©
Халқымызды ғасырлар бойы бұғауда ұстаған алып Ресей империясының керегесі қаусап, құлайтын кезі бар екен. Бірақ тәуелсіздік жолы оңайға түскен жоқ. Қазақ халқы өзінің сан ғасырлық тарихында талай рет «мың өліп, мың тірілуді» бастан кешіріпті. Аумалы-төкпелі замандарда қарақан басының қамын кейінге ысырып тастап, ел тағдыры мен жер тағдыры үшін арпалысып өткен ерлер ертеңгі атар таң мен батар күннің осы бір ұлан далада шашын жайып аңыраған ана, арысын жоқтап күңіренген жесір дауысынсыз өтуін аңсап, бар өмірін ат жалында өткізіпті. Халқының салты мен дәстүрін, тілі мен дінінің сақталуы үшін қолынан келген қажыр қайратын аямай жұмсапты. Талай арыстарымыз темір торға қамалып, қасіретке толы жылдар тауқыметін көрсе, кейбірі жазықсыз жаланың құрбаны болып өмірден ерте өтті. Бірақ кезінде олар туралы әңгіме қозғаудың өзі мүмкін емес еді. Еліміз тәуелсіздігін алғаннан кейін еркін тыныстап, бір кездері жоғалтқан асылдарымызды түгендей бастадық. Сондай ардақтыларымыздың бірі – үлкен діни қайраткер, ғалым Оразмағамбет Тұрмағамбетұлы еді. Арамыздан кеткеніне сексен жылдан астам уақыт өтсе де Маңғыстау халқы оның атын әлі аялап айтумен келе жатыр. Ауыздан-ауызға жеткен әңгімелер арқылы біреу оны кен іздеген кемеңгер десе, біреу ағартушы, үшіншілері басы ауырып, балтыры сыздағанға қол ұшын беретін емші, төртіншілері үлкен діни ғұлама есебінде біледі. Әрине, бұлардың бәрі де тек айтыла салған әңгіме емес еді. Бұл атамыз жөнінде ұлы жазушы Әбіш Кекілбайұлы, Дүкенбай Досжанов, өлкемізге белгілі жазушылар Отыншы Көшбайұлы, Әбілқайыр Спан, басқа да қалам тербеуші азаматтар мен журналистер баспасөз беттерінде мақала, зерттеулерін жазып көпшілікке ұсынды. Алғаш қауіпсіздік комитетіндегі істермен танысушылардың бірі, марқұм Сұлтан Балхаев екенін айта кеткен орынды. Мен де кезінде осы атамыз туралы ізденіс жұмыстарына араласқан адамның бірімін. 1992 жыл болатын. Ол кезде Ашхабад қаласында тұрамын. Үйге Иранда тұратын Оразмағанбеттің үлкен баласы Ебжан ағамыз келді. Мұны естіген Ашхабад қазақтары бірінен соң бірі келіп Ебжан ағамызбен көрісіп, өткен кезеңдерін еске алысып жатты. Әрине, бір кездегі өлкеге белгілі ғұламаның баласымен кездесіп, әңгімелесу кім-кімге де үлкен дәреже болатын. Ебжан ағамыз осында келген жұмысының, ең бастысы, кезінде жазықсыз сотталып кеткен әкесінің құжаттарын, суреттерін іздестіру екенін айтты. Тіпті мүмкіндігі болып жатса қаза тапқан жерін де көргісі келетінін қаперге берді. Ағамыздың келуіне байланысты берілген қонағасыға ауыл үлкендерімен бірге Ашхабад қалалық сотының төрағасы руы бәйімбет Аралбай ақсақалды да шақырғанмын. Аралбай Ебжан ағамызбен танысқасын Оразмағанбетті өте жоғары бағалайтынын, алғашқы білімді сол кісінің алдында алғанын, әкесінің жақын араласқан сыйлас адамы екенін есіне алды. «Әкем мені Қызылсудың басында отырған Оразмағанбеттің үйіне бір жылға тастап кетті. Ол кезде 6-7 жасар баламын. Арада қаншама жылдар өтседе ол кісінің бет-бейнесі жадымда қатты сақталып қалды. Егер суреті болса жазбай таныр едім», – деді. Әрине, заң саласында істейтін адам болғандықтан Оразмағанбет туралы құжаттармен қалай танысуға болатыны туралы да әңгіме қозғалды. Аралбай аға ол құжаттардың КГБ-ның архивінде сақталатынын, оған қол жеткізіп, танысу үшін Түрікменстан Орталық комитетінің бірінші хатшысы С.Ниязовтың рұқсаты керек екенін айтты. «Ал сот шешімін, атылған жерін білу өте қиын. Оны бұл жерде жалғыз адам ғана біледі. Ұлты түрікмен, аласапыран жылдары кезінде аздаған білімі болған жігітті НКВД-ға жұмысқа алған. Қазір Ашхабадтың батыс бетіндегі Гөкже деген ауылда тұрады. Мүмкіндігі болса соны тауып алып сөйлескендерің мақұл. Қазір бәрі де артта қалды ғой, оның ендігі жерде қорқатын ештеңесі жоқ. Бәлкім көрген-білгенін айтып қалар», – деді. Не керек, уақыт оздырмай ағамыз айтқан тапсырманы орындауға кірістік. Ебжан ағамызды өзіммен бірге ала жүріп Гөкже ауылынан әлгі кісіні тауып алдық (өкініштісі аты-жөні есімде қалмапты). Жасы біршамаға келген, ақ сақалды келісті кісі екен. Біз барғанда кешкі шәйін алдына алыпты. Түрікмен қонақжай халық қой, төрге оздырды. Қайтадан дастархан жайып, келіндер шәй мен нанын әкелді. Мен сол жақта туып-өскендіктен түрікмен тілін жетік білемін. Қасымдағы кісінің Оразмағанбеттің баласы Ебжан екенін айтып таныстырдым. Ираннан келгенін естігесін ол жақтағы адамдардың жайын сұрап біраз әңгіме айтылды. Содан кейін барып: - Байқап отырмын, басты шаруаларың маған байланысты сияқты. Айта отырың, – деп сөз тізгінін бізге берді. Біз Аралбай ағамыздың айтуы бойынша келгенімізді білдіріп, өзімізді толғандырған сұрақтармызды қойдық. - Иә, мен Аралбайды көптен бері білемін. Бір-бірімізбен сәлем-сауқатымыз түзу, сыйлас адамдармыз. Ол дұрыс айтады, қазір жасырудың қажеті жоқ болар, кезінде НКВД-да жұмыс жасағаным шындық. Бәрін бірдей созбалап бастарыңды ауыртпайын. Түрмеге қамалған адамдарды 1938 жылдың 29-30 қазанында Мәскеудің көшпелі сотының адамдары келіп соттап, екі күн бойы қаланың шетіне апарып атқанын білемін. Келіп машинаға тиеп алып кетеді. Сөз арасында «кяриздің бойына алып кетті» дегенді еститінбіз. Оның қай кяриз екенін айтпайтын, сұрауға біз де қорқатынбыз. Олардың қай жерде атылғанын мен де білмеймін. Кеңес кезінде адам айтса нанғысыз жауыздықтар болды ғой. Түрмедегілерді жазалап болғаннан кейін оларды апарған жүргізушілер мен атқан адамдарды НКВД-ның жертөлесіне апарып түгелдей атып тастады деп еститінмін. Сөйтіп, олар өздері жасаған қылмыстың ізін жасырған болды. Сондықтан іздемесеңдер де болады. Арнап құран оқысаңдар аруақтарға жетеді ғой. Естуімше атылған адамдардан екеуі тірі қалған. Біреуі діни адам болған, өзіне бағыттап атылған оқ атылмай қалыпты. Бірақ түрмеге әкеліп соққыға жығып өлтіргенін білемін. Біреуіне шала оқ тиіп құлайды. Судың ішінде есін жиып ағып жатқан бағытымен жүріп 6-7 күн дегенде далаға шығыпты. Шыққан бойда ешқайда бармастан бірден НКВД-ға келіпті. Түрме бастығы әлгіден «денеңнен қан шықты ма?» деп сұрады. Ол оқ тиген жерін көрсеткен. Сонда түрме бастығы түрікмен: «Саған оқ тигені рас екен. Ақталдым деп есепте. Бірақ ел арасында қалай жүріп тұруды тек біздің айтқанымыз бойынша орындайсың. Ешкімге тіс жарып болған оқиға туралы айтпайсың. Ол орындалмаған жағдайда алдағы күніңнің не болатынын айтпасақ та білетін шығарсың» дейді. Осы ауылдың тұрғыны болатын. Өмірден өткенше болған оқиға туралы сыр шығармастан кетті. Сол қанды қырғыннан кейін түрікмен жерінде ұсталып, атылған адам жөнінде естігенім жоқ. Бәрі де түсінікті болды. Ендігі маған тіреліп тұрған шаруа КГБ-дан қылмыстық іс-құжаттарын алу болатын. Мен ол кезде Ашхабадта жоғары партия мектебінде оқитын едім. Оқитын ғимаратымыз Орталық комитеттің ішінде болатын. Сондықтан оның ішіне емін-еркін кіріп-шығатынбыз. Осыны пайдаланып қылмыстық жұмыспен танысуға рұқсат сұрап республика басшысы С.Ниязовтың атына арыз жазып, қабылдау бөлмесіне тапсырдым. Ертесіне арызымның республикалық прокуратураға жіберілгенін, жұмысымның сол жерде бітетіні туралы хабарлады. Уақыт оздырмау мақсатында прокуратураға барсам менің арызымды генералдардың біріне жіберілгені туралы айтты. Есік алдында отырған милицияның бірі мені әлгі генералға ертіп апарды. Барған прокурорым өзім танитын, тіпті бір шағын ауданда тұратын Нұрғожа Мәмедқалиев деген қазақ жігіттерінің бірі болып шықты. Нұрғожаның ұл-қыздары қазір Маңғыстауда тұрады деп естимін. Мен барғасын Нұрғожа КГБ-ға телефон соғып жұмысты дайындап қоюға тапсырма беріп, менің баратынымды айтты. Сонымен іс папкісі ертесіне менің қолыма түсті. Маған бөлек бөлме берілді, соның ішінде отырып жұмыспен толықтай таныстым. Бұл қылмыстық іс 192 беттен тұратын қалың бір томдық екен. Осы қылмыстық жұмыспен жалпы саны 72 адамды ату жазасына бұйырыпты. Атылған адамдар түгелдей қазақтар, бәріне де «Алашорда» контрреволюциялық көтеріліс ұйымының мүшелері деп жала жапқан. Осының ішінде Оразмағанбеттің жұмысы 72 беттен тұрады. Оразмағанбет ахун. Дін қайраткері, Бомбей қаласында оқыған инженер-геолог, көп тіл біледі. Байдың баласы, «Алашорда» ұйымына қатысқан, «мұңализм» бөліміне басшылық жасаған, кеңес одағына қарсы халықты үгіттеген, жапон тыңшысы, Түрікменстанның Небид-даг жерінде екі пойыз аударған деген жалалар жабылған екен. Сұраққа шақырар алдында дені сау, жұмысқа жарамды деген медициналық анықтамалар алынып отырған. Осы жұмыстың ішінде жалғыз Оразекең ғана емес, 72 адамның түгелдей фото суреттері жоқ болып шықты. Ең ауыр жаза ату жазасы 1938 жылдың 29 қазан күні беріліп, сот шешімі 30 қазан күні орындалған. Осы жұмыспен танысқандардың бірі Әбілқайыр Спан қылмыстық іс жұқалтаңдау екен деп жазыпты. (О.Көшбайұлы. «Дала данасы»). Осыған қарап отырып бұл қылмыстық істі іздеушілерді адастыру мақсатында бірнеше бөлікке бөліп қойған болуы мүмкін деген ойларға жетелейді. Оразмағанбет Тұрмағанбетұлын халық үлкен діни қайраткер, халық емшісі, инженер-геолог, ағартушы ретінде таниды. Қысқа ғұмырының ішінде араб, парсы, орыс, ағылшын, түркі тілдерін білген. Орта Азия қалаларында діни мектептерде оқығаны, Бомбей қаласынан университет бітіріп, геолог мамандығын алғаны тергеу кезінде берген жауаптарынан, Түрікменстан Қауіпсіздік комитетінің Сұлтан Балхаевқа берген анықтамалығынан белгілі болып отыр. Петербургтен келген ғалым М.В.Баярунаспен бірге өлке байлығын зерттегені олардың естелігінде айтылады. Оразмағанбетті тереңірек білу үшін әлі де Түрікменстан Қауіпсіздік комитетіндегі істермен, 1958 жылы Сахар тауынан табылған, кейін Балтабай Адамбаевтың ғылым академиясының кітапханасына тапсырылған кітаптарымен толық жан-жақты танысудың қажет екені белгілі. Оның тек діни қайраткер ғана емес, жан-жақты білімдар болғандығын өзінің жыл сайын көшіп-қонғанда бірнеше түйеге артып жүретін дүниелерінен байқауға болады. Отыншы Көшбайұлы өз еңбегінде: «Стамбулда, Бұқарада, Тегеранда, Египетте, Петербургта, Қазанда, Уфада, Дамаскіде 17–19 ғасырларда басылып шыққан ол кітаптардың ішінде не жоқ дейсіз. Парсы әдебиетінің классигі Жәмидің толық жинағы, Аспахамидің төрт томдық философиялық трактаты, араб әдебиеті мен тарихының теориясы, парсының энциклопедиялық сөздігі, араб тілінің грамматикасы, терминдік қосалқы сөздер түсінігі, өлең өлшемдері, логика, психология, астрономия, алгебра, геология болып жалғасып кете барады» деп жазады. Оразекең туралы әлі де деректер жинап, оның өз еліне, туған топырағына деген шексіз сүйіспеншілігін зерттеп, жан-жақты білімдар философ ретінде қарауымыз қажет деп ойлаймын. Оразмағанбет Тұрмағанбетұлы жөнінде айтылмаған сөз, ашылмаған сыр жеткілікті. Сондықтан Құдай дем берсе, келешекте осы бағыттағы ізденіс жұмыстарымды жалғастырамын.Қосарбай ӘБДІРАХМАНҰЛЫ, Ш.Есенов университетінің доценті