«Ақтау-Құрық» тас жолының 38-шақырымында орналасқан екі су резервуарының құрылысы аяқталды. Бұл туралы Қарақия аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Баймұрат Әбілов мәлімдеді, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Аталған су резервуарының әрқайсысының сыйымдылығы – 1000 м³. Құрылыс жұмыстарын «Мантеком» ЖШС мердігер мекемесі жүргізді.
«Сорғы станциясын толықтай жаңартып, оны қайта құрылымдау қарастырылған болатын. Атап айтқанда, маркасы «ЦНС 180-85» электр қозғалтқышты қайта жөндеу және сорғы құрылғысын жөндеу жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар сорғы станциясының ғимараты жаңартылып, ескі электр трансформаторын, сыртқы жарықшамдарды, толықтай құбыр бұрандаларын ауыстыру жұмыстары бітті», - деді Баймұрат Әбілов.
Сорғы станциясының құрылысы барысында «Жұмыспен қамту – 2020 жол картасы» бағдарламасымен 13 қарақиялық тұрғын жұмыспен қамтылды.
«Орнатылған су резервуарларының сыртқы беті жылытқыш минералды плиталармен қапталды. Жобаға сәйкес сорғылар орнатылды. Сондай-ақ сорғы станциясы ғимаратының жөндеу жұмыстары жүргізілді», -деді Баймұрат Әбілов.