«Теңізшевройл» ЖШС-нің қолдауымен Баутин ауылында балалар қалашығы ашылды. Бұл Орталық Азияның Еуразия Қоры арқылы іске асқан жаңа жоба. Бұл туралы жоба жетекшісі Тілектес Сәденова мәлім етті.
«Әрбір тұрғын өз қаласы мен ауылының гүлденіп көркейгендігін қалайды. Бірлесіп жұмыс істесек, оған қол жеткізуге мүмкіндік болады. Сол себепті де осы мақсатты алдымызға қойып балалар қалашығын ашу туралы ұсынысымызды жолдадық. Кейін қолдау тауып, бүгін міне грантқа қол жеткізіп отырмыз», деді Тілектес Сәденова.
Балалар қалашығында лабиринт, түрлі салада ойнайтын үйшіктер (дәріхана, полиция, мектеп, өнерлі балаларға арналған сахна т.с.с), әткеншектер бар. Жарықшамдар орнатылып, өрнектастар төселген.