«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясын да айлардың сұлтаны – қасиетті Рамазан айының құрметіне Қарақия ауданы, Құрық ауылының орталық мешітінде «Нұр Отан» партиясы МОФ депутаттық фракциясының мүшесі Қуанышбек Спанұлы Әбдірахман жылдағы дәстүрінен жаңылмай, ауыз бекіткен жамағатқа арнап ауызашар берді. Жалпы аудандық мешітте аудан, ауыл әкімшілігі, мекемелер мен жеке кәсіпкерлер атынан әр күн сайын ауызашар беріліп келеді. Бұл жердегі айтайын дегеніміз – сол ауызашарға жиналған қауымға рухани азық, дұрыс бағыт, игі іс жасау одан да маңыздырақ. Бұл жолғы ауыз ашарда мешіт имамы Хамит Табарак ораза жайлы уағыз айтып, ақсақалдар өнегелі әңгімелер тарқатты. Қ.Әбдірахман жуырда ғана тұсауы кесілген Ержан хазірет Төлегенұлының «Өсиетнама» (Ұрпаққа аманат) кітабын сыйға тартып, былай деді: – Жақында ғана маңғыстаулық діни ғұлама Ержан хазірет Төле генұлының «Өсиетнама» (Ұрпаққа аманат) кітабының тұсаукесері болған еді. Бұл кітап несімен құнды? Кітапта ата-бабаларымыздың жолы, біздің қандай мектепті ұстанғандығымыз көрсетілген. Мұнда қазақ халқына беретін жеткілікті ілім, насихат бар. Ержан хазірет кәкеміздің иманшарт, қырық парыз туралы терең түсінігі қарапайым тілмен жеткізілген. Оның бұл құнды дүниелері біз үшін тазалық жолының, атабабаларымыздан келе жатқан тасаввуф жолының саф қалпын сақтауымен және оны бізге қазқалпында ұсынылуымен ерекше бағалы. Кітаптың мазмұнында адамға бойдағы нәпсісін жүгендей білуді, жан дүниесі кең, көпшіл болуды үйрететін құнды дүниелер қамтылған. ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: Бала туу жөнінен Маңғыстау облысы елімізде көш бастап тұр Адам, қоғам, имандылық, ұлттық құндылықтар шеңберіндегі руханияттық тәрбиеге Ержан хазірет кәкеміздің танымдық еңбегін үлгі етуіміз керек. Бұқара халықты және жалпы көпшілікті оның еңбегіне таныс деңгейге жеткізу үшін салтымызды сақтай отырып, үзілген алтын шынжырды қайта жалғау бабаларымыз өсиет еткен ұлы даңғылмен жүру. Бір сөзбен қорыта айтар болсақ, «Бабадан үлгі – баладан амал» қағидасын ұстану, деді Қуанышбек Спанұлы. Рухани құндылықтарға толы бұл кітаптың бағасы да рамазан айының құрметіне орай елу пайызға жеңілдетілген көрінеді. Кітап туралы толық ақпаратты білу үшін Бисенбек Нұржігітұлына (87777518484) хабарласуға болатындығын да айта кетейік. Расында бұл кітап еліміз үшін, халқымыз үшін, мұсылман қауым үшін дұрыс бағыт, баянды бағдаршам болып жатса, нұр үстіне нұр болары сөзсіз. Әсіресе дінге енді бет бұрған жас буынға, жалпы мұсылман жұртшылығына әдеп қағидалары мен салтымызға сай дін ұстану ережелері жайында берері мол жәдігер.
Аршын КЕРЕЙ