«Клуб добряков Актау» еріктілер қозғалысы Түпқараған ауданы әкімдігі бірлесіп шаруаларға 250 қап жем апарып берді, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Бұл шара «Клуб добряков Актау» еріктілер қозғалысының мұрындық болуымен жүзеге асты. Еріктілер Маңғыстаудағы қуаңшылыққа байланысты тұрғындар арасынан жылу жинаған.
Шаруаларға қол ұшын бергісі келгендердің арасында қазақстандықтар ғана емес, Оңтүстік Корея, Ресей Федерациясы мен Қырғыз елінен қаржы аударғандар бар. Бүгінге дейін еріктілер 8 млн теңге қаражат жинаған. Халықтан көмек ретінде жиналған қаржының бір бөлігіне Түпқараған ауданындағы Қаңға жерінде орналасқан 4 шаруа қожалығына жем апарды. Атап айтқанда, «Медет» шаруа қожалығына 100 қап, «Меңдіханов Мұханбеткерей», «Серік Сеңгірбаев», «Абат» шаруа қожалықтарына 50 қап жем үлестірілді.
«Көмек беріп жатқан ерікті жастарға, еріктілер қоғамына үлкен рақметімізді айтамыз. Қиын шақта қолын созғандарға көп рақмет. Алла риза болсын. Осылай әкеліп, техникамен көмектесіп жатқан Түпқараған ауданының әкімдігіне рақметімізді айтамыз», - «Медет» шаруа қожалығының иесі Ақсырға Таласбаева.
Еріктілер бүгінге дейін 10 отбасыға көмек көрсеткен.
«Маңғыстаудағы қуаңшылыққа байланысты еліміз бойынша тұрғындар арасынан көмек ретінде қаржы жинап бастадық. Бұл ретте Оңтүстік Корея, Ресей Федерациясы мен Қырғыз елінің азаматтары қалыс қалмай көмектесті. Әр адам 200, 500, 1000 теңгеден болса да қаржы аударды. Нәтижесінде 8 млн теңге жиналды. Бұл жұмыстарды еріктілермен бірге өзіміз атқардық. Мал азығын жеткізу үшін жүк көліктерін жалдадық. Әрине, бұл жұмыстар қосымша қаржыны талап етеді. Ал, бүгін шаруаларға шөпті жеткізу үшін Түпқараған ауданы әкімдігі көлікпен көмектесті», - деді Сабина Бейсембаева.