Өткен жұма күні «Ұлттық банк» республикалық мемлекеттік мекемесінің облыстық филиалында бұқаралық ақпарат өкілдеріне арналған баспасөз мәжілісі өтті. Жиында қаржыгерлер Елбасы Н.Назарбаевтың «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» Жолдауынан туындайтын міндеттер мен тапсырмаларға тоқталып, өткен жылдың қорытынды есебін мәлімдеді.
Қаржыгерлердің хабарлауынша, валюта нарығындағы жағдай тұрақты. Өткен жылдың ішінде теңгенің айырбастау бағамы әртүрлі болды. Бір жыл ішінде теңге АҚШ долларына қатысты номиналдық айрбастау бағамы 0,3 пайызға нығайып, бір АҚШ доллары 332,33 теңгені құрады. Несие нарығына келсек, 2017 жылы облыс экономикасында несие мөлшері 30 пайызға өсіп, 214,1 млрд. теңгеге жеткен. Оның ішінде шағын кәсіпкерлікке 29,8 млрд. теңге берілген.
– Бұл көрсеткіш аймақта экономикалық белсенділіктің артқанын көрсетеді. Банктердің облыстық филиалдары берген несиелер бойынша берешек 279,8 пайызды құрады немесе 2017 жылғы 1 қаңтармен салыстырғанда 13,3 пайызға көбейді. Төлем мерзімі кешіктірілген берешектер 18,2 млрд. теңгені, яғни облыстағы банк филиалдарының несие портфелінің 6,5 пайызын құрап отыр. Облыс бойынша депозиттің жалпы көлемі –291,2 млрд теңге. Теңгемен салынған депозит өткен жылы 31,8 пайыз болып, 28,3 млрд. теңгені құрады. Облыста өткен жылы депозитке доллармен қаржы салу деңгейі 2016 жылмен салыстырғанда 54,5 пайыздан 43,8 пайызға төмендеді. Атап айтсақ, заңды тұлғалардың депозитке долларлай салған қаржысы 60,0 пайыздан 48,6-ға, тұрғындар тарапынан салынған жинақ қаржысы 52,2 пайыздан 41,6-ға төмендеді, – деді «Ұлттық банк» РММ облыстық филиалының басшысының директорының орынбасары Нұрлан Сүгіров.
Баспасөз мәжілісінде қаржыгерлер «ҚҰБ Online» мобильдік қосымшасында қаржы қызметінде тұтынушылардың құқығын қорғау мақсатында жуырда «Коллекторлық агенттіктер қызметі» жаңа бөлімі іске қосылғанын хабарлады. Тұрғындар осы қызметті пайдалану арқылы қажетті ақпараттар мен сауалдарының жауабын ала алады.
Ұлттық банк дарынды жас мамандарды жұмысқа қабылдау науқаны басталғанын жеткізді. Қаржы, заң, инженер, құрылыс, ақпараттық технология және киберқауіпсіздік мамандықтарын меңгерген жастар биылғы жылдың 1 ақпаны мен 1 наурызы аралығында түйіндемелерін Ұлттық банктің сайтына орналастыруы қажет. Толық мәліметті «ҚҰБ Online» қосымшасынан және Facebook әлеуметтік желісінен алуға болады.
Фарида МҰҢАЛҚЫЗЫ, Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="47792,47793,47791,47795,47790,47794"]