Маңғыстау ауданында "95 жылдыққа -95 игі іс" жобасы бойынша бірқатар нысанның құрылысы басталды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz аудан әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Мерейтой қарсаңында қайта түлеген аудан орталығындағы жөндеу жұмыстары Шаңдақ жерінен басталды. Бұл жер Шетпе кентінің кіре беріс аумағы. Ауданның қақпасы іспетті "Қарашаңырақ" архитектуралық құрылысы бой көтеріп, үш бағыттағы жолайрығына да анық көрінетін тұстан қойылған.
Сонымен бірге, туған жерге тарту ретінде кәсіпкер азаматтар демеушілігімен ескі екі қабатты үйлердің сыртына жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Асқарбек Керелбаев №20 үйдің қасбетін жаңартып, шатырын ауыстырған. Сонымен бірге, дәліздері мен сатылары жаңа кейіпке енген. Аталған үйдің қасында орналасқан қосымша нысан да қайта жаңғырды.
Аудан тумасы Қалмұрат Мерекеұлы № 15 үйді жөндеуді қолға алған. Ал Асылбек Жолдыбаев №2 үйдің жөндеу жұмыстарын қарқынды жүргізіп жатыр.
Сондай-ақ, Шетпедегі 8,9,12,13,16 - үйлер бюджет қаржысына жөнделеді. Қазіргі уақытта аудан орталығындағы 16-үйге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.