Жаз мезгілінің екінші айы басталысымен Маңғыстау облысында күн қатты ысып су тапшылығы мәселесі алдыңғы орынға шықты. Әсіресе, ауа температурасының шамадан тыс жоғарылауы ауылдық жерлер үшін қиын болды. Ағаштар, гүлдер қурап, тұрғындар өздеріне қажетті су мөлшерін тұтына алмады.
Ауыл тұрғындарының еккенімізге су жетпей, еңбегіміз еш болуда деп шағымдануына байланысты «МАЭК-Қазатомөнеркәсіпке» хабарластық. «Судың мөлшерінен аз беріліп, бау-бақшалардың қурауына МАЭК-тің қатысы бар ма? Қысым жеткілікті ме?» деген сауалдарға олар өз жауабын берді.
«Ақтау қаласына су беруде МАЭК тарапынан шектеу жоқ. Қаланың сұранысы қанша болса сонша көлемде су беріліп отыр. Бүгінгі күні қаланың сұранысы тәулігіне 37 мың кубометр құрап отыр. Теңіз суының температурасы 22 градусқа дейін төмендеді, қазір су өндіру көлемі - қалыпты жағдайда. Қаланың кейбір жерлерінде пәтерге су берілмей жатырса "КЖСА" мекемесіне xабарласу керек», - деді «МАЭК-Қазатомөнеркәсіп» ЖШС директорының кеңесшісі Қолғанат Нұржаубайұлы.
Мамандардың айтуынша, қалаға берілетін су шектелмейді. Су тұтыну көлемі пайдаланған көлемімен есептеліп отырады. Күн қатты ысыған күндері су тұтыну көлемі 40 мың м3 дейін көтерілген. Қазіргі таңда жағдай реттеліп, судың температурасының төмендеуіне байланысты тұтынуда төмендегенін айтқан болатын.
Ал су мәселесі бойынша ауыл тұрғындары кімге хабарласу керек?
«Рауан елді мекеніне ауыз су беретін құбыр тартылмаған, олар ауыз суды водовозбен тасымалдап ішеді. Ол елді мекенде егін суару мақсатына төрт құбыр желісі бар, оларға берілген суды бөліп таратуды ББС-і жүзеге асырып реттеп отырады. Мұнайлы ауданына қарасты елді мекендерге ауыз су беру "Каспий" су тұшыту зауытына бекітілген», - деді ол.
«МАЭК-Қазатомөнеркәсіп» су тапшылығы мәселесіне қатысты өз жауабын айтты. Ал, Каспий су тұшыту зауытына хабарласқанымызда, зауыт қызметкерлері тұтынушылардың өз сұрақтарына Мұнайлы ауданында «Маңғыстау жылу», ал Қарақия ауданында «Тұрмыс сервис» мекемелері жауап беретінін, ал Ақтау қаласы бойынша «МАЭК-Қазатомөнеркәсіпке» хабарласу керектігін айтты.
Асылзат ӨСЕРҚЫЗЫ
Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН