Маңғыстауда жолаушы тасымалдайтын маршруттарға жауапты тұлғалар салықты дұрыс төлемей отыр. Бұл туралы бүгін 25 қаңтарда өткен 2017 жылғы қызметтің қорытындысына арналған жиында облыстық мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы Ә. Тілегенов айтты. Ол өз сөзінде бірнеше мысал келтірді.
Қазіргі таңда жолаушыларды тасымалдау бойынша салық төлеу заңнамасы бойынша өрескел заңбұзушылықтар болып жатқанын жасыра алмаймыз, - деді Мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы Әлібек Тілегенов.
- Мысалы, «Ақтау – Қызылтөбе-2» маршруты бойынша жеке кәсіпкер Айгараковтың 7 жалдаушы қызметкері бар, олардың орташа айлық жалақысы – 25 000 теңге, ақылға сыймайды. Жеке кәсіпкер жеңілдетілген декларация бойынша арнайы салықтық режимде (СНР) 2017 жылдың алғашқы жартыжылдығында тек 229 000 теңге салық төлеп отыр, - дейді департамент басшысы.
Әлібек Тілегеновтің айтуынша, жеке кәсіпкер құжаттарында күн сайын Қызылтөбе ауылынан қалаға, қаладан ауылға қатынайтын тұрғындар саны 400 деп көрсеткен. Ал шын мәнінде қатынаушылар саны 5000-нан асып жығылады.
Бұдан бөлек, департамент басшысы Ә. Тілегенов 5, 6 маршрутқа жауапты Ахметнабиев есімді жеке кәсіпкерді атап өтті. "Жеке кәсіпкердің атына 1 автобус тіркелген, не жүргізушісі, не жолсерігі жоқ. Аталған кәсіпкер 2017 жылдың алғашқы жартыжылдығында бар-жоғы 115 000 теңге салық төлеген".
- Оның несіне күлесіздер, мұндай жеке кәсіпкерлер көп. Олар бюджетке ешқандай салық төлеп отырған жоқ. Бұл масқара ғой, қарамағында ешқандай жұмысшысы жоқ, сонда автобус өздігінен қозғала ма, робот па? – дейді облыс әкімі Ералы Тоғжанов.
Ақтау қаласы ішінде жолаушы тасымалдайтын №2 маршрутқа жауап беретін «Жолаушы Ақтау» ЖШС 2016 жылдың 2-жартыжылдығында, 2017 жылдың І жартыжылдығында салық декларациясын мүлде тапсырған жоқ. Әлібек Балықбайұлының айтуынша, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 471 бабына сәйкес, ҚР салық заңнамасында айқындалған мәлiметтердi ұсынбауы, уақтылы, анық немесе толық ұсынбағаны үшін әкімшілік жауапқа тартылады.
«Мұндай олқылықтарға барлық құзырлы органдар жете араласып, тиісті жауабын беретін болады», - дейді ол.
2018 жылдың 1 қаңтарында күшіне енген ҚР «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» жаңа кодексі бизнесті жеңілдету мақсатын көздейді. «Сол себепті өңірде адал салық төлеушілер қатары көбеюі тиіс. Салық кодексінің идеологиялық бағыты бойынша олардың мүддесін қорғау басты мақсат болып отыр», - дейді Әлібек Балықбайұлы.
Айта кетейік, 2017 жылы қарашада жолаушыларды тасымалдайтын Газель мен тепловоз соқтығысы салдарынан Жаңаөзенде 9 адам қайтыс болып, 27 адам өте ауыр жарақат алған болатын. Жоғарыда көрсетілген заңнамалық бұзушылықтар тәркіленсе, мұндай апаттардың алдын алуға болар еді.
Айгүл ДӘДЕН
Суреттерді түсірген Серік МАЙЕМЕРОВ
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="48139,48138,47238,47237"]