Бүгін Форт-Шевченко қаласының теңіз жағалауында Ұлыстың ұлы күні - Наурыз мерекесі тойланды. Шара барысында ұлттық өнерді насихаттап жүрген қолөнершілер мен кәсіпкерлердің көрмесі өтті. Теңіз жағалауына 7 ағаш үй орнатылды, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты аудан әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Аудан әкімі Рахат Елтизаров тұрғындарды Ұлыстың Ұлы күні Наурыз мерекесімен құттықтады.
- "Баршаңызды татулық пен бірліктің, еңбек пен ырыстың жарқын мерекесі Ұлыстың ұлы күні – әз-Наурыз мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Наурыз – ежелден келе жатқан мейрам. Тамыры тереңге кеткен әз-Наурыз қай кезде де еңсесі биік елдіктің, іргесі сөгілмес бірліктің, ырыс пен ынтымақтың мерекесі. Ұлы даланың биік рухымен, тәңірге сиынған тәккәппар мінезінен басталатын Наурыз – халқымыздың тірлігі мен бірлігінің, ырысы мен берекесінің көрінісі, биік рухымыздың, өрелі мәдениетіміз бен өнеріміздің, салт-дәстүріміздің, тіліміз бен діліміздің өзегі. Ұлыстың ұлы күні елдік, бірлік, берекелік, сипатын былай қойғанда, оның құндылығы сол – адамзатты инабаттылыққа, адамгершілікке, иманжүзділікке, ізгілікке баулиды. Ежелден жаңару мен жасампаздықтың бастауы, ырыс пен берекенің арқауы болған әз-Наурыз қажырлы еңбектеріңізге толағай табыстар әкелсін. Еліміздегі тұрақтылық тұғыры бекемделіп, бақ-берекеміз арта берсін! Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын, ағайын!",- деді өз сөзінде аудан әкімі.
Мерекелік шара одан әрі «Нұр себеле, Ұлыстың ұлы күні» атты концерттік бағдарламамен жалғасты.
Сонымен қатар тұрғындарға ұлттық тағам наурыз көже мен бауырсақ ұсынылып, қазақи дәстүрді дәріптейтін қойылымдар сахналанды.
Ұлттық спорт түрлерінен сайыстар ұйымдастырылып, жеңімпаздармен жүлдегерлерге сыйлықтар табысталды.