Биыл Түпқараған ауданы бойынша 300 қоқыс жәшігі қойылады, деп хабарлайды mangystaumedia.kz аудан әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ауданда қоршаған орта тазалығын қамтамасыз ету мен халық арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыру бағытында кезең-кезеңімен жаңа қоқыс контейнерлерін орнату, ескісін ауыстыру жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Түпқараған аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Советхан Болжабаев былтырдың өзінде аудан бойынша 320, ал биылғы жоспарға сәйкес тағы да 300 контейнер сатып алынғанын айтты.
- Түпқараған ауданының әкімі Рахат Елтизаровтың халықпен кездесулерінде қоқыс контейнерлерін жаңарту және оны қоршау бойынша ұсыныстар жиі айтылып келеді. Жалпы аудан бойынша қазір 3500 контейнер қою керек. Біз 2022 жылы 280, былтыр 320-ын сатып алып орналастырдық. Осы тұста айта кетейін 3500 контейнердің 700-і бұрыннан келе жатыр. Оны ауыстыру қажет. Контейнерлерді қою үшін алдымен біз ірі қара мал құлатып кетпеу үшін арнайы қоршаулы орындарды жасап алып орнатамыз. Ал бұрыннан бар қоршаулы жерлердің контейнерлерін ауыстырамыз. Халықтың өсіміне байланысты ауданымызға 2800 контейнер қажет етіледі, - дейді ТҮКШ бөлімінің басшысы С. Болжабаев.