Түпқараған ауданы Ақшұқыр ауылының теңіз жағалауында 14 наурыз Амал күніне орай «Амал келді, Жыл келді!» атты шарасы өтті, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты аудан әкімдігіне сілтеме жасап.
Шараға Түпқараған ауданының әкімі, ауыл ардагерлері мен тұрғындары қатысты. Аудан басшысы Рахат Елтизаров пен жиналғандарды көктемнің жайма шуақ, шұғылалы мерекесімен құттықтады.
- Бұл мереке — күн мен түннің теңелген тұсында, қыстың қыспағы мен қиындығынан аман-есен шығып, Наурыз мерекесі алдында халықтың мәре-сәре болатын күндерінің бірі. Көрісу — ағайын мен туыс арасындағы байланысты бекітетін тамаша дәстүр. Көненің көзі — қарияларға құрмет көрсетіліп, інілік ізет, дархан пейіл танытудың үлгісі. Олай болатыны, Амал – елдік, халықтық мейрам. Бұл күні бірлік күшейеді, береке молаяды. Амал мейрамы – өткенді саралап, болашағымызды болжайтын таразы. Осындай игілікті сәтте береке-бірлік, әрбір шаңыраққа денсаулық, бақыт пен шаттық тілеймін, - деді аудан әкімі Рахат Елтизаров.
Мерекелік шара барысында ауыл өнерпаздарының дәстүрді дәріптеу бағытындағы қойылымдар сахналанды.
Сондай-ақ «Амал» мерекесі Таушық, Қызылөзен ауылдарында мерекелік шаралар өз деңгейінде аталып өтті.