Кәсіпкерлікке қолдау көрсетіп, аудан тұрғындарының әл-ауқатын көтеру бағытында жүргізіп отырған жергілікті билік саясатына «ERSAI Caspian Contractor Company LLC» компаниясы инвестор ретінде қол ұшын беріп келеді. Соның бір айқын дәлелі - Құрық ауылының кәсіпкерлерін әлеуеттік қолдау мақсатында аудан орталығындағы «Жан» мейрамханасында өткен ауқымды шара. Компанияның қаржылық қолдауымен «Орталық Азияның Евразия Қоры» ҚҚ ұйымдастыруымен «Құрық ауылында кәсіпкерлік әлеуетті дамыту» жобасы шеңберінде ең үздік бизнес идеялар конкурсын осымен бірнеше рет өткізіп отыр. 2018 жылдың 20 қарашасында конкурсқа барлығы 30 қатысушы өз бизнес жоспарларын қорғады. Комиссия құрамында компанияның, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының, Қарақия ауданы әкімдігінің және «Орталық Азияның Евразия Қоры» ҚҚ өкілдері болды. Конкурстың нәтижесінде 6 қатысушы жеңімпаз деп танылып, 6 598 260 теңге көлемінде қайтарымсыз қаржылай көмек көрсетілді. Грант иегерлерін салтанатты марапаттау рәсіміне Қарақия аудандық кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімі қызметкерлері, Құрық ауылы әкімі М.Төлегенов қатысты. Осылайша бұл жолы: 1. Макашева Жадыраға қолөнер бұйымдары үшін - 740 000 теңге; 2. Султанов Мақсатқа техникалық көмек көрсету үшін - 988 000 теңге; 3. Токбаева Айнұрға аяқ киім шеберханасы жандандыру үшін - 1 355 260 теңге; 4. Ерданова Гулзираға тігін шеберханасын кеңейтуге - 1 305 000 теңге; 5. Үркенбаева Айгүлге оқу орталығын кеңейтуге - 1 000 000 теңге; 6. Шынар Болатқызына логопедиялық орталықтың қызметіне - 1210000 теңге қайтарымсыз қаржылай көмек қоры беріліп, грант иегерлеріне арнайы сертификаттар мен гүл шоқтары ұсынылды. Мейрамханада кәсіпкерлерге арналған дастархан жайылып, олар ары қарай кәсіптерін қалай жандандыруы жөніндегі өз ойларын ортаға салып, пікір алмасты.
Шынар КЕНДІН