Баянды ауылында кәсіпкер балалар ойын алаңына қажетті құрылғыларды шығарумен айналысады, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты ҚКО сілтеме жасап.
Тауардың сапасына 2 жылға дейін кепілдік беріледі. Одан бөлек шетелдік өнімге қарағанда 20 пайызға арзан.
- Бүгінгі күні 15 ауыл тұрғынын жұмыспен қамтып отырмыз. Шағын зауытта 2 цех бар. Бірінде темір бұйымдары дайындалса, екінші цехте ағаш өңделеді. Одан бөлек сырлау жұмыстары да жасалады. Балалар алаңына қажетті дүниенің барлығы осында толық дайындалады. Тіпті жасанды газонды да тапсырыс бойынша жасап береміз, - деді кәсіпкер Ерқанат Ибатуллаев.
Кәсіпкер осы күнге дейін Ақтау қаласына 200-ге жуық балалар ойын алаңын толық қажетті ойын құралдарымен жабдықтаған. Алдағы уақытта кәсіпкер өңірдегі аудандармен де бірлесе жұмыс істеуге ниетті.