©
Қазақстандықтардың үйде тек 12 миллион теңгеге жуық қаржыны сақтауына болады. Егер ақшаңыз бұдан асып кетсе, оларды банктегі шотыңызға салу керек. Мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары Мәди Такиев айтуынша, үйдегі ақша да декларациялануы керек.
24.kz сайтының хабарлауынша, 2020 жылы 13 миллионға жуық қазақстандық декларация тапсыруы тиіс. Олардың 7,4 миллионы қалада тұрса, қалғаны – ауыл тұрғындары. Құжатта әр адам өзінің жылжымалы мүлкі, табысы, банктегі шоттары туралы ақпаратты көрсетеді. Сондай-ақ қолда бар қаражатын да хабарлауы міндетті. Егер ол сома 12 миллионнан асып кетсе, бұл қаржыны банктегі шотқа салуға тура келеді.
«Сіз декларацияда үйде бар барлық қолма-қол қаржыңызды көрсетесіз. Бірақ оның сомасы 12 миллион теңгеден асып кетсе, онда банктегі есептік шотқа салуыңыз керек», - деді ол ҚР Үкіметінің баспасөз орталығында өткен жиында.
Декларацияны кәмелет жасқа толмағандар, Қазақстанда мүлкі бар шетелдіктер және оралмандар да толтыруы тиіс. Студенттер, зейнеткерлер мен мүлкі жоқ адамдар да жеңілдетілген нұсқадағы декларация тапсырады. Ал одан бас тартқандар 50 АЕК (120 250 теңге) көлемінде айыппұл төлейді.
"eGov порталында салық төлеуші кабинеті ашылған. Әр адам соған тіркеліп, декларацияны толтыра алады. Біз құжатты толтыру процесін барынша жеңілдеттік. Ол екі-ақ беттен тұрады. Жүргізген зерттеуге сәйкес, қазір халықтың 80 пайызы электронды түрде декларация толтыруға дайын», - деп атап өтті Мәди Такиев.
Камшат ОҢҒАЛТАЙ,
Көрнекі сурет сайттың архивінен