©
Сократтың «Менің білетінім – өзімнің ештеңе білмейтіндігім, өзгелер оны да білмейді» деуінде үл кен мән бар. Білмейтінін біліп, түсінуге, әлем ақиқатын танып, ой түюге ұмтылу – адамды рухани кемелдікке, данышпандыққа бастайтын жол. Бірақ даналық білім аясында шектеліп қал майды, оның негізгі өлшемі – түсінік.
Әр нәрсені білу бір басқа да, түсіну – басқа: яғни білім оқумен келсе, түсінік оқығанды көкейге тоқумен, өз еркі мен жақсылыққа ұмтылып, ой қорытумен, игілікті қамқарекетпен қалыптасады. Білім атаулы қашаннан нақты болады, әрі жекені қамтумен шектеледі, ал даналық жалпыны, тұтас құбылыстарды – дүниені, өмірді, дәуірді, тарихты қамтиды. Білім – өткінші, уақытша, салыстырмалы, даналық, яки түсінік жүйесі – мәңгілік нәрсе. Білімділер қай заманда да көп болған, қазіргі кезде де жетіп артылады, ал дана адамдар, данышпандар бұрын да, қазірде аз. Гераклит «Көп білгеннен дана болмайсың» - деп, осы шындықты меңзеген. Ұлы Абай да «Әрбір ғалым – хакім емес, әрбір хакім – ғалым» дейді. Адамдар арасындағы қарымқатынасты түзеу, бірлікті сақтау, адамдарды бірлікке, адамгершілікке баулу – қазақ дүниетанымындағы басты мәселе.
Тарихқа үңілсек, данышпандардың бәрі тек әке тарапынан ғана емес, ана тарапынан да даналықпен сусындап өскен ұрпақтан қалыптасқан. Қазақ халқында елді аузына қаратқан даналығымен, кие қонған әулиелік қасиетімен, ақыл-парасаты, адамгершілік қасиетімен аттары аңызға айналған аналар аз емес. Халық олардың есімдерін есте сақтап қана қоймай, олардың әруақтарына бас ие, пір тұтып, өздерін кие, өмірлерін өнеге етіп, тағылымын ұрпақ санасына сіңіріп отырған. Бұл тұлғалардың зираттары, елі әспеттеп тұрғызған кесенелері ешкімнің зорлығынсыз-ақ халық тәу етіп баратын орындарға айналған. Олардың бірі – Домалақ ана (Шайхы Мизамбекқызы Нұрилә VI VII ғ.ғ.) Қазақстанның оңтүстік өңірінің біраз бөлігін алып жатқан Шапырашты, Ошақты, Ысты, Албан, Суан, Дулат тайпаларынан тараған ұрпақтың арғы атасы Бәйдібек батырдың үшінші әйелі, Албан, Суан, Дулаттың анасы. Өзгені де өз баласындай көріп, төңірегіне аналық мейірін шашқан, барынша кішіпейіл, алдағы күннің жайын ойлап айтар сөзі ақиқатқа айналған болжампаз, көреген қасиетін құрметтеген ұрпақтары сол заманның өзіндеақ оның атын атамай, жаратылысынан бойы шағын болғандығына қарай «Домалақ ана», «Домалақ ене» деп, атап кетіпті. Домалақ ананың қадір-қасиеті ерте-ақ танылған. Домалақ ана ел арасындағы даулы мәселелерге араласып, бітімгершілікпен шешімін табуға өз үлесін қосқан. Домалақ ананың ұрпақтарының бәрі де білімімен, ақылдылығымен ерекшеленіп, ел билеген.
Ел аузында ол кісі жөнінде аңыз әңгіме көп. Солардың бірі мынадай: «Бәйдібек заманында жайлауында үйір-үйір жылқысы, келе-келе түйесі, отар-отар қойы өрген, шығыс пенен батысқа керуендер жүргізген асқан бай адам болған. Бірде Алатау асып келген қалың жау Қаратау жонын жайлап отырған Бәйдібектің ауылын шауып, сан мың жылқысын түре айдап кетеді. Бәйдібек бастаған ел азаматтары ауылда болмаса керек. Содан жау шапты деген хабарды естіп, Бәйдібек елден жасақ жиып, қасына үлкен әйелі Сары бәйбішеден туған алты ұлын алып, жауға аттанғалы жатқанда Нұрилә: «Бай еке, малдың құты, жылқының иесі құла айғыр қолда қалды. Амандық болса, алты күннен кейін жылқы жауға қайыру бермей өзі ауылға келеді. Жауды қума, азаматтар аман болсын, осы тілегімді беріңіз» - деп, өз отауының белдеуінде матамен байлаулы тұрған жүген құрық тимеген шу асау айғырды көрсетіпті. Бірақ жауға кектенген батыр әйелінің тілін ал май, «жолдан қайтар қатын емеспін» деп, жасағын бастап, жүріп кетіпті. Бәйдібек жасағы жауға Күйік асуында жетіп, қырғын ұрыс салыпты.
Алайда жасанып келген жау аттанға ілесіп атқа қонған аз жасаққа теңдік бермепті. Осы соғыста қаза тапқан алты ұлын Үшқарасай жазығына жерлеп, кері қайтыпты. Арада алты күн өткенде байлаулы тұрған құла айғыр жер күңіренте дүлей күшпен кісенеді дейді. Сол күні намаздыгер шамасында шығыстан қалың шаң көтеріліп, ұзамай Бәйдібектің қалың жылқысы көрінеді. Ереуілдеп барып, кері қайтара алмаған жылқыны Домалақ ана осылайша үйде отырып ақ түгел қайтарып алса керек. Мұндай әңгімелер көп-ақ. Домалақ ана қос Бөгеннің сағасындағы бір жазыққа жерленген. Айналасын көгілдір таулар қоршаған сол жазықта қазір бозарып сәулетті күмбез көрінеді. Ол Домалақ ана мазары. Әулие ананың қасиетін қастерлеген ұрпақтың ана бейітіне ағылған ізі, салған жолы ескіріп көрген емес . Бәйдібек — ел билеген биік мансап иесі, жұрт жүгінген би, қол бастаған батыр, малы мыңғырған бай. Бірақ қазақта даңқы одан асқан би де, батыр да, бай да баршылық десек. Бәйдібектің даңқын олардан асырып тұрған отбасы өнегесі, артындағы қара ормандай қаулап өскен ұрпағы. Аңдағанға қасиетті қайраткерлік Нұрила анамыздың әр ісінде жатыр десек, ол алты ұлдан айырылып тұл қалған Марау бәйбіше мен Бәйдібек бидің психологиялық дерттен айығып, жандары қайта жарасым табуына ықпал жасайды. Сөйтіп, өзінің әйелдік сезімін ұлт болашағы жолындағы ұлы мұратқа мансұқ етеді. Нұриланың ар бостандығы небір өсекаяң бопса, басқа да зорлық-зомбылық сияқты қиындықтарға қарамастан Құдай қосқан қосағының алдында да, дос дұшпаны аралас халқының алдында да, аманатын берген Алланың алдында да адалдық екен. Ал адам құқы туралы түсінігі өз мүддесінен ұлт мүддесін биік қою болып шықты. Міне, осындай қасиеттері бар Домалақ ана ислам дінін ұстанған көшпелі қазақ дүниетанымы негізінде жасалған бейне болғанымен жер адамының нағыз үлгісі деуге болады. Бүгінгі әйелдер де ұрпақ тәрбиесінде осы мүддені ұстанатын болса, өмірге келетін дара тұлғалардың саны артатыны даусыз.
Ұрпақ тәрбиесі әйел – анамен тығыз байланыста өрбитін болғандықтан әйел даналығының маңызы туралы түсінікке терең үңіліп көрелік. Алайда адамзат тарихында әйел даналығы деген түсінік орын алмаған, ол бір құпия әлем. Керісінше «Әйелдің шашы ұзын, ақылы қысқа» немесе «Алтын басты әйелден бақыр басты еркек артық» деген мәтел сөздердің жиі айтылатыны белгілі. Терең бойлай білген адамға бұл мәтелдердің мағынасын тікелей қабылдауға болмайды, өйткені осы сөздің астарын да әйел даналығының сыры жатыр. Әрбір әйел баласы жүрегінің түбінде адал жар, асыл ана болсам деген ізгі ниетпен жаратылған, оның өмірінің басты мәні де осы, яғни ол өз өмірін отбасы, ошақ қасына арнайды. «Ақылы қысқа» дегеннің өзі де осы мағынаны ұғындырады. Әйел «алтын басты» болса да, еліне қызмет етуді ері не тапсырып, өз бойындағы білігін де, ер адамнан артық ілім жинаса да оны тек өз жары мен баласына арнауы шарт. Бойындағы барлық асыл қасиетті ерінің өміріне бағыштап, ерін аспанға көтеретін болса, әйел даналығы осы болмақ.
«Ақылын қысқартып» ұстай білуі – әйелдің еріне деген риясыз сүйіспеншілігі, риясыз қызмет етуі, ерінің ризашылығын алу үшін оған жасаған риясыз жақсылықтары. Осы мінез-құлық қазақ әйелдеріне ежелден тән қасиет болғанымен, «өркениеттің» гендерлік саясаты ер мен әйелді тең деп құқық беріп, әйелдерді қоғамға қызмет етуге алып келді. Бүгінгі күнде қазақ әйелдеріне екі есе салмақ түсуде. Қоғамға қызмет ету мен отбасыда әйел болып қалу міндетін қатар атқарып келе жатқан әйелдерге отбасы берекесі мен бала тәрбиесін мінсіз қалыптастыра алмауы заңды құбылыс. Әке қашанда түздің адамы, ал бүгінгі заман үрдісінде әйел де отбасында бола алмағандықтан, балаға бөлінетін сүйіспеншілікке де, тәрбиеге де уақыт тапшы. Сондықтан қоғамда ұрпақ тәрбиесі өзекті мәселеге айналып, адам естімеген келеңсіз жағдайлар орын алу да. Қоғамдағы ер адамдардың рухани деңгейі жоғары болып, парасаттылығын арттыру үшін, ұл баланың тәрбиесіне ерекше көңіл бөліп, олардың терең білім мен тәрбие алуына барынша жағдай жасалу керек. Қыз балаға арналған мамандықтарды жіктеп, оларға осы мамандықтарды меңгерудің сырын айтып түсіндіру керек. Өйткені ғылым қуып кеткен қыз балалардың тұрмыс құруы қиындап, олардың өмірінің басты мәні – ана ретінде бақытты болу мәні жоғалады. Өкінішке орай қазақтың даналық рухын кеудемізден өшіріп алып, оны қайтадан тірілте алмай келеміз. Аузымызбен орақ орып, іске келгенде өзгеміз. Тәуелсіздік алғанымызға қаншама жыл өтсе де, қайта оралған тілді де, салт-дәстүрді көре алмағанымыз – өзімізді танып-біле алмағанымыз.
Керісінше жаһанданудың желігіне еріп, ырду-дырду өмір мен бағдарламаларға үйір болып барамыз. Осының өзі балаларымыздың психологиясына кері әсер етіп, қазақ өз даналығынан алыстап бара жатқандай. Қыз балалардың қос бұрымының кереметін көре алмай, аналардың ақ жаулығының мәнін ұмытқандаймыз.
«Әйел ер адамның қабырғасынан жаратылған, қисық қабырғаны жөндеу мүмкін емес» деп мысқылдауды ұмытпаймыз да, ер адамдарға «қабырғаңмен кеңес» дегенде сол «қисық қабырғадан ақыл сұра» дегенін ескермейміз. Ер адамға қарағанда әйел адамның түйсігі жақсы дамығанын ғылым да дәлелдеп отыр, дегенмен психологтар басты шешімді ер адамдардың қабылдағанын дұрыстайды. Бұл – ер адамның отбасыдағы жауапкершілігін, ер адамның отбасыдағы дәрежесінің жоғары болу керек екенін дәлелдейді. Егер әйел осы мәселені ұғынса, оның ер адамға деген сыйластығы артып, әйел даналығы қалыптаса бастайды. Сондықтан да қазақтың ұлттық құндылықтары бұзылмаған заманда әйел адам ер адамның жолын кеспей, оларды сыйлауға, қателігін кешіріп, құрметтеуге, әкенің ақ батасын алуға балаларын тәрбиелеп отырған. Осы даналықты бүгінгі заманға қайтадан дарыту – бүгінгі педагогика мен психология ғылымының басты міндеті болу керек. Даналықтың тарихи бастауы – ауыз әдебиеті нұсқаларында, мифтік аңыздар мен діни әпсаналардың желілерінде жатыр.
Қазақ халқын тану үшін оның ұлтының бойына сіңген, ұлы данышпан даналардың қалыптастырған, ғасырдан-ғасырға ұласқан, ғасырлар бойы қазақ халқының қойнауына бойлаған даналық рухын тануға міндетті. Қазақтың даналық рухы, даналық дүниетанымы басқа елдерде қайталанбайтын төлтума өнерінде, мақал-мәтелінде, аңыз әңгімелерінде, шешендік өнерінде, рухани құндылығында жатыр. Мектептерде жырқисса айтуды, шешендік өнерді, салт-дәстүрді дамытуға бағытталған сайыстар ұйымдастырылып, ұлттық бастауға оралудан еш тартынбауымыз керек. Осыны тану үшін бізде терең таным, ерекше бір даналық болуы шарт. Ең бірінші, кез келген ұлттың бойындағы асыл құндылықтар оның дәстүрлі дүниетанымында жатыр. Сондықтан біз асыл қазынамызды жоғалтпау үшін адамзатқа ортақ мүддеде өмір сүре отырып, халық даналығын терең данышпандықпен толғай отырып талдауымыз шарт. Мақалдар, ертегілер, салт-дәстүр, жырлармен, нақыл сөздер – толғамы тереңде жатқан халық даналығы. Біз осындай даналықпен сусындай отырып бүгінгі күнге аяқ басамыз. Ұлттық бастауға оралу – кері кету емес, рухани бастауға, рухани жаңғыруға жету.
Марал БЕКІБАЙ,
Бейнеу гимназиясы директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары
Тағы оқыңыз: Интернетте экстремистік сипаттағы уағыз таратқан екеу ұсталды