©
Бүгінде аудан, қала көшелерін былай қойып, ауылдарда да құмарлыққа бастайтын компьютерлік клубтар, букмекерлік кеңселердің саудасы қызып, күннен-күнге қатары көбейіп, қаптап кетті. Әсіресе, букмекерлік кеңселерден жастар шықпайтын болып алған. Бас көтермей бәс сауданың көркін қыздырып әлек. Есесіне, жастар алтын уақыттарынан айырылып жатады. Бір сөзбен айтқанда студенттер мен оқушылар сабақты ысырып қойып, ата-анасының бейнетпен тапқан ақшасын керексіз жерге құртып, рахаттанып өмір сүруде. Ал, құмар ойыны қатарына жататын осындай кеңсе-сымақтардың адам денсаулығына кері әсер ететін психолгиялық дерт екендігі айтпаса да түсінікті.
Заң бойынша 21 жасқа толмаған азаматтарға букмекерлік кеңсеге кіруге рұқсат етілмейді. Заң бұзғандарға «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» кодекстің 338-бабының 2-бөліміне сәйкес, 300 айлық есептік көрсеткіш (400 мың теңге) айыппұл салынады. Алайда Заңға пысқырып жатқан букмерлік кеңселерді көрмедік. Букмекерлік кеңселерде әсіресе, әлемдік деңгейдегі чемпионаттар мен олимпиадалар болған кезде келушілер қатары көбейеді. Жас демей, кәрі демей бәс тігеді. Бәс тігушілердің көпшілігі студенттер екеніне қарап, 338-баптың бұзуылуы көптеп кездесетінін жасыру мүмкін емес. Дегенмен, күнделікті тапқаны ас-суынан артылмайтын азаматтардың букмекерлік кеңсеге байланып жатқаны қоғамның негізгі мәселесінің біріне айналды.
Букмекерлік кеңселерде болатын қылмыстар өз алдына, өзіне-өзі қол жұмсау фактілері де аз емес. Қарақшылық, тонау, ұрлық, тіпті адам өлтіру фактілері де кездесіп жатады. Мәселен, осы жылдың желтоқсан айында Ақтау қаласындағы букмекерлік кеңсесінің тоналғаны. Жұмыс орнына келген 26 жастағы кассир қызға белгісіз біреу келіп қорқытып, қолма-қол ақшаларды беруді талап еткен. Бұл тек қана бір ғана факті, ал біз білмейтін букмекерлік кеңселерде қаншама оқиғалар болып жатқаны белгісіз.Осындай жағдайлар Мұнайлы ауданы аумағында орналасқан ауыл, ауылдық округіндегі букмекерлік кеңселерде де орын алып тұрады.
Жергілікті полиция қызметкерлерінің мәлімдеуінше, 2015 жылы Басқұдық ауылдық округінде орналасқан букмекерлік кеңседе қызмет жасайтын А. есімді қыз бала, өзін-өзі шыны ыдыспен басын жарақаттап, букмекерлік кассадан 250 мың теңге жымқырып, «инбет тоналды» деп ішкі істер қызметкерлеріне жалған хабарлаған. Алайда, бұл қитұрқы айласы көпке ұзамай әшкерелніп, полиция қызметкерлері қыздың іш киімінен ұрланған ақшаны тауып алды.
2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстан Республикасының «Ойын бизнесі туралы» Заңына өзгерістер мен толықтыруларға сәйкес, ойын мекемелері, тотализатордың немесе букмекер кеңсесінің кассасы, тұрғын үйлердің тұрғын емес үй жайларында өндіріс, кәсіпорындар, әлеуметтік нысандар және олардың ғимараттарында және т.б. орналастыруға тиым салынғаны. Аталған заңдылықты басшылыққа алып, Басқұдық ауылдық округінде орналасқан букмекерлік кеңселерге тиісті құзырлы органдар тарапынан тексеру жұмыстары жүргізілді. Басқұдық ауылдық округі әкімі аппаратымен ауыл аумағындағы кәсіпкерлік мақсатындағы алынған жер телімдерінің нысаналы мақсатына сай пайдаланып отырғандығы жөнінде тексеру жүргізілді. Басқұдық ауылдық округі бойынша 11 жалға берілген ғимараттардың нысаналы мақсаттары тексеріліп, заң талабына сәйкес, шарасы алынды.
Қазіргі таңда ауылдық округ бойынша букмекерлік кеңселердің 10-ы жабылып, 1-еуі Маңғыстау облысының жердің пайдаланылуы мен қорғауын бақылау басқармасына жолданды. Осы жағдайлардан кейін, аз ғана болса құмар ойынның жастарға деген құлшынысы сейілгендей болды. Жастарымыз алтын уақытын түнгі компьютерлік клубтарды сағалап, құмар ойынға ынтызарлығын жойып, салауатты өмір салтын қалыптастыру үшін пайдаланса дейміз. Алайда үлкен спортты казіргі жастар табыс көзіне айналдыруды кәсіп еткені жасырын емес.
Спорт – тек салауатты өмір салты емес, сондай–ақ, үлкен табыстың көзіне айналған. Соны ескеріп, балаларын тенниске, футболға үйретіп жүрген ата – аналар да жоқ емес. Өйткені қазіргі кезде допты дұрыс тебе білсең, ақшаны уыстап ұстауға болады. Атағыңды әлемге әйгілі қылатын құдыреттілігі тағы бар. Әйтеуір кәсіби спорт – қазынасы ортаймайтын қамба іспетті.
Бұл күндері осы қамбадан қарапайым спортшымен қатар, қарапайым жанкүйер де өз үлесін қосып жүр. Олар – футбол алаңына шыққан спортшының әр адымынан немесе әйгілі теннисшінің әр соққан ракеткасынан ақша тауып отырған бәс тігушілер. Яғни, инбет ойын орталығындағы букмекерлер. Тіпті, үйден шықпай-ақ ғаламтор арқылы бәс тігуге мүмкіндік жасап қойған және олар мұнымен шектеліп қалмайтыны анық. Мұндай құмар ойыннан ұтып алып, енді қайтып оралмайтын адам миллионнан біреуі болуы мүмкін. Сондықтан, бәс тігіп ұтқан адам, делебесі қозып, одан сайын ойынды жалғастыруға құмартады.
Бәс тігу орталықтарында алкогольдік ішімдіктердің сатылуы да тегін емес. Кейбір букмекерлік кеңселерде, тіпті бәс тігішулерді ынталандыру үшін, тегін спирттік ішімдіктер, сыра, виски және т.б. беріліп, ақысыз қызмет көрсететін көрінеді. Алайда, бұлай ақша табудың дінімізге, ділімізге қаншалықты сай келетінін елеп жатқандары шамалы.
Ал құмарлықтың өрісі кеңейген жерде қылмыс та артып, ынтымақ-бірлікке сызат түсетіні сөзсіз. Ендеше еңсемізді тіктеп, елдігімізді нығайту үшін букмекерлерге түбегейлі заңмен тиым салса екен дейміз.
Нуфтулла ҚАРЖАУБАЕВ,
Басқұдық ауылдық округінің әкімі