©
Қазіргі уақытта «Каспий» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы еншілес компаниялар активтерінің негізінде 4 жобаның 7 инвестициялық жобасын іске асыру бойынша жұмыстануда. Бұл туралы Маңғыстау облысы өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпараттық алаңында өткен брифингте белгілі болды.
БАҚ өкілдерінің алдында сөз сөйлеген «Каспий» ӘКК» ҰК» АҚ-ның басқарма төрағасы Қайрат Қойшыбеков, алдымен корпорацияның миссиясы мен міндеттеріне тоқталып өткенді жөн санады. Оның айтуынша, елімізде әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялары Елбасының Жарлығымен 2007 жылы құрылған болатын. Үкіметтің арнайы қаулысымен концепциясы бекітілген соң, негізгі мақсат-міндеттері айқындалған. Яғни ауыл шаруашылығының дамуын қолдау және ынталандыру, өндірістің және қайта құрылған тиімсіз ұйымдардың негізінде құрылған өндірістердің бәсекеге қабілеттілігін арттыру, компанияның қорында бар және оған берілген активтер негізінде тиімді және талапқа сай өндіріс құрылымдарын ашу болып табылады.
Бұл ретте «Каспий» ӘКК басшылығы кәсіпкерліктің кең қанат жаюына серпін беріп, шетелдік инвестициялар тарту, мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыруда бірқатар оң нәтижелер бар екендігін айтты. Яғни, өңірімізде әлеуметтік-экономикалық мәселелерді шешу үшін Елбасының алға қойған міндеттеріне сәйкес, мемлекеттік активтерді және кәсіпкерлік бастамаларды шоғырландырып, шағын және орта бизнесті дамыту үшін бизнестің жобаларын іске асыруға, инвестициялар тартуға қолайлы ортаны қалыптастыруға және инновацияларды енгізуге барынша жағдай жасалуда.
Мәселен, Маңғыстау облысының әкімдігі, сондай-ақ «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша республикалық бюджеттен қаржыландырудың нәтижесінде Қарақия және Мұнайлы аудандарының тұрғындарын ауыз сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін «Каспий тұзсыздандыру зауыты» ЖШС жаңғыртылып, қайта іске қосылған. Зауыттың белгіленген өндірістік қуаты бүгінгі күні 30 000 м3 құрайды.
Елбасының Қазақстан халқына биылғы жолдауында, аграрлық саясат еңбек өнімділігін түбегейлі арттыруға және өңделген өнімнің экспортын ұлғайтуға бағытталуы керектігі айтылған болатын. Шикізатты қайта өңдеуді қамтамасыз етіп, әлемдік нарықтарға жоғары сапалы дайын өніммен шығу үшін барлық аграрлық кешеннің түбегейлі бет бұруы маңызды. Мемлекет бизнеспен бірлесіп, отандық өнімді халықаралық нарыққа шығарудың стратегиялық жолын тауып, ілгерілетуге тиіс делінген. Сондай-ақ, Елбасының жолдауында ауыл шаруашылығын қарқынды дамыту өнімнің сапасы мен экологиялық тазалығын сақтай отырып жүргізілуі қажеттігі де айтылды. Бұл бүкіл әлемге танылатын «Қазақстанда жасалған» табиғи азық-түлік брендін қалыптастырып, ілгерілетуге мүмкіндік береді. Бес жыл ішінде агроөнеркәсіп кешеніндегі еңбек өнімділігін және өңделген ауыл шаруашылығы өнімінің экспортын, тиісінше, кем дегенде 2,5 есеге арттыруды тапсырамын, деген болатын Президент Н.Назарбаев.
Бұл ретте «Каспий» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы еншілес компаниялар активтерінің негізінде 4 жобаның 7 инвестициялық жобасын іске асыру бойынша жұмыстанып жатқандығын айта кету керек. Кейбір инвестициялық жобалар агроөнеркәсіптік кешен саласына бағытталған, олар: жылына 90 тонна балық еті және 2 тонна уылдырық өнімділігі бар бекіре тұқымдас балық кешені құрылысы, Маңғыстау облысындағы түйелердің генофондысын жетілдіру мақсатында Аруан тұқымдарының түйелерін өсіру, сыйымдылығы 5000 тонна көкөніс қоймасы бар көтерме сауда орталықтарын салу, жылына 235 тонна шампиньондарды өсіру кешенін салу.
Жаңартылатын энергия көздерін дамыту жөніндегі Шетпе кентінде қуаты 12 мвт күн электр станциясын салу сияқты жобалар тағы бар. Сонымен қатар, өңірдің мұнай компанияларына импортты алмастыру мақсатында жылына 7 100 тонналық мұнай-химиялық реагенттерді өндіру (құрастыру) жобасы жасалуда. Бұл жоба аяқталған соң, индустриалды аймақтың аумағында жүзеге асырылады деп күтілуде. Барлығы 7 жоба 170-тен астам жаңа жұмыс орындарын құруға мүмкіндік бермек.
Басқарма басшысы жүзеге асырылмақ жобаларды іске асыру бойынша бірлескен іс-шаралардың қадамдық жоспары, іріктеу критерийлері, ынтымақтастық шарттары, өтінім нысандарын компанияның www.caspiy.kz веб-сайтынан табуға болатынын айтты.
Сондай-ақ, Маңғыстау облысының кәсіпкерлеріне көмек көрсету мақсатында «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ, «Agro Credit» аграрлық несие корпорациясы» АҚ және Еуропалық қайта құру және даму банкі, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы сияқты мүдделі тараптар әкімдікпен бірлесіп бизнес-жобаларды қаржыландыру және мемлекеттік қолдау тетіктерін әзірлену үстінде екендігін атап өтті.
Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен 2016-2020 жылдарға арналған жекешелендірудің жан-жақты жоспарын мақұлдағаны белгілі. Бұл ретте брифинг кезінде журналистер тарапынан «Каспий» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясының еншілес және тәуелді компанияларының саны бәсекелестік ортаға көшуге дайын ба деген орынды сұрақ қойылды.
Белгілі болғандай, 2017 жылға арналған аукционға мемлекеттік тіркелімде екі компания аукционға тіркелген: «Каспий техникалық флоты» ЖШС (негізгі қызмет түрі - бұрғылау) және «Маңғыстау Инвестициялық Компания» ЖШС (инвестициялық жобаларды іске асыру), бірақ тіркелген қатысушылардың болмауына байланысты аукцион 2018 жылға ауыстырылған. Бұған қоса 2018 жылға қарай тағы екі компания жоспарланған екен, олар «Каспий-Берекет» ЖШС және «Каспий-Құрылыс» ЖШС.
Әлеуметтік маңызы бар жобалар туралы да айтылды. Аймақтың кейбір аудандарында ауыз сумен қамтамасыз ету жобасына қосымша, Маңғыстау облысында 2014 жылдың жазы өте құрғақ болуының салдарынан жергілікті ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің малға беретін азығы болмады. Облыс әкімдігінің қолдауының арқасында «Каспий» ӘКК шұғыл түрде астық қоспалары мен кебекті қолжетімді бағамен сатып алуды қолға алған. Бүгінгі күні кәсіпкерлік корпорациясы сол тіркелген бағамен: 1 келі кебек үшін 28,35 теңге және астық қоспасын 42 теңгеге сатып, жергілікті шаруа қожалықтарын барынша қолдауды жалғастырып келеді. Қазіргі уақытта, Бейнеу астық терминалында шамамен 240 тонна астық қоспасы және шамамен 150 тонна кебек орналастырылған.
Сондай-ақ, ӘКК «АЗПМ» ЖШС-нің (97,8%) үлесін сатып алғаны белгілі. Ал зауыттың болашақ тағдыры туралы сұраған журналистерге, корпорация басшылығы тұшымды жауап қайтарды.
«Бұл нысан үшін облыс әкімдігімен бірлесіп, «АЗПМ» ЖШС - Өнеркәсіптік аймақ құру туралы шешім қабылданды және ол «Маңғыстау индустриялық паркі» ЖШС деп өзгерген. 189 га алаңы бар индустриялық парк барлық қажетті инфрақұрылыммен жабдықталған, кеңседе өндірістік және әкімшілік ғимараттар, сондай-ақ жер учаскелері бар. Осылайша, мүмкіндікті пайдаланып, мүдделі іскер серіктестерді жобаларды бірлесіп жүзеге асыруға шақырамыз», - деді корпорация басшысы Қайрат Қойшыбеков.
Тағы оқыңыз: Маңғыстауда жануарлардан жапа шеккендер саны артты
Сонымен қатар, «Каспий» ӘКК қарасты Ақтау қаласының 33 шағын ауданында орналасқан «Аққу» (1-кезек) ұзақ мерзімді құрылыс жобасы да сөз болды. Нәтижесінде белгілі болғандай, қазіргі уақытта ӘКК мердігерлермен және жергілікті билік өкілдерімен бірге бюджеттік қаражат есебінен де, келісімшарттық құралдар арқылы да үйлердің құрылысын аяқтау үшін белсенді жұмыс жасалып жатқан екен. Алдымен инженерлік желілерді қосу жұмыстарына баса назар аударылып отыр. Жұмыстар барлық құрылыс нормаларына сәйкес жүзеге асырылуда және 2018 жылдың бірінші тоқсанында аяқталған 300 пәтер пайдалануға берілетін болады. Бұл пәтерлер, «Аққу» тұрғын-үй кешенінің тұрғындарынан берілген өтінімдер бойынша «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ арқылы сатылымға шығарылмақ. Ал қалған пәтерлерді пайдалануға беру мерзімі 2018 жылдың үшінші тоқсанына белгіленген.
Журналистер тарапынан қойылған сұрақтың бірі «Каспий» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясында тұрақтандыру қоры бар немесе жоқтығына қатысты болды. Қайрат Қойшыбеков бұл сұраққа тұрақтандыру қоры «жоқ» деп кесіп айтты. Оның айтуынша, бұл қор тиісті сақтау орындарының жоқтығынан қалыптаспайды, бірақ соған қарамастан қолжетімді бағамен әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерін енгізу бағдарламасы бойынша «Каспий Берекет» ЖШС еншілес компаниясы арқылы аймақтың азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етеуге ешқандай кедергі жоқ көрінеді. Яғни, өзекті мәселенің бірі ретінде аймақтағы азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету және тұрғындарды әлеуметтік маңызы бар азық-түлік түрлерімен жабдықтау болып қала бермек. Бұл мақсатта жылда жергілікті бюджеттен қомақты қаражат бөлініп отыр. Айта кету керек, «Каспий Берекет» ЖШС тек қана қазақстандық тауар өндірушілермен келісім-шарттар жасасуды бір жолға қойған болатын.
Қайрат Қойшыбеков, сөз соңында Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжановтың тікелей қолдауының арқасында, «Каспий» ӘКК» ҰК» АҚ-ның жарғылық капиталы 30 млн. жай акцияға дейін өскен, бұл 30 млрд. тенгеге сәйкес келетіндігін айтап өтті.
Қорыта айтқанда, мемлекет тарапынан кәсіпкерлікті дамыту мен бизнестегі әкімшілік кедергілерді азайту жолында жедел әрі жүйелі шаралар уақтылы қабылданғаны, жергілікті жерлерде орта және шағын кәсіпкерліктің кеңінен қанат жаюына жағдай жасап қана қоймай, халықты жұмыспен қамтуда өзінің оң нәтижесін беріп отыр.
Кәмшат ІЗБАСАРОВА, ҚР Журналистер одағының мүшесі
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="47584,47585,47586,47587"]