©
«Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлерді дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын» жүзеге асыру бағытында «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының ұйымдастыруымен тегін оқытылатын «Бастау Бизнес» жобасы құрылған болатын. Жас шамасын қажет етпей жаппай жұмыспен қамтуды көздеген жаңа жоба орта білімі бар, жұмыссыздар мен техникалық, кәсіби мамандықты меңгерем деушілерге арналған. Аталмыш жобада кәсіпкерлік негіздері бойынша оқу курстары ұйымдастырылып, оған ең үздік білім алушыларға арнайы мемлекет тарапынан бизнес ашу үшін пайызы төмен шағын несие берілген. Осындай «Бастаудан» бастау алған жаңа бастамалар қатарында Жетібай елдімекенінде бір күнде шағын кафе, шаштараз және тренажер кабинеттері ашылып, ауыл тұрғындарын бір қуантты. Жас кәсіпкер Мерей Бекежан «Бастау Бизнес» жобасының арқасында 4 милион теңге қаражат алып, өзінің тренерлік спорт кабинетін ашты. Кәсібін әрі қарай дамытқысы келген жас кәсіпкер мүмкіндігі шектеулі жандарға қызмет ақысыз екендігін айтты. Өмірге деген көзқарасы жарқын, мақсаты айқын жігерлі жастың жаңа іске деген ынтасы мен талабын байқадық. Шағын дәмхана ашқан жас кәсіпкер Бахтияр Мұхамбетқалиев игілігі мол жоба арқылы дәмхананың қажетті жабдықтармен жабдықталғанын, жобаның жаңа бастаушы кәсіпкерлерге қажеттілігі зор, берері мол екенін айтып, алғысын білдірді. Сонымен қатар «Бастау Бизнес» жобасы бойынша Жейдегүл Бекмағанбетова қыз-келіншектерге арналған шаштараз орнын ашты. Армандап жүрген мақсаты орындалып, 2 милион теңге несие алған кәсіпкер шаштаразға арнайы жабдықтар алып, болашақта тағы да басқа да косметологиялық қызметтер көрсетуді жоспарлап отырмын,- дейді . Жаңа орындардың ашылуына жиналған қонақтар, ауыл халқы «Атамекен» ҰКП Қарақия ауданы филиалы директоры Қыйлымғали Тұрсынғалиұлы мен «Бизнес тренер» Маржан, Найзабектерге үлкен алғысын білдірді. Бұл жоба - ең әуелі кәсіпкердің тұрмысын жақсартумен қатар ауданның эканомикасын өркендетуге септігін тигізбек.Фариза РОЗАНҚЫЗЫ
Тағы оқыңыз: Мүмкіндігі шектеулілер «Нұр Отаннан» көмек сұрап келді