©
Өз сыныптастарым сияқты мен де мектеп қабырғасында жүріп, «Кім болам?» деген сұраққа жауап іздеп, әр мамандықты армандаған жастардың бірімін. Мен ер бала болсам да ұстаз болуды көп армандадым. Бұл мамандықты таңдауыма химия пәнінің мұғалімі, ұлағатты ұстазым Роза Қайрамбаеваның ықпалы зор болды. Мектеп қабырғасында жүргенде оқуға, білім алуға жаным құмар болатын, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсете жүріп, ұстаздарымды ата-анамдай сыйлап, үлгілі озат оқушы болдым.
Барлық пәндерді жақсы меңгере жүріп, апайым оқытқан химия пәнін сүйіп оқыдым, зертханалық жұмыстарда жасалған реакцияларды қызыға тамашалайтынмын. Химиядан мектепішілік, аудандық олимпиадаларға қатысып, үнемі жүлделі орын алып жүрдім, алған орындарым қызығушылығымды одан әрі арттыра түсті. Сонымен мектеп бітіріп, ҰБТ-ға қатысып, таңдау пәнім химиядан жақсы балл жинап, арман қуып Алматы қаласына аттандым. Жақсы көретін ұстаздарым түрлі ақыл-кеңестерін айтып жатты. Бірі теміржолшы, бірі заңгер бол дейтін.
Солардың ішінде Роза апай:- Химия пәнін таңдадың Алматыдағы Аспандияров атындағы мемлекеттік медициналық университетте оқы, себебі өскен жерің Бейнеу ауданында фармацевтика саласы кенже дамыған дейтін. Ал ата-анам, инженер - мұнайшы болуды қалады. Сонымен қазақтың тұңғыш инженер-геологы Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ Ұлттық Техникалық Университетінің (ҚазҰТУ) «Органикалық заттардың химиялық технологиясы» ма- мандығына оқуға түсіп, 4 жылдық оқуды да «инженер-мұнайшы» боламыз деген арманмен бастап кеттік. Оқу барысында ұстаздарымыз:
Барлығыңыз бірдей «инженер-мұнайшы» болып кетпессіздер қызығушылықтарыңызға қарай «Жас ғалымдар» тобын құрып, өздеріңіздің мүмкіншіліктеріңізге, бақтарыңызды сынап көріңіздер деген болатын. Жас ғалымдар тобының мақсаты – инженер-педагог болуға тәрбиелеу, бағыттау болатын. Сол «Жас ғалымдар» мүшесі бола жүріп, үшінші курсымда бірінші курс студенттеріне дәріс беретін дәрежеге жеттім. Үміт еткен ата-ана арманы орындалып, жоғары оқу орнын ойдағыдай аяқтап, дипломмен ауылға оралдым.
Еңбек жолымды 2013 жылдан бері ауданымыздағы маман даярлайтын бірден-бір оқу орны Бейнеу политехникалық колледжінен бастадым. Алған білімімді еліміздің ертеңі, болашағы студент-жастардың бойына сіңіре алсам менің мақсатымның орындалғаны және азаматтық парызым деп білемін. Алғаш сабаққа кіргенде алдыңда отырған шәкірттердің саған деген жылы көзқарасы, білімге деген құлшынысы биік армандарға жетелейді екен. Шәкірттеріме іздене жүріп берген дәрісім өзімнің де көп нәрсені меңгеруіме, білімімнің шыңдалуына септігін тигізіп келеді. «Шәкіртсіз ұстаз тұл» демекші, мен де өзімнің тәрбиелеген шәкірттерім елінің қажетіне жарайтын жақсы азамат болып шықса еңбегімнің ақталғаны деп білем. Менің өмірлік ұстанымым студенттерімнің жақсы маман болып шығуына септігім тисе менің арманымның, өмірлік ұстанымымның орындалғаны емес пе?!
Бүгінгі ұрпақ – ұлттың, елдің, жердің болашағы үшін үлкен жауапкершілік міндетін арқалап отырған ұрпақ. Олардың болашақта ұлттық дәстүр мен салт-сананы берік сақтайтын саналы да парасатты болып өсуінің бір кілті ұстазда деп білемін. Сондықтан бүгінгі ұстаздар қауымының да бәсекеге қабілетті ұрпақ тәрбиелеуде жауапкершілік жүгінің жеңіл емес екендігі анық. Олай болса сол ұлы жауапкершілік жолында бар күш- жігерімді жұмсап, талай асуларды бағындырсам одан асқан бақыт жоқ шығар, сірә?!
Сарсен ҮСЕНОВ,
Бейнеу политехникалық коллежінің арнайы пән мұғалімі