«Нұр Отан» партиясы Маңғыстау облыстық филиалында «Бизнестің жол картасы-2020» бірыңғай бағдарламасының орындалу барысы» туралы партиялық тыңдау өтті.
Жиналыста сөз алған облыстық кәсіпкерлік және сауда басқармасы кәсіпкерлікті қаржылық-несиелік қолдау бөлімінің басшысы Әйгерім Өтеева өңірде кәсіпкерліктің даму барысы туралы баяндай келіп, аталған бағдарламаның тиімділігін атап өтті.
- Өйткені бағдарламаның мақсаты аймақтағы экономиканың шикізаттық емес секторында кәсіпкерлікті дамыту деңгейін көтеруге, жұмыс орындарын сақтауға және тұрақты жаңа жұмыс орындарын ашуға бағытталғандығы белгілі. Облыста «Бизнестің жол картасы-2020» бірыңғай бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында 2010-2017 жылдар аралығында жалпы сомасы 72,13 миллиард теңгенің 690 жобасы қолдау тапты, - деді ол.
Әйгерім Өтеева келтірген мәліметтерге сүйенсек, 2010 жылдан бері облыс бойынша 7,3 мың жаңа жұмыс орны ашылған. Бағдарламаны тиімді жүзеге асыру үшін 2017 жылы облыстың барлық аудандары мен қалаларын мемлекеттік қолдау шараларымен қамту жөніндегі жұмыстар жоспары жасақталған. 2017 жылы 208 жоба қолдау тапты. Сондай-ақ былтыр 1403 жаңа жұмыс орны құрылған.
Партиялық тыңдау барысында «Даму» кәсіпкерлікті қолдау қорының басшысы Берік Нұрғалиев аталған бағдарламаға қатысушылар санының жыл сайын артып келе жатқандығын айтты. Облыстық мәслихаттың депутаты Дмитрий Клинчев бағдарламаның тиімділігі бойынша толық мониторинг жүргізуді ұсынды.
Облыстық мәслихат депутаттары Бірыңғай бағдарламаның нәтижелерін толық қорытындылағаннан кейін бұл мәселені келесі партиялық тыңдауда қайта қарайтын болды.
Валентина ҚОЗЫБАҚОВА
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="47527,47526"]