Кәсіптік білім беру жүйесін жетілдіру туралы Елбасы Жолдауында «Біз кәсіптік және техникалық білім берудің мазмұнын толық жаңартпақ ниеттеміз» деп атап өтті. Ол үшін үкіметке бизнес қауымдастығы мен жұмыс берушілер өкілдерін қатыстыра отырып, кәсіптік-техникалық кадрлар дайындау жөнінде ұлттық кеңес құруды тапсырды. Кәсіптік-техникалық білім беру саласына, яғни колледждерге айрықша маңыз берудің себебі кәсіпорындардың сұранысына ие жұмысшы мамандықтары бойынша білікті мамандар арнайы дайындалады. Олардың арасында құрылыс, тау-кен технологиясы, теміржол, байланыс, көлік және коммуникация, мұнай өндірісі, актокөлік жөндеу мамандарын әзірлейтіндер бар. Бұл - өмір жолын жаңа бастаған жастардың белгілі бір мамандық иесі атануы үшін игілікті іс атқарылып жатқанының дәлелі. Бүгінгі таңда қоғамның басты талаптарының бірі әр азаматтың өмірде өз орнын тауып, қоғамдағы байлықты еселей түсуге еңбек үлесін қосуы, еңбекке адал, саналы қатынасу болып табылады. Еңбек тәрбиесінің басты мақсаты - еңбекке даярлау ғана емес, сонымен қатар жас жеткіншектерді біліммен, іскерлікпен және дағдымен қаруландыру қабілеттігін дамыту, мамандық таңдауға көмек беру болып табылады. Кәсіптік білім көкжиегін кеңейтуге бағытталған 2008-2012 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламаның негізгі қағидалары 2011-2020 жылдарға дейінгі білім беруді дамыту бағдарламасында да көрініс тапты. Маңғыстау түбегінде де техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдары дами түсуде. Жалпы өлкенің кәсіптік білім беру жүйесінің тарихына көз жіберсек, ауданымыздағы бірден-бір кәсіптік білім беретін орын – Маңғыстау техникалық колледжі ең алғашқылардың бірі болып саналады. Биыл бұл іргелі оқу орнының құрылғанына алпыс жыл толып отыр. Маңғыстаудың кәрі шаңырағы саналатын Таушық селолық кеңесіне қарасты 7 шахта елді мекенінде ауыл шаруашылығын механикаландыру училищесі (УМСХ) болып ашылған білім ордасының атауы №82, кейін №5 кәсіптік-техникалық училищесі, №5 кәсіптік-техникалық мектеп болды. Атауы өзгергенімен басты міндеті - арнаулы орта білімді жұмысшы маман-кадрларды дайындау болып қала берді. Білім ордасының қызметін ұйымдастырып, тізгінді қолға алған алғашқы директор Х.Ахтанов болды, осы кісінің бастап кеткен іргелі істерін одан әрі жалғаған інілері оқу орнының бүгінгі биігіне жетуіне өзіндік үлестерін қосқаны ақиқат. Әр жылдары оқу орнын М.Құбышев, Е.Қайболдиев, Б.Темірәлиев, Б.Аманиязов, Ө.Сағындықов, М.Асанов, Ж.Селбаев Б.Серікбаев, Н.Аманжолов, А.Демеев, Ұ.Сарбалаев басқарды. Аты аталған әр ұстаздың колледж үшін еткен еңбегі мен төккен тері өлшеусіз. Заман ағымына қарай бейімделіп, әр уақыттың өз талабына сай шәкірт тәрбиелеу ісінде бұл кісілерден асқан шебер жоқ дерсің. Мәселен, саналы ғұмырының 51 жылын осы колледжде өткізген ардагер ұстаз Ө.Сағындықов КСРО халық ағарту ісінің үздігі, «Ерен еңбегі үшін» медалінің және КСРО Министрлер Кеңесінің, ВЛКСМ Орталық Комитетінің Құрмет грамоталарының иегері, Маңғыстау ауданының Құрметті азаматы. Алпыс жылдық тарихымыздың тірі куәгері деп мақтанышпен айта аламыз. Жарты ғасырдан астам уақыт үшінде ұлағат ұясынан 14000-нан астам жас қолдарына диплом алып, белгілі бір маман иесі болып, болашаққа самғады. Бүгінде осы оқу орнында білім алып, маман болып қалыптасқан жастардың бірқатары ұшқан ұясында педагогикалық қызметін атқарып жүр. Құрылған жылдары жастар Қарақалпақстан, Түрікменстаннан келіп, білім алған екен. Кәсіптік-техникалық училище кезінде тракторист, аспаз, есепші, тігінші, мәдени шараларды ұйымдастырушы, слесарь, құрылысшы, хатшы, жүргізуші мамандары дайындалса, колледж тарихында техник-механик, техник-құрылысшы, есепші, дәнекерлеуші, мұнай және газ кен орындары операторлығына жастар кәсіптік білім алды. 1980 жылы Таушықтан Шетпедегі 3 қабатты оқу ғимаратына көшіріліп, қалыптасқан оқу үрдісін жалғастырды. 2008 жылы Маңғыстау облысы әкімінің №372 қаулысы негізінде Маңғыстау техникалық колледжі болып атауы өзгеріп, жаңа тыныспен қызметін жалғастырды, материалдық техникалық базасы жаңартылды. Биылғы оқу жылында 282 студент білім алуда, оларға жоғары білімді 32 оқытушы дәріс береді, 13 оқытушы кураторлық қызмет атқарады. Дуальды оқыту жүйесі іске асып келеді, яғни студенттер 30 пайыз теориялық білім алып, 70 пайыз тәжірибелік сабақтан өтеді. Кәсіби шеберлік конкурсы Worldskills чемпионатында соңғы 3 жылда колледж студенттері 1 алтын, 2 күміс, 2 қола жүлде иеленді. Студент Мирас Чонекбаев Астана қаласында өткен республикалық чемионатқа қатысты. Колледж жастарынан құралған «Болашақ механиктер» жайдарман командасы батыс аймақтық чемпионат жүлдегері, аудандық маусымашарда бас жүлдені иеленіп, мәдениет кубогының иегері атанды. Оқу орнының мерейтойын атап өту сияқты іс-шаралар жоспарында аудан жастары арасында билярдтан, шағын футболдан, тоғызқұмалақтан жарыс ұйымдастыру, бейнероликтер байқауы, эссе байқауы, түлектермен дөңгелек үстел т.б. шаралар қамтылған. Колледж тарихынан сыр шертетін мұражай жабдықталды. Онда оқу орны тарихына қатысты құжаттар, материалдар, суреттер қойылған. Ұрпақ – еліміздің, ұлтымыздың болашағы. Қай халық болмасын үмітін ең алдымен ұрпағынан күтеді. Сондықтанда жастарға кәсіптік бағдар беру ісін сәтті ұйымдастыра білу – үлкен жауапкершілікті талап ететін жұмыс. Осындай істі жүзеге асыруда бар жауапкершілікті сезініп, ұлттық және жалпы адамзаттық құндылықтар негізінде жеке адамды қалыптастырып, дамыту және оған жан-жақты терең білім беру ісінде алпыс жылдық тарихы бар алтын ұя ұжымы аянбай еңбек ете бермекші. Ендеше келешектің иесі бүгінгі ұрпаққа білім беріп қана қоймай, келешектің көкжиегіне қол жеткізетін мамандықтарға жол сілтеуіміз хақ.
Б.ШАНКЕНОВА, директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары