Мұнайлы ауданына жұмыс сапарымен барған облыс әкімі Алик Айдарбаев Атамекен ауылындағы жеке меншік спорт кешенінің ашылуына қатысып, бірқатар әлеуметтік маңыздағы нысандардың жұмысымен танысты.
Атамекен ауылының орталығынан орын тепкен «Иса» спорт кешенінің ашылуына айтулы күнді аңсап күткен ауыл тұрғындары жиналды. Көтеріңкі көңіл мен шадыман шаттықа бөленген тұрғындарды облыс әкімі Алик Айдарбаев құттықтады.
– Құрметті, Мұнайлы ауданының тұрғындары! Баршаңызды бүгінгі қуаныштарыңызбен құттықтаймын! Елбасымыз Н.Назарбаев бұқаралық спортты дамытуға, жастармыздың салауатты өмір салтын сақтауына ерекше назар аударып отыр. Облысымызда соңғы жылдары көптеген спорт нысандары салынып, ел игілігіне пайдалануға берілді. Мемлекеттік- жеке меншік әріптестіктің тетігі аясында өңірімізде әрбір кәсіпкер мектеп, балабақша, спорт кешенін салуына, мемлекеттен көмек алуына болады. Барша тұрғындар атынан кәсіпкерге алғыс айтамын. Осы спорт кешені ауданның, облыстың, еліміздің мерейін өсіретін жеңімпаздар ордасы болсын!, – деді облыс әкімі Алик Айдарбаев. Салтанатты сәтте аймақ басшысы Алик Серікұлы жас спортшыларға спорттық үлгідегі киімдерді сыйға тартты.
Ауыл тұрғындары атынан сөз сөйлеген Сәрсен Жандауов кәсіпкерге алғыс айтып, игі лебізін білдірді. Көптен күткен қуанышты сәт те келіп жетіп, жаңа спорт кешенінің лентасы қиылғанда, тұрғындар шашу шашып, «Құтты болсын!» айтты. Кешеннің директоры Асқарбек Исаевтың айтуынша, мұнда бір уақытта 6 жас пен 25 жас аралығындағы 150-200 адам спортпен шұғылдана алады.
– Бұл нысан – біздің отбасылық жобамыз. Өзіміздің қаражатымызға 2,5 жыл ішінде салып бітірдік. Алдағы уақытта мемлекеттен қолдауға ие боламыз деген сенімдемін. Ғимаратта кең зал, қыздар мен ұлдарға арналған киім ауыстыратын, жуынатын бөлмелер бар. Мұнда еркін күрес, бокспен айналысуға, фитнеспен шұғылдануға толықтай жағдай жасалған. Алдағы уақытта қазақша күрес үйірмесін ашуды жоспарлап отырмыз. Қазіргі таңда 15 адамды жұмыспен қамтып отырмыз. Заманауи озық үлгідегі құрал-жабдықтар Ресей мен Алматы қаласынан әкелінді. Үйірмелерге қатысу құны 3-5 мың теңге аралығында. Күнделікті таңертеңгі 8.00-ден кешкі 23.00-ге дейін жұмыс жасаймыз. Қазіргі таңда осында шынығуға 80 адам жазылды, – деді спорт кешенінің директоры Асқарбек Исаев.
Облыс әкімі Алик Айдарбаев іссапар барысында өткен жылдың аяғында ашылған «Ынтымақ» мал сою пункітіне және сату базарына барды. Жеке кәсіпкер Арыстан Әлібеков ашқан нысанда зертхана, мал дәрігерінің бөлмесі, мал бауыздау орны, жіліктеу бөлмесі, күту залы бар.
– Мұнда күніне 15 сиыр, 20-30 қой сойылады. Жергілікті жұмыспен қамту бөлімінде тіркеуде тұрған 10 адам жұмыспен қамтылды. Алдағы уақытта ет сататын павильон ашып, қызмет көрсету аясын кеңейтіп, тағы 1 адамды жұмысқа алуды жоспарлап отырмыз. Мал сатушылар жергілікті жерден, Оралдан, Атыраудан малды бізге әкелгенде арнайы тексеруден өткізіп, құжаттарын қараймыз. Етті Мұнайлы ауданындағы мейрамхана, кафелерге, облыс орталығындағы «Мағаш» базарына өткіземіз. Мемлекеттен 11,5 млн.теңге 4 пайызбен несие алдық, – деді кәсіпкер Арыстан Әлібеков.
Аймақ басшысы бастаған топ жуырда жаңа қонысқа көшкен «Азаматтарға арналған Үкімет» мемлекеттік корпорациясының Мұнайлы аудандық филиалының жұмысымен танысты. Бұрын аядай ғимаратта отырған мемлекеттік корпорация кең залға көшіп келгелі бері қызмет көрсету түрлерін кеңейтіп, халыққа жайлы жағдай жасаған. Аудандық филиал басшысы Азат Байтлеповтың айтуынша, өзі өзіне қызмет көрсету секторына қосымша компьютер қойылып, кассалар саны артып, қызмет көрсету терезелері 18-ге дейін жеткен.
Облыс әкімі Алик Айдарбаев Маңғыстау ауылында 24 пәтерлі 4 қабатты 12 жалдамалы тұрғын үй салынып жатқан құрылыс басына барды. Жергілікті бюджет есебінен бой көтеріп жатқан бұл үйлер ағымдағы жылдың маусым айында пайдалануға берілмек. Қазір Мұнайлы ауданында тұрғын үй кезегінде 2,5 мың адам кезекте тұр. Мемлекеттік қызметкерлер мен әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларға биыл Маңғыстау ауылынан тағы 30 үй салу жоспарланған. Сапар соңында Маңғыстау вокзалы маңындағы көлік тұрағы және аумақты қайта құрылымдау, ұлғайту және абаттандыру жұмыстары таныстырылды.
Фарида МҰҢАЛҚЫЗЫ Суреттерді түсірген Серік МАЙЕМЕРОВ