Аптаның дүйсенбісінде аудан басшыларының аппарат кеңесі өтті. Жиынды аудан әкімінің міндетін атқарушы Нұрлыбек Жолбаев жүргізіп, Мұнайлы аудандық ішкі істер басқармасындағы кадрлық өзгерістерді баян етуден бастады.
Сонымен Маңғыстау облысы ішкі істер департаменті бастығының 2018 жылғы 29 тамыздағы №416 бұйрығымен Мұнайлы аудандық ішкі істер бөлімі бастығының міндетін атқарушы болып Рашид Қуандықов бекітілді. Ал осы бұйрық негізінде Мұнайлы аудандық ішкі істер бөлімі бастығының орынбасарлығына Амантай Өркенбаев тағайындалса, Маңғыстау облысы ішкі істер департаменті бастығының 2018 жылғы 24 тамыздағы №408 бұйрығымен Мұнайлы аудандық ішкі істер бөлімі бастығының орынбасары қызметіне Еркін Чунетов тағайындалды.
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: Жасыл экономика — қоқыс сұрыптаудан басталадыАудан әкімінің міндетін атқарушы Н.Жолбаев жаңа лауазымға тағайындалған басшылардың өмірбаянымен таныстырып, істеріне сәттілік тілегеннен соң Ақтау қаласында өткен V Каспий саммитінің өткізілуіне айрықша атсалысқан азаматтарды марапаттады. Атап айтсақ, Маңғыстау облысы әкімінің Алғыс хаты Басқұдық ауылдық округі әкімі Өсер Тлеповке, аудандық жер қатынастары бөлімінің басшысы Әлібек Өтегеновке, «Маңғыстау жылу» МКК басшысы Бекбол Қазақбаевқа, аудандық халықты жұмыспен қамту орталығының қызметкері Мақсат Алигуловқа табысталды.
Марапаттаудан соң аппарат кеңесі күн тәртібіндегі мәселелерді қарау үшін өз жұмысын жалғастырды.
Өз тілшімізден