©
Қазақтың қасиетті жеріне келгеніме алпыс жылға жуық уақыт болыпты. Ата-анам Челябинск өңірінен астықты Ақтөбеге жұмысқа келгенде мен кішкентай ғана сәби екенмін. Қазақ балаларымен бірге ойнап өстім, қазақ балаларымен бірге мектеп есігін аштым.
Арманым ұстаз болу еді. Сегіз жылдық мектепті бітірген 15 жасқа толар толмас кезімде Ақтөбе педагогикалық училищесіне оқуға түстім. Бұл өмірімдегі үлкен қуаныш еді. Өз кәсібімнің шебері болудың алғашқы баспалдағы осы оқу орынында өтті. Мұнда да қазақ ұлтының қыздарымен бірге оқып, дос-құрбы болдым. Бастауыш кластың мұғалімі деген дипломым қолыма тиген соң мен 1976 жылы жаңа құрылған Бейнеу ауданына жас маман ретінде арнайы жолдамамен келдім. Міне 19 жасқа жаңа ғана толған жас бойжеткен шағымнан бергі бүкіл саналы ғұмырым Бейнеу ауданында өтіп келеді.
Мен Бейнеуді өзімнің Отаным деп айта аламын. Осында жүріп сан жылдар бойы талай бүлдіршіннің алғашқы ұстазы болдым. Тұрмыс құрып отбасылы болдым. Бейнеу - өзімнің ана болып, балаларымның кіндік қаны тамған жер. Бейнеу - менің әже болу бақытын көрген жерім. Қазір үш немерем бар. Мен өмірде де, өз кәсібімнің иесі болуда да бақытқа қол жеткіздім деп ойлаймын. Айтпақшы айта кетейін, Бейнеудегі мектепте сабақ бере жүріп, бұрынғы Гурьев педагогикалық институтынан жоғары білім алдым. Тәжірибемді, кәсіптік мүмкіндігімді бағалағандықтан болар, зейнеткерлік жасқа шықсам да әлі күнге балдырғандарға білім әліппесін үйретуге келгенде мектеп те, балабақша да мені ұмытпайды, іздейді, қызметімді әлі жалғастырып келемін. Бейнеудегі қалың қазақтың қақ ортасында өмір сүріп, барлығымен ағайын-туыс болып кеткенмін. Алып жатқан алғысым үшін, көріп жатқан құрметім үшін, бірге бөлісіп татып жүрген дәм үшін, қазақтардың мейірім толған көңілі мен ешкімді жатсынбайтын бауырмал кең пейілі үшін мың сан рақметімді айтамын. Еліміз аман болып, ынтымақ бірлігіміз нығая берсін!
Мельниченко Галина Ивановна, ардагер ұстаз