Бүгінгі кейіпкеріміз – Маңғыстаудың талантты әрі өр әншісі – Ақмарал Ерімбетова. Адайдың «Жеті қайқысын» республикаға танытқан Ақмарал Ерімбетова төл өнеріміздің бүгінгі хал-ахуалын бүкпесіз жеткізді. «Сенің дәстүрлі өнеріңді кім тыңдайды» деген сөзді де естідік. Сол себепті дәстүрлі әншілердің бірі сырмақ, бірі баян тартып, лажсыздан сахнаға шығуға мәжбүр» деп налиды әнші. Маңғыстаудың жыры мен термесі ұлттық бренд болғанымен, өлкемізде орынды насихатталмай жатқаны ащы да болса шындық. Сұхбатты толық оқып көріңіз...
- Сөзімізді әріден бастасақ... Алматыдағы ұлттық консерваторияны бітіріп келгеніңізге аз уақыт болған жоқ. Сол жылдары дәстүрлі өнерге деген құрмет қалай болды?
- Мен халық әні мамандығын бітіріп Маңғыстауға келген тұңғыш түлектердің бірі болдым. Консерваторияны 2003 жылы аяқтаған бойда, облыстық филармония мен өнер колледжіне қызметке орналастым. 1997 жылы Өнер колледжінде жабылып қалған «Халық әні» бөлімін аштым. Ең алғаш өңіріміздегі ауылдарды аралап концерттер қоя бастадық. Халық ұлттық өнерге сусап қалған болса керек, еліте тыңдап, бірден тарай қоймайтын. Филармонияда маған дейін халық әнін дамытқан Бауыржан аға, Аманқос Садық пен Ғанипа Садықовалар болды. Күріш ағалар мен Ізбасар ағаларымыз сахна тұғырында халықтың ыстық ықыласына бөленіп жүрген тұстар еді. Сол кездері халық әндерін санаулы-ақ адам орындағаннан кейін бе, халық өнерімізді ерекше бағалады. Әлі күнге дейін, қай сахнаға шықсам да, халықтың жылуын сезініп тұрамын. Дәстүрлі әнге деген қошеметті сезінемін.
- Өлкемізде жыр мен термеге, домбырамен салған әнге ерекше көңіл бөлінеді. Десе де қазақтың классикалық өнері мерекелік кештерде қалыс қойып жатады...
- Маңғыстауда дәстүрлі музыканың халі мүшкіл. Себебі дәстүрлі әншілер өз аудиториясын таппай жүр. Қандай концерттік кештер ұйымдастырылса да, эстрададан гөрі жыр-терме, халық әндеріне қысым түседі. Қазіргі дерт – қай әнді айтсақ та, қысқартып айту,бір шумақ, бір қайырма немесе шумақты 2 жолдан айту. Үнемі ұйымдастырушылардың талабы сондай. Бұл тек Маңғыстауда емес, бүкіл республикада бар мәселе. Барлық өнер иесі дәстүрлі әнді қысқартып айт деген «бұйрыққа» налиды. Домбырамен ән айтқан өнер иесін қорлау бұл. Мен Маңғыстау әндерін, Мұхит, Жеті қайқы әндерін сонда не үшін үйрендім? Қайда орындауым керек? Өлкеміздің жыр мектебіне бүкіл республика тамсанып отыр. «Рухани жаңғыру» аталған жылда әнімізді толық айта алмасақ, белгісіз «қысқартуларға» ұшырасақ несіне әнші боп жүрміз? Оның үстіне ұйымдастырушылар «Жеңіл әндер айт» деген талап қояды. Өзіңіз ойлаңызшы, дәстүрлі әннің жеңіл, ауыры бола ма? Тыңдарманымыздың талғамы соншалық төмендеп кетпеген шығар... Қысқасы, қазақтың классикалық өнері қорланып бара жатқанына ішім удай ашиды.
- Жөн айттыңыз, былтырдан бері Елбасымыздың бастамасымен «Рухани жаңғыру» бағдарламасы қолға алынды. Мұның төл өнеріміздің мәртебесі көтерілуіне ықпалы болуы керек қой...
- Әрине. Тұрмысымызда шешуін таппай келе жатқан мәселе не? Балаларды телефоннан ажырата алмау, интернет пен теледидар бетіндегі ырду-дырду кештер мен арзанқол фильмдер мен бағдарламалар. Меніңше, балалардың ұялы телефонға деген тәуелділігінен құтқарудың жолы – оларды дәстүрлі музыкаға ғашық қылу. Қоғамдағы жасөспірімдердің қылмысын да, батысқа еліктеушіліктің де алдын алуға болады. Маңғыстаудың жыр мектебімен сусындап өскен қазақ баласы жамандыққа бармайды. Сол себепті дәстүрлі өнердің мәртебесін көтеру керек. Қазіргі «Рухани жаңғыру» бағдарламасының ең негізгі мақсат-мүддесі осы болуы керек деп есептеймін.
- Өлкемізде дәстүрлі өнердің насихатталуына қандай кедергі бар?
- Бір ғана мысал, былтыр 16 желтоқсан – Тәуелсіздік күніне орай Ақтауда ірі көлемде концерт ұйымдастырылды. Бірақ сол кешті түсірген өлкеміздің жалғыз арнасы «Маңғыстаудан» 4 дәстүрлі әншінің сахнадағы нөмірін қиып тастапты. Жанды дауыста айтылған әндер экраннан түсіп қалады, ал эстрада ешуақытта қысқартылған емес. Эстрада әншілерінің бәріне бірдей топырақ шашпаймын, адал еңбегімен көтеріліп жатқан таланттылар көп. Дегенмен мағынасы жоқ жансыз әндер экранда көбейіп жатқаны ащы да болса шындық.
- Сонда жыршы, термешілер, дәстүрлі әншілер қалай күнін көріп жүр?
- Біз Бердіхан Әлмен сияқты тәуелсіз журналистердің «Сөз бен саз» кешіне, өлкемізде жыл сайын өтетін жыраулық концерттерге қатысып, әнімізді толық айтып көсіліп қалатынымыз бар. Мұндай жекелеген кештерде ешкім қысым көрсетпейді. Сахнадан зал толы көрерменнің ынтасын көріп, қуанып жатамыз. Ал ай сайын облыстық филармония өткізетін кештерге белгілі-белгісіз себептермен ілінбей қалып жатамыз. Болмаса, филармонияға консерваторияны алғаш халық әні деген мамандықты дипломмен бітіріп келген түлектердің бірі біз едік. Филармонияда Еуропа мәдениетінен кіші симфониялық оркестр, камералық ансамбльдер концерт қойып жатады. Абыл Тарақұлы атындағы ұлт-аспаптар оркестрі мен «Ақжарма» фольклорлық ансамблі ай сайын концерт береді, бірақ қазір екеуінің де құрамында жоқпын. Филармония басшылығы ұсынған бірлі-жарым концерттерде бой көрсетіп жататынымыз бар. Сахнаға шықпай қалдым-ау деген өкініш жоқ болса да халықты сағынады екенсің. Концерттің орны бөлек, оны тоймен, жекелеген кештермен, отырыстармен салыстыруға келмейді. Өңірімізде танылған өнер майталмандары аға буын болып, бізге үлгі көрсетудің орнына, аяғымыздан шалып жатады. Ара-тұра тойға шығамыз. Бірақ той мен сахнаны салыстыру ақылға сыймайды. Осы өлкеде туып-өскен соң, ағайын-туыс, дос-жаран шақырып жатады. Қалың Адай елі барда домбыраның қадірі тойдан өше қоймайды.
- Бәлкім, дәстүрлі өнердің халі мүшкіл болуы көрермендердің талғамы төмендеуінен болар.
- Жыршылар конкурсында халық өнерге сусап, таңнан кешке дейін тапжылмай отырады. Домбырамен ән, терме, жыр айтатын әншілер үшін арнайы бағдарлама жасақтап, шынайы қызығатын көрермендерге хабарлау керек шығар. Бәлкім, концертті ұйымдастыруда форматты өзгертіп, жаңа леп әкелу керек шығар. Халық жырды тыңдамайды деген бос әңгіме, тыңдарманның талғамын төмендетіп жатқан – өзіміз. Мәдениет айналысында отырған басшылардың кесірінен шашын жалбыратып, жалт-жұлт еткен киіммен, қызылды-жасылды жылтыраққа халықты үйір қылған – өзіміз. Тарсылдаған жеңіл музыкамен бишілерді секіртіп, қалың жұртты алдап, арбап болдық. Сөйтіп жыр-термелер осындайлардың көлеңкесінде қалып қойып жүр, Әрине, биші, әншілердің еңбегін де жоққа шығармаймын, бірақ халық қызығатын дүние осы екен деп, жөн-жосықсыз төге берген де дұрыс емес. Халықтың классикалық өнерін де жаңаша бағытта дамытып, қызықтыратындай етіп ұсына білу керек. Көкейді ақша тескен жерде ұлттық өнер дамымайды.
- Ұлттық өнердің теперіш көріп жатқаны жан аярлықтай екен.
- Бірде мұғалімдер күні қарсаңында филармония директорына бардым. Ұйымдастырғалы жатқан концерттің нөмірлерін қарасам кілең дуэт, трио. Дәстүрлі ән айтатын жеке орындаушылар атымен жоқ. Себебін сұрасам: «Сендердің дәстүрлі өнерлеріңді кім тыңдайды? Халық әбден жалыққан» дейді. Сол жолы біздің дәстүрлі әншілеріміз біреуі баян, біреуі сылдырмақ ұстап алып, бір-біріне үйлеспейтін 4 дауыста тойдың әнін орындап шықты. Бұған, әрине, налисың. Облыстық телеарна түгілі, республикалық арналарда дәстүрлі ән насихатталмай тұр. Жазда дәстүрлі «Астана арқауы» түркі халықтарының фестиваліне қатысып келдім. Аз ғана өнер адамы мен жыр тыңдайтын қандастарымыздың төбесі көрінді. Ал фестивальге келген азаматтардың дені – шетелдік азаматтар. Біздің төл өнерімізді өз қазағымыздан гөрі шетелдік көп қызықтай ма деген ойға қалдым. Тағы да ұйымдастырудың төмендігі. Бір кем дүние.
- Отбасымен бірге өнерді қатар алып жүру қиын болмай ма?
- Мені білдей дирижердің «Женщина с ребенком» деп кекеткен кезі болды. Бұл тек маған айтылған кекесін емес, балалы ананың бәріне бірдей тіл тигізумен тең. Айтса, айта берсін. Баланы да туып, сахнада өнеріңді көрсетіп жүруге болады. Әрине, жоспарсыз кешкі концерттерге бара алмай жатамын. Өйткені 2-3 сағат қалғанда немесе сол күні кешке мына ресторанда билік өкілдері бастаған кеште өнер көрсет дейді. Ал ресми концерттерге белгісіз бір күштердің арқасында қатыса алмай жүрміз. Мен концерттерге ілікпей жүрмін деп өзімді-өзім ұсынатын деңгейге жетпеген едім ғой. Халық көшеде көре қалса, «Ақмарал, сахнадан көрінбей кеттің ғой» дейді, тіпті, таксистер де сахнадан алыстап кеттіңіз деп жатады. Түрлі республикалық байқаулар мен «Сегіз қырлы» телешоуының арқасында елге танылдық, әсіресе ел Жеті қайқының әндері арқылы қай ортаға барсам да танып жатады. Алғаш орындаушы ретінде Жеті қайқының бұған дейін жарыққа шықпаған әндерін иісі қазаққа таныттым. Бұдан дәстүрлі әнге деген құштарлық әлі өшпегенін, халықтың классикалық өнерге сусап жүргенін көруге болар еді. Шығармашылықпен айналыспай, сахнадан кететіндей жасымыз егде тартқан жоқ. Күш те, қайрат та, құдай берген өнер де бар. Егер оны насихаттамасақ, бізге сын.
- Сұхбатыңызға рахмет!
Сұхбаттасқан Айгүл ДӘДЕН