында мәз болады.
Осылармен қоса ауылдар мен қаладағы қуыс-қолтықтар мен көшелердің әр жерінде салынып жатқан ғимараттардың құрылыс жұмыстарының қалдықтарын тазалау да осылардың мойнында. Бұлар аптаның сенбі, жексенбісінде де жұрт сияқты дем алмайды. Жеті күн, яғни жыл бойы тынымсыз жұмыс жасайды. Әрине, белгіленген кестемен. Сондықтан баяғы пролетариат көсемінің «Еден сыпырушылардың еңбегін – құметтеңіз!» («Уважайте – труд уборщицы!») деген жалынды сөзі көнекөз қандастарымыздың есінен кете қоймаған шығар.
«Тазалық» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнында елеусіз еңбек етіп, бірақ маңызды іс тындырып жүрген бүгінгі таңда мыңнан астам (штаттық кесте бойынша 1090 - М.Ұ) адам бар. Осыларға қосымша 149 адам маусымдық жұмыстарға тартылған. Сондай-ақ, әртүрлі қоғамдық жұмыстар үшін қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінен тапсырыспен келген 120 адамның 100-110-ы күнделікті жұмыстарға қатысады. Әрине, соңғы топтың атқаратын істері белгіленген мерзім бойынша жүргізіледі. Көпшілігі 6 айлық мерзімге келсе, жұмыс жағдайларына байланысты мерзімдері жыл ақырына дейін ұзартылған. Оларға белгіленген жалақыны қалалық жұмыспен қамту бөлімі төлейді.
- Біздің мекеме қала мен Теңге және Қызылсай ауылдарында тазалық жұмыстарын жүргізеді. Ал Рахат ауылының контейнерлерге жиналған қоқыстарын қала сыртындағы «Тұрмыстық қатты қалдықтарды өңдеу және көму комбинатына» жеткіземіз, – дейді кәсіпорын директорының қаржы бойынша орынбасары Қарлыға Құрмантай. – Сондай-ақ, біздің МКК тек қана тазалық жұмыстарымен шектеліп қалмаған. Жоғарыда айтылғандай маусымдық жұмыстарға қабылданған 149 адамның қатысуымен қалада абаттандыру жұмыстарын атқарамыз. Жол жиектері мен аялдамаларды жөндеп, өрнекті тастармен безендіріп, сырлау-бояу жұмыстарын жүргіземіз. Сол сияқты егілген тал-теректер мен көше гүлдерін суарып, күтіп, баптаймыз. Ал күзде келесі жылдың көктемгі жұмыстарына әзірлікті бастап, тағы да көшеттер отырғызып, саябақтарға көгалдар (газондар) төсейміз. Сосын маусымдық жұмысшыларды келесі жылдың мамыр айына дейін ақысыз демалысқа жібереміз.
Иә, Қарлыға Бауыржанқызы дұрыс айтады. Аталмыш мекеме ұжымы қалалық әкімдіктің алдындағы бұрынғы Тәуелсіздік алаңын қала халқының игілігіне жарату үшін саябаққа айналдырып жатыр. Осы күнге дейін көз қуантарлықтай біраз жұмыстар атқарылған. Алдағы 16 желтоқсандағы Тәуелсіздік мерекесіне орай саябақтың көптеген жұмыстарын бітіруді жоспарлап отыр.
– Биыл «Жаңаөзен қалалық тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық және тұрғын-үй инспекциясы бөлімі» мемлекеттік мекемесімен жасалған келісімшарт бойынша тиісті қаржы бөлінді. Қазір бұрынғы алаңды саябаққа айналдыру жұмыстарын жүргізіп жатырмыз, – дейді Қарлыға Құрмантай. – Ол жерге келесі жыл үшін көгалдандыру жұмыстарының негізін осы күзден бастап қалаудамыз. Бұрынғы жұмыс жасап тұрған екі су бұрқақтың сыртқы келбетін қайта өңдеп безендірдік. Тағы да саябақ ортасынан көлемі 70х30 метрлік су бұрқағының орнын дайындап қойдық. Қоғамдық әжетхана саламыз. Адамдар отыратын 12 күрке (беседка) қойдық. Қазақ ұлттық ою-өрнектерімен көмкерілген 80 дана орындық қойылатын болады. Осы күнге дейін соның 40 данасы орнатылды. Бәрінің қасында міндетті түрде қоқыс салатын жәшік болады. Сосын саябақтың екі жағына, «Самал» және «Өркен» шағынаудандары жағынан адамдар кіріп-шығатын жоғарғы жағы доға (арка) екі есік қойылады. Ол есіктер де қазақы ою-өрнектермен қапталып, көмкеріліп, безендіріледі. Саябаққа келіп демалушылардың ыңғайлы жүріп-тұрулары үшін екі-үш түрлі кеспе тастар төселеді. Бұл құрылыс материалдарының бәрі «Тұрмыстық қатты қалдықтарды қайта өңдейтін және көметін» өзіміздің комбинаттың өнімдерімен қатамасыз етіліп жатыр.
Қазақта «Кез келген жаңалықты, кез келген жақсылықты мың рет естігеннен бір рет көрген артық» деген сөз бар. Сондықтан Қарлыға ханым айтқан комбинатқа қарай жол тарттық. Әрине, аталмыш комбинат «Жаңаөзен-Ақтау» күрежолының 12-шақырымының оң жағындағы жарқабақтың астындағы ойпатта орналасқан.
Жұмыс күнінің аяғы жақындағандықтан әлгі жарқабаққа тынымсыз кіріп, шығып жататын қоқыс тасушы мәшинелердің керуені саябырлапты. Есесіне комбинатта күнделікті жұмыс қарқынды жүргізіліп жатыр. Комбинаттың арқа жағындағы сайдың түбіне төгілген тау-тау болып үйілген қоқыстарды жұмысшылар сайлап, іріктеп, жеке-жеке бөліп, сұрыптап жүр. Үлкен қанарларға салынған ескі-құсқы шарқалталарды, баклашка сияқты пластмасса бұйымдар мен кардон қағаздарды «ЗИЛ-130» маркалы мәшине комбинат цехтарына тасымалдауда. Ал алып грейдер жарамсыз, істен шыққан ескі темір-терсектерді, сондай-ақ іске аспайтын ұсақ-түйек қоқыстарды залалсыздандыру үшін бульдозерлермен бірлікте жер астына көміп жатыр.
Бұдан үш-төрт жыл бұрын іске қосылған комбинатқа негізінен Беларусьтің құрал-жабдықтары қойылған. Олардың ішінде жерге төселетін кеспе тастар, ғимараттардың шатырлары және жол жиектері мен аялдамаларды безендіруге қолданылатын ою-өрнекті тастар бар. Бұл өнімдер, яғни шикізаттар бастапқыда іріктеу жүйесінен өтеді. Сосын қатты шарқалталар мен пласмассалық бұйымдар турағыш құрылғыларына келіп түседі. Одан соң арнайы пешке салынып жоғары температурада, яғни 240-280 градус ыстықта балқытылып, әртүрлі бояулар қосылып, Жаңаөзендегі «24-тің» жергілікт сары құмы араластырылады. («24» деген «Жаңаөзен-Ақтау» күрежолының 24-шақырымындағы жер. Жергілікті тұрғындар ол жерді осылай атап кеткен - М.Ұ). Осы құмды алып пайдалану үшін бұлар жылда қаладағы «Теміртас-1» ЖШС-мен келісімшарт жасасады.
Өздерінен артылған пласмасса өнімдері мен кардон қағаздарды реттеп, буып-түйіп, престеп байлайтын құрылғылар да нәтижелі жұмыс жасап тұр. Әрине, оларды өзгелерге сатып, қаржы тауып, қазынаның қазанына құю үшін жасалады.
- Бізге күн сайын ауыл, қала тұрғындарынан 150, мекеме, кәсіпорын, өндірістерден 50 тонна қоқыс келеді, – дейді бізбен әңгімелескен комбинат басшысы Сәрсен Қайырбаев. – Ауылдардан келген қоқыстардың ішінде құрылыс материалдарының қалдықтары мен малдардың қилары көптеп кездеседі. Әрине, ол заңды құбылыс. Ал мекемелерден келгендерде түсті, түссіз металдар мен күйіп кеткен электр лампалары көбірек болады. Олар жер астына көміледі. Содан өзімізге қажетті шикізаттарды сайлап алып, айына 200-250 шаршы метр брусчатка мен дайын күйіндегі шатырлар шығарамыз. Яғни, жылына 2,5 мың шаршы метр өнім өндіреміз деген сөз. Өндірілген өнімдерімізді қаламыздың жеке кәсіпкерлері мен тұрғындар сатып алып жатыр. Жақыннан бері Ақтау қаласының жеке кәсіпкерлері де ала бастады. Мынау престеп буып-түйіп қойған баклашка, маклатураларға да сұраныстар артып бара жатыр. Мысалы, екінші рет қайта өңдеу үшін макалтураны Алматыдан кәсіпкерлер келіп, сатып алып жатыр. Ал баклашкаларды ақтаулық кәсіпкерлер ары қарай екінші өңдеуге жіберу үшін бізге келіп алып кетіп жатыр. Біз олардың сұраныстарын өтеу үшін алдын-ала престеп, буып-түйіп, дайындап қоямыз.
Біз әңгімелеп отырған комбинатта бүгінгі таңда жалпы 75 адам тұрақты еңбек етіп, нәпақа тауып, отбасыларын асырап отыр. Жалпы адам баласының атқан әрбір қадамы сәтті болып, еңбегі еленіп, ісі өнімді әрі жемісті болған сайын алға қарай құлшына түседі.
«Болмасаң да ұқсап бақ,
Бір ғалымды көрсеңіз.
Ондай болмақ қайда деп,
Айтпа ғылым сүйсеңіз» деп, данышпан Абай айтқандай үнемі алға ілгерілей беру керек. Биікке тырмысып, шыңға өрлеген сайын, өрісің кеңейіп, өрең шыңдалып, кемелдене түсесің. Шетелдердің болмашы, сапасы судай, бағасы удай жылтырақ дүниелеріне тәуелді болмай, қолда бар затыңды ұқсата біліп, өзің жасап шығарып, өз игілігіңе пайдаланғанға не жетсін?! Біріншіден, өз дүниең өзіңе сенімді болады. Қалтаңдағы ақшаңды айдалаға шашып, құр бекерге рәсуә етпейсің. Құны көкке шарықтамай, бағасы қолжетімді, сапасы молжетімді болады. Сол үшін Беларусь Республикасынан тағы да мамандар шақыртып, комбинатты қайта жаңартып, қайта жаңғыртуды көздеп отыр. Сөйтіп жоғарыда шығарып жатқан өнімдеріне қоса, автокөлік жолдарына қойылатын кедергілер мен көшедегі су құбырлары құдықтарына қойылатын пласмасса қақпақтар жасауды жоспарлауда.
Әлгі өздерінен артылған баклашка, кардон қағаздарын да жан-жаққа тікелей сатпай, комбинаттың қуаттылығын арттырып, өздері өнім шығарудың көлемін арттырса тіпті жақсы. Ал қалдық қағаздардан өнім шығаратын құрылғылар орнатып, олардан да өнім шығара бастаса, нұр үстіне нұр болар еді. Себебі, қазір еліміз түгіл бүкіл әлем бойынша жарамды қағаз қасқалдақтың қанына айналып бара жатқаны шындық. Егер сол буылып-түйілген қағаздарды Алматыға аттандырмай, өзімізде шығарсақ, тым болмаса әртүрлі бұйымдарға қорап болуға жарайды ғой. Ал ақ қағаз шығарып жатса одан да пайдалы. Жалпы елімізді айтпағанда осынау кең байтақ өлкеміз тұрғындарының сұранысын қанағаттандыруға болар еді. Сонда екіншіден, қытайдың денсаулыққа зиянды қалташаларынан да құтылып, халыққа тағы бір қайырлы іс атқарылып, «Тазалық» тұрғындарға тағы бір тамаша тарту жасар еді деп ойлаймыз. Бірақ мұның бәрі қазірше арман, қиял ғана... Бірақ кім біледі, әлгіндей комбинаттың ішкі жасауларын беларустық мамандардың көмегімен орнатып, іске түсіріп жүрген жандар осынау арман, қиял, болжамдарды ақиқатқа айналдыруы да мүмкін емес деп айту әрине қиын. Сондықтан тек сәттілік тілейміз.
Жұмыс күні аяғына таяды. Біз ұжым мүшелерімен қоштасып жолға шықтық. Күнімен көрген, білгеніміз көз алдымызға қайта елестеп, санамызда қортылып, ойымызды шартапқа шарықтатып келеді. Тәуелсіздіктің үкім сүргеніне ширек ғасырдан асып бара жатыр. Содан бері біз жерасты және жерүсті байлықтарымызға әбден сеніп кеткен сияқтымыз. Әйтпесе, қоқыстан өнім өндіруге болатынын жақында ғана біліп жүрміз. Енді, міне, соны өз көзімізбен көріп отырмыз. Адам баласы талпынса, талаптанса, ниеттенсе болмайтын зат болмайды. Яғни, бәрі болады. Тек ынта мен ықылас, талғам мен талап, қажыр мен қайрат, ең бастысы сенім мен жігер керек. Әйтпесе, өзіміз менсінбей, мұрын шүйіріп жүрген қоқыстар мен шикізаттардың Қазақстанда қанша жылға жететін қоры жатқандығын құдай білсін. Әрине, соның ішінде Маңғыстау да бар. Ол үшін тағы таудай талап, еңбекке ерінбейтін құлшыныс, өнер, білімге деген ұмтылыс қажет. Анау қытай, жапон сияқты елдерден біздің қай жеріміз кем?
Жаңаөзенде де, жалпы Маңғыстау облысында «Тазалық» мекемесі сияқты құдайға шүкір іргелі кісіпорындар баршылық. Солардың қасынан осындай қосымша жұмыс көздері ашылса, халыққа да, мемлекетке де, еңбек ұжымдарына да аса пайдалы болар еді. Мысалы, «Тазалық» мекемесінің жоғарыда айтылған жұмыстарды атқаруына толық мүмкіншіліктері бар. Бұл мекемеде жалпы 1300-1350-дей адам жұмыс істеп отырғанын жоғарыда айттық. Ал кәсіпорын директорының орынбасары Қарлыға Құрмантай ханымның бізге берген мәліметіне қарағанда бүгінгі таңда мекеменің техникалық құдіреті де әлсіз көрінбейді. Өйткені оларда бүгінгі таңда жүк жүктеуші 3 «ХОН» тракторы, 3 жүк мәшинесі, 1 грейдер, 3 жеңіл автокөлік, 44 қоқыс таситын мәшинелері бар. Ол қоқыс тасушы мәшинелердің былтыр үшеуін, биыл сегізін жаңадан алған. Яғни, мемлекеттік мекеме үшін бұл да алып күш, жеткілікті мүмкіндік. Тек соның тиімді жолдарын, нәтижелі жұмыс істеуін әлі де қарастыра түскен жөн секілді.
Тағы оқыңыздар: «Алашқа» — 100 жыл
Міне, осындай мүмкіндіктердің арқасында «Тазалық» МКК Жаңаөзеннің ауыл, қаласының да тазалығын сақтап, абаттандыру, көгалдандыру жұмыстарын да қоса атқарып тұрғындардың денінің сау болуына өз үлестерін қосып келе жатыр. Сондай-ақ өздері өнім өндіріп, халықты бірқатар құрылыс материалдарымен қамтамасыз етіп, ел алғысына бөленіп жатыр. Ең бастысы қолда бар мүмкіндіктерді ұтымды пайдаланып, қоқыстан қаражат тауып, халықты жұмыспен қамтып, қаладағы жұмыссыздық мәселелерінің сәлде болса азаюына септігін тигізуде.
Мұратбай ҰЛЫҚПАН, Жаңаөзен қаласы