Жаңаөзен қалалық мәслихатының тұрақты комиссия мүшелері қала бойынша тұрғын үй және әлеуметтік нысандар мен коммуналдық мекемелердің күзгі-қысқы маусымға дайындығын тексерді.
Мәслихат депутаттары Торғын Бейісова, Бекқали Нұрбосынов пен Айсұлу Исаева «Өзенжылу» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнына барды. Депутаттарды мекеме басшысы Әділбек Рубилов күтіп алып, жылу маусымына дайындық жұмыстары мен бу қазандық агрегаттарын көрсетті. «Қаламыздың жылу орталықтары қысқа толығымен дайын. 30 қыркүйектен бастап Жаңаөзен қалалық туберкулез ауруханасына, 3 қазаннан бастап қалалық перзентхаға, «Мереке» және «Нұршуақ» балабақшаларына жылу берілді. Мемлекеттік мекемелер тарапынан басқа да сұраныстар түскен жағдайда мезгілінен бұрын жылу беруге қазандықтарымыз 100% дайын. Бу қазандықтарының беріктігін қысыммен тексеру жұмыстары аяқталды»,- дейді Әділбек Рубилов.
Бүгінгі таңда тұрақты жұмыс істеп тұрған 4 үлкен көлемдегі және 33 шағын бу және электр қазандықтары қала және іргелес елді мекендердің сұранысын өтеуге толықтай жарамды. Мекемедегі бу қазандықтарын басқару және ішкі жөндеу жұмыстары толықтай автоматтандырылған. Жылу қазандықтарынан бастау алған торап барлық шағынауданды қамтиды, шекті шекара тұрғын үйлердегі тоспаға дейін. Осы 192 ш.м. жүйенің қызметінің үздіксіз жүрып отыруын кезекшілер бақылайды. Сондай-ақ мекемеге жаңадан бу қазандықтары Ресейдің Алтай өлкесі, Бийск қаласынан арнайы тапсырыспен әкелінген. Толық монтаж жұмыстары біткен, ендігі кезекте сыртқы баптау жұмыстарын Бийск қаласындағы жылу беру зауытының арнайы мамандары жүргізіп жатыр. Сонымен қатар, «Сименс» фирмасының өнімі - ток өндіретін 3 турбина алынған. Германиядан біліктілігін арттырып келген 9 маман Степногорск қаласынан шақыртылып, турбинаны орналастыру жұмыстарымен айналысып жатыр. Келер жылдан бастап турбинада өндірілетін ток мекеменің өзін-өзі токпен қамтамасыз етуіне жол ашады. Бірінші турбинадағы ток осы мақсатта жұмсалса,екінші турбина қорда сақталады. Ал үшінші турбина өндіретін токты сыртқа сатуға шығару жоспарланған. Бу қазандықтарындағы барабан қысымы, будың қысымы мен температурасы операторлар бөлмесіндегі компьютерлер арқылы бақыланады. Қазандықтарға су деаэраторлар арқылы ауасыздандыру жолымен құйылады. Деаэратор - судың құрамынан жабдықтарды тотықтыратын ерітілген оттек пен көміртек диоксидін шығаруға арналған құрылғы.
2009-2012 жылдары кешенді жоспар бойынша қаланың сыртқы жылу жүйелері толығымен ауыстырылған. Жаңа технологиямен құбырларды оқшаулау жұмыстары жүргізілген. Биылғы маусымға дайындық барысында 3 орыннан істен шыққан құбыр жапқыштар ауыстырылып, жыл басында тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімімен бірлесе қысқа дайындық жоспарын бекітіп, сол бойынша жөндеу жұмыстары жүргізілді. Атап айтқанда, құбырлардың қысымы тексерілді, істен шыққан тоспалар ауыстырылды және жылу қазандықтарының ішіндегі сораптар толық тексерістен өткізілген.
Электр энергиясы мен қуатын өндіру, электрмен жабдықтау - ұлттық экономиканың өндірістік және әлеуметтік инфрақұрылымындағы маңызды сала әрі өнеркәсіптің басқа салаларын дамытудың басты базасы. Нарықтық экономика жағдайында электр энергетикасы секторындағы табиғи монополияның барлық құрылымдары уәкiлеттi орган, яғни Энергетика Министрлігі тарапынан мемлекеттік бақылауға алынған. Электр қуатын тарату және бөлу жөнiндегi тарифтердi Қазақстан Республикасының Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестiктi қорғау жөнiндегi агенттiгi реттеп отырады.
Қаламыздағы «Өзенэнергосервис» және «Өзенинвест» мекемелерінің қысқы маусымға дайындығын қалалық мәслихат депутаттары Нина Самаликова мен Мұрат Сариев тексерді. «Өзенэнергосервис» мекемесінің басшылығы депутаттарға техникалық жаңартулармен таныстырды. Жаңадан алынған кабельдер, 1 дана АГП техникасы, 2 дана УАЗ автокөлігі жұмысқа дайын. Қала және қалаға іргелес ауылдарға электр энергиясы таратылатын 4 бөлімшенің дайындығы қадағаланды.
1997 жылдан бері қаламызға таза ауыз су таратып отырған «Өзенинвест» мекемесінің де дайындығы пысықталды. Ауыз су — органолептикалық қасиеттері (иісі, дәмі, мөлдірлігі, т.б.) және химиялыққұрамы адам организмі үшін қауіпсіз болып табылатын табиғи су. Адам денсаулығы ауыз судың сапасына тікелей тәуелді.
Бүгінгі күннің күн тәртібіндегі басты мәселе – халықтың санын арттырып, саналы ұлт ұрпағын көбейту. Бұл жоспардың үдесінен шығуы үшін дені сау ұрпақты өмірге әкеліп, қоғамда салауатты өмір салтын қалыптастыру қажет. Мұндай тапсырманы өз Жолдауында Мемлекет басшысы да нақтылап берген еді. «countrymeters.info» агенттігінің мәліметтеріне сүйенсек, елімізде әрбір 113 секундта бір бала, тәулігіне орташа есеппен 766 бала туылаатын көрінеді. Соңғы 10 жылда туу көрсеткіші 25 пайызға артқанын ескерсек, демографиялық дүмпуге сай еліміздегі қала мен ауылдарда ана мен балаға әлеуметтік қолдау, өмір сүруге ыңғайлы орта қажеттіліг туындайды. Су – адам өмір сүретін табиғи ортаның бірі, тұтынатын қорегі, тазалығының кепілі. Қала тұрғындарына тәулігіне 28 мың, кейде тіпті 30 мың куб су қажеттілігі туындайтын көрінеді. Мекемеге тиесілі МУД-720 су тазарту қондырғысы сағатына 720 куб , орта есеппен тәулігіне 14 мың куб таза су өндіретін көрінеді. Бұл кей жағдайда қала тұрғындарының су қажеттіліктерін қанағаттандыруға жетпей жатады. Осы мәселенің оң шешімін табу мақсатында жаңа резервуарлар салынуда. Сондай-ақ жиырма жылға жуық қаланы сумен қамтамасыз етуге үздіксіз қолданылып келе жатқан МУД-720 секілді қосымша жаңа су тазарту қондырғылары қажет. Жергілікті атқарушы органдар тарапынан мемлекеттік коммуналдық кәсіпорындарға жергілікті бюджет есебінен бөлінген қаржыға «Өзенинвест» МКК-не жаңадан 2 дана ГАЗ ассенизатор көлігі және 2 дана су тасымалдайтын арнайы автокөлік алынған.
[quote font="tahoma" font_style="italic"]Түйін. Қалалық мәслихат депутаттары атқарушы билікпен қойын қолтық жұмыс жасай отырып, екі күн бойы қаламыздағы түрлі мекемелерді аралап, қысқа дайындық барысымен танысты. Халық қалаулылары ел алдындағы жауапты миссияларын орындай жүріп, қаламызда атқарылған игі істерге көз жеткізді. Бүгінде түбірімен жаңарған, жасарған қаланың келбетіне сүйсініп, қала әкімдігінің бастамасымен Жаңаөзен қаласының және оған іргелес елді-мекендердің қарыштап дамып келе жатқандығына куә болды. Қазіргі таңдағы өзекті мәселе қысқа дайындық барысының да көңілге тоқтық сыйлайтынын көздерімен көрді. Бұл елдің мерейі, халықтың қамы. Мұндай игілікті жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын таппақ.[/quote]
Әсел ҚОЙШЫБАЕВА