Астанада 15-18 тамыз күндері EXPO-2017 көрмесі аясында Маңғыстау облысының «Қарт Каспийден сәлем ал, ерке Есіл» атты мәдени күндері өтеді. Осы орайда ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Мақсат Сқақов мәдени шаралар туралы таныстырды, деп хабарлайды baq.kz ақпарат агенттігінің тілшісі. Мақсат Сқақовтың айтуынша, Маңғыстау облысы мәдени күндерінің ашылуы 15 тамыз күні ЭКСПО халықаралық көрмесінің амфитеатрында 21:30-да өтеді. Бұл шараға Маңғыстау облысы әкімі мен 350 маңғыстаулық өнерпаз қатысады. Айгүл Қосанова, Тамара Асар, Лұқпан Жолдасов, Камшат Жолдыбаева, Ғалымжан Жолдасбай секілді эстрада жұлдыздары өнер көрсетеді. «Астанадағы Маңғыстаудың мәдени күндеріне 600-ге жуық өнерпаз келді. Осы аз ғана уақытта 34-тен астам шара өтпек. 18 тамыз күні спорт мерекесінде үлкен чемпионаттар болады, жеңімпаздар қомақты сыйлықтармен марапатталмақ. Аспан астындағы музейден келген өнерпаздардың өнерін тамашалауға шақырамыз», - деді Мақсат Сқақов. 16 тамыз күні 19:00-де «Шабыт» шығармашылық сарайы Жамбыл Жабаев атындағы концерт залында ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауретаты, ақын Есенғали Раушановтың «Біздің елдің жылқысы кіл көкмойнақ» атты шығармашылық кеші өтеді. 17 тамыз күні этноауылда Маңғыстау өңірі қазақтың салт-дәстүрі мен ұлттық спорт жарыстары, әнші Тамара Асар мен «Жорға» би ансамблінің концерттік кеші өтеді. Қазанат ипподромында «Адай Ата» командасы мен Қазақстан ұлттық командасы арасында үлкен көкпар, сонымен қатар тоғызқұмалақ, теңге ілу, қазақ күресі, асық ату, қыз қуу, тазы салу секілді жарыстар өткізу жоспарланған. 18 тамыз күні «Қазақстан» спорт кешенінде «Ұлы Дала қырандары» жобасы аясында жекпе-жек өнерінен жарыстар өтеді. Жекпе-жекке Қазақстанның бес облысынан бөлек, Латвия, Украина, Хорватия, Өзбекстан, Польша елдерінен спортшылар қатысады. Сонымен бірге, дәл осы күні сағат 16:00-де М.Горький атындағы орыс драма театрының сахнасында Жантөрин атындағы Маңғыстау облыстық театры Әбіш Кекілбаевтың «Шыңырау» шығармасын қояды. Сонымен қатар, Астана концерт залында қылқалам шеберлерінің «Мың бояулы Маңғыстау» көрмесі, этноауылда 10 тамыз бен 20 тамыз аралығында қолөнершілердің жұмыстары Астана тұрғындары мен қонақтарына ұсынылады.
Дереккөз: Baq.kz